Әуейі мен әумесер

Әуейі мен әумесер

Киелі сахнаны кір–сатпақ сахнаға айналдыратын әнші–жұлдыздарды көрсем, жыным жар астынан шыға келеді. Біздің қалада Аузынбек Жыбырлатқышұлы кон­церт беріп жатқан. Кафеден достарыммен сыралатып шыққан бетім еді. Әртістер киі­нетін жаққа өтіп кетіппін. Аузынбек ішімдіктен сылқылдатып, денесін былқыл­датып, достарына әзіл айтқан болып, ыңқылдатып тұр екен. – Братан, автол бересің бе? – деп сұра­дым мен. – Жоқ, автобус беремін! – деп кекетті ол. – Мына параққа автол жазып бересің бе? – Автол емес, автограф! Кетші әрі, мал десе! Көңілім көн арасына түсіп қалды. Сыра ішсем де, дәл осы жұлдыздай жыртйып, тең­селіп тұрғаным жоқ. Ол сахнаға ән шыр­қауға, фонограммамен аузын жыбырлатуға шыққанда, артынан мен де ере шықтым. Ол мені көріп, қулыққа басты. –Құрметті көрермендер! Менің шәкір­тім Айдос Асылбаев екеуміздің «Түнгі қо­рыл» атты әнімізді қабыл алыңыздар! –Айдосты танымаймын, – дедім мен. – Айдос, баста! – Бастасаң, өзің баста! – Әннің басында қорылдайсың деймін. – Өзің қорылда. – Кешіріңіздер, – деді ол көрермендерге қарап, Осындай «прикольмен» бастаймыз. Бәрі сценарий бойынша ғой. – Жаның шықсын! Ішіп алып, есірткі пайдаланып, сахнада тұрсың. Бір ұрып, құла­тайын ба? – Айдос, саған не болды? – Мен Айдос емеспін деймін. Алтын­бекпін. – Ну что, Алтынбек? – Төбелесесің бе? – После концерт. – Жоқ, төбелес те, шоу! – дегенім сол, оның достары келіп, дырылдатып сүйреп әкетті. Кезінде «дзю-до»-ға қатысқаным жақсы болар ма, оларды «ұйықтатып», ауыздарына «соска» тығып, сахнаға қайта келдім. Жұлдызсымақ ән шырқап тұр екен. Арасында қорылдың дыбысын салып қояды. Осыған шапалақ ұрып отырған көреремендердің де көздері соқыр, бастары «қотыр» екен. –Төбелесесін бе? – деп сұрадым тағы. Ол ән айтып жатып: –О, шешең... Кетші әрі! –деп қояды. Әннің қайырмасы сияқты. Бір әнші сахнада көк тууымызды масқаралап, былапыт сөз­дер айтты емес пе? Тура сол сияқты мынау да. Ертең менен кешірім сұрап, құтылып кетпекші ғой. Тағы да екі жігіт келіп, мені қолтықтап, сахнадан дырылдатып сүйреп әкетті. Кө­рер­мендерге бәрібір сияқты. Дуылдатып, қол шапалақтады. Оларды екі жаққа ша­шып, сахнаға қайта шықтым. Әнші әнін аяқтап, иіліп жатыр екен. – Шапалақ, шапалақ! –деп айқайлады. Жұрт тым-тырыс. – Е, малдар, шапалақ қайда? –дегені сол, жетіп келіп, тұмсығынан бір ұрып, шалқасынан түсірдім. Ол шалқалап жатып: – Шапалақ, шапалақ! – деп қояды. Көрермендер осы жолы керемет шапалақ ұрды. Орындарынан тұрып. Екі жігіт мені емес, құлап жатқан әншіні дырылдата сүйреп бара жатты. Шынымды апйтайын, мен мұның бәрін мысал ретінде айтып жатырмын. Оллахи, білләхи. Өмірімде сыра ішіп көрген емеспін. Ал, сахнаға ішімдік ішіп, есірткі пайдаланып шығатын «жұлдыздар» көбейіп барады емес пе? «Ирина Кайратовна» тобының әншісі Азамат Маркленов пен Shiza–ның сахнаға ішімдік ішіп шығып, көк туды қорлағанын ұмыта қойған жоқпыз! Олардың келіндер сияқты иіліп, кешірім сұрағаны да керек емес. Жазаларын алуы тиіс. Келе–келе тайраңдаған, есірген әншілер сахнада ән айтып тұрып, жілік мүжитін шығар? Ойланыңдар, «шегіртке» мырзалар мен ханымдар!

Жатыпатар ЖАНЫС