М.Өтемісов атындағы университеттің мәжіліс залында «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Экология мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде қалдықтарды бөлек жинақтау және оны утилизациялау мәселесі және партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Орал қаласы мен аудандарда сұрыптау желілері бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу мәселелері көтерілді. Жиынға кеңес мүшелерінен бөлек жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллиннің мәлімдеуінше, облыс бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін 147 полигонның 2-еуі ғана (Орал және Ақсай қалаларында орналасқан) экологиялық санитарлық нормаға сай келеді. Орал қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 100 мың тоннадай қалдық өңдесе де, қазір полигонның 95 пайызы қатты тұрмыстық қалдықтарға толы. Соның салдарынан облыста тұрмыстық қалдықтардың 85,8 пайызы өңделмей, тұрғындарға зиян келтіріп жатыр. Жаңа полигон құрылысы – бүгінгі өзекті мәселелердің бірі. Отырыс соңында осы мәселелер бойынша жауапты мекемелерге сауал жолданып, мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобын құру жөнінде шешім қабылданды.
Бота МАРАТҚЫЗЫ