Сізге бала керек пе?
Сізге бала керек пе?
Кеңкілдеп күліп жүрген кемпір табан астында мұңайып қалды. Өйткені, ауылдан қалаға келіп, базар аралап жүргенде, балалы болып қалды. Кешіріңіз, балалы болғанда былай, бір боянған келіншек қолына құндақтаулы баласын ұстата қойып: «Апа, ұстай тұрыңызшы, айн момент дәретханаға кіріп шығайын» деген. Содан күтіп тұрғанына екі сағат өтті. Келін­шекті крокодил жеп қойғандай. Қолтырауынды айтамыз да. Шақа­лақ бала жылап, кемпірден «мәме» сұрап, ығыр етті. Қысқасы, ападан маза кетті. – Апа, емізшеңізшіі? – деді бір келіншек. – Мә, өзің еміз, жаның ашыса! – Соска жоқ па, не? – Соска түгіл сайтан да жоқ! – Шешесі қайда? – Төрт сағат болды, әжетханада шәй ішіп отырған шығар! Қарап келші қарағым, өзін танымаймын да. Келіншек әжетханаға кіріп, қайта шықты. Иығын көтерді. – Енді қайттім? Қалаға келіп, бала туып алыпты дейтін болды ғой, ауылдағылар. – Апа, жасыңыз қаншада? – Жетпіс екіде. – Сізге кім сенеді? Одан да, полицияға өткізіңіз, мына баланы. – Жоға, келетін шығар? – Қашып кетті, мен білсем. – Көтек! Не дейді? Қашқаны несі? – Қазіргі жастардың кейбірі көкек ана. Тастайды да қашады. – Астапыралла, енді қайттім? – Бала ма, қыз ба, көрейікші? Ол құндақтаулы баланың жаялығын ашып көрді. – Ұл екен. Кез-келген адам алады ғой. Сатып жібере салайық? – деген ол апаның қолынан баланы сұраусыз алып, бір әйелге жақындады. Сыбырлай сөйледі. – Кешіңріңіз. Сізге бала керек пе? – Оны қайтейін? – Балалы болмасаңыз, балалы... – Аулақ жүр! Енді ол тағы бір әйелге жетіп барды. – Сізге бала керек емес пе? – Керек. – Жақсы болды, мына баланы... – Жоқ, өз балам керек. – Кешіріңіз... Осы кезде кемпір келіншектің қолынан баланы жұлып алды. – Әкел бері! Базарда бала сатқаны несі? О, көргенсіз! Кімсің өзің, кет ары! – Апа, сізге жаным ашып.. – Жаның ашымай-ақ қойсын! – Не істейсіз енді? – Ауылға апарамын. Атын Базарбай қоямын. Жақында босанған келінім емізеді. Келіншек керіліп, созылып, кетіп қалды. Кемпір күңкілдеп, аялдамаға беттеді. Мұны айтып отырғаным, осындай оқиғалар көбейіп кетті. Ойнастан туып алған баласын қоқысқа тастап кете беретін қыздардың бетін пышақпен тілсе, қан шықпайтын шығар? Шымкентте сәбиін қоқыс жәшігіне татсаған ана табылып, ол сотталып тынды. Қызылордада шала туылған шақалақ контейнер жанынан табылған. Атырауда сәбиін полэтиленге салып, тұншық­тырып өлтірген анаға іздеу жарияланды. Мұндай «жынды» жаңалықтарға құлағымыз үйреніп кеткендей... Былтыр бір жылдың ішінде еліміз бойынша он бір көкек аналардың қитұрқы әре­кеттері әшкереленген. Қазіргі жастар қайда бара жатыр? Олар көкек аналар. Олар үшін ағаш бұтақтарына «ұя салып» қою ке­рек. Сезімдерін езгендер, ар-ұяттан безгендер!

Марал РАМАН