Байқоңырды қымбатшылық қысып тұр

Байқоңырды қымбатшылық қысып тұр

Жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласының бүгінгі тынысы көпшілікті алаңдатып тұр. Режимді жүйеде тұрмыс кешіп жатқан жұлдызды қалашықтың тұрғындары қымбатшылық қыспаққа алып тұрғанын айтуда. Жалпы, ғарышқа жол сал­ға­нына 60 жылдан асқан Байқоңырды 2050 жылға дейін Ресей жалға ал­ған. Байқоңырлық жамағат бұл ай­мақта тіршілік ету күн санап қиын­дап бара жатқанын алға тар­тады. Әсіресе коммуналдық төлем­нің бағасы аспандап тұрғанына алаң­дап отыр. Соның бірі –  қала тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев ға­рыш айлағының бүгінгі ахуалы қалыпты өмір сүруге қолайсыздық келтіріп отырғанын жеткізді. «Негізінен өзге өңірлерге қа­рағанда жұлдызды қалашықта өмір сүру деңгейі бір қалыпта емес. Ба­ғада тұрақсыздық көрініс тауып тұр. Айтар болсам, ауыз суға төлейтін төлемнің өзінде айырмашылық жер мен көктей. Нақты айтсам, біз­де ауыз судың өзіне әртүрлі та­рифтік баға қойылған. Яғни, ға­рыш айла­ғында тұрып, жұмыс іс­теп жатқан қазақтарға елде жоқ баға бекітілген. Ал Төретам мен Ақай халқының суға төлейтін төлемі мүлде бөлек. Нақты айтар болсам, Төретам, Ақай ауылдары­ның тұрғындары судың 1 кубына 30 теңгеден төлем жасаса, Байқо­ңыр қаласының қазақтары 1 кубқа 100 рубль, яғни 600 теңгеден төлеп отырмыз. Осыдан кейін айырма­шы­лығын бағамдай беріңіз. Нәти­жесінде, тиімсіз бағада төлем жа­сауға мәжбүр. Сол сияқты жа­рыққа төлейтін төлемде де дәл осындай жағдай көрініс тауып отыр. Ал мұны бақылап, реттейтін құ­зырлы орын әзірге бой көрсетер емес», –  деп түсіндірді бұл жайында Кең­шілік Күзенбаев. Қымбатшылық қыспағында тұрған Байқоңырдағы бұл ахуал әсіресе қазақтардың қалтасына ай­тарлықтай салмақ салып тұрғаны айтпаса да белгілі. Өйткені жұл­дызды қалашықта жұмыс істеп жатқан орыстардың айлық табысы анағұрлым жоғары. Сондықтан олар­ға коммуналдық төлемдегі баға айырмашылығының әсері сезіле қоймайды. Тұрғылықты ха­лық осылай деп мәлімдеді. Қала тұрғынының айтуынша, жұлдызды қалашықта ушығып тұр­ған мәселе жалғыз бұл емес. Тұр­ғылықты қазақтарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету мә­се­лесі де ақсап тұрғанын алға тартады. «Байқоңыр қаласында тазалық жұмыстарымен айналысып жүр­гендер өңкей қазақтар. Олардың жалақысын айтпағанның өзінде, мемлекет тарапынан ауыз толты­рып айтарлықтай шарапат көріп отырған жоқ. Көше тазалап жүрген қазақтардың дені бір баспанаға зә­ру. Қалада бір үйде бірнеше пәтер, тіп­ті тұтастай қаңырап бос тұрған үй­лер бар. Содан үйсіз жүр­гендерге бір пәтер бұйырмай тұр­ғаны қын­жылтады. Әзірге бір бас­паналы болсам деп шырылдап жүр­ген жұ­мысшылардың жанай­қайын естір құлақ табылмай тұр. Қаңырап бос тұрған үйдің өзін бермей отыр», –  деп мұңын шақты қала тұрғыны. Жергілікті жұртшылықтың сөзінше, жалдық сипаттағы қала­шықта газдандыру мәселесі де кө­­ңілдегідей емес. Сол сияқты білім, денсаулық саласында да түйіт­кілді мәселелер толып жатыр. Қалашықта зәулім білім ордасы салынғанымен, үш жылдан кейін ғана жұмысын бастаған. Ал іргесі қаланып, заманауи үлгіде бой тү­зеген балабақша балалар игілігіне бес жылдан кейін беріліпті. Сол сияқты жергілікті жұртшылық жұл­дызды қалашықта іргесі қа­ланған аурухана ғимаратының жұмысы да әлі күнге көңілден шықпай тұрғанын жеткізді. Негізінен бүгінде режимді жү­йедегі қалашыққа көрші елде қа­лыптасқан ахуалдың салқыны тиіп отыр. Қазіргі жағдайда жалға алу­шы мемлекет тарапынан жұлдызды қалашықтың шығыны шаш етек­тен болып тұрғанға ұқсайды. Со­ның салдарынан ғарыш айлағында тұрғылықты халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп кеткен. Жалпы, жыл басынан бері қа­лашықта ғарыш кемесін ұшыру жұ­мысы біршама азайды. Бай­қо­ңыр ғарыш айлағында ұзақ уақыт үзілістен кейін жуырда, маусым айының 3-і күні соңғы ұшырылым жасалды. Мәліметтерге сәйкес, мұны жазғы демалыс маусымымен байланыстырады. Ал келесі ұшы­ры­лымның нақты қай кезде жал­ғасатыны әзірге беймәлім күйде қалып тұр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы