Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінде такси қызметін ұсынатын отандық өнім жасау тиімсіз екенін мәлімдеді. «Қазір Қазақстанда «Яндекс» сияқты жоба жасау ұтымсыз. Есіңізде болса, біраз уақыт бұрын Didi такси қызметі іске қосылды. Алайда біздің нарықта қалған жоқ (биыл 4 наурызда Didi Қазақстан мен Ресейдегі жұмысын тоқтатты), Қытай қанша қаржы құйса да, «Яндекспен» бәсекелес бола алмады. Мұндай жобаға миллиардтаған доллар қажет, бұл – венчурлік инвесторлар айналысатын іс», – деді ведомство басшысы. Әлбетте, министрдің бұл мәлімдемесінен кейін қоғамның пікірі екіге жарылды. Талдап көрейік. «Яндекстің» жұмысы бақылануы тиіс Әлқиссаны такси жүргізушілерінің жанайқайынан бастайық. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Яндекс» қызметіне наразы жүргізушілердің қатары көбейді. Олар аталмыш компанияның жүргізуші табысынан ұстайтын комиссиясы көп екенін және соған сай қызмет көрсетпейтінін айтып шағымданды. Әлі күнге дейін «Яндекс» таксиге отырып, жүргізушілердің хал-жағдайын сұрай қалсаң, компанияға деген наразылығын айта жөнеледі. «Компания міндетін дұрыс атқармайды. Жұмысқа кірісер алдында жүргізушінің денсаулық жағдайын немесе көліктің техникалық жайын ешкім тексермейді. Қан қысымы көтеріліп тұрса да, көлік айдап жүретіндер бар. Бұл жүргізушінің өзі үшін де, салондағы адамдар үшін де қауіпті. Бірақ күнкөрістің қамымен уыстап дәрі ішіп алып, қызметін жалғастыра береді. Қауіпсіздік шараларын қадағалап жатқан да ешкім жоқ. Мәселен, такси жүргізушісі «көмек керек» деген тетікті басқанда компания шұғыл хабарласуы керек. Техникалық қолдау қызметі бар болғаны жаттанды хабарлама жібереді. Сол үшін оларға табысымыздан ай сайын комиссия төлейміз және онысы қымбат», – дейді Айбек есімді «Яндекс» жүргізушісі. Жүргізушілердің табысынан 21-23% комиссия ұсталғанымен, оларға зейнетақы, медсақтандыру төленбейді, ешқандай әлеуметтік төлем жасалмайды. Компания комиссиясынан бөлек жергілікті парктердің үлесін беру керек. Такси жүргізушілері орташа айлық жалақы табу үшін (бұл көрсеткіш биыл – 272 960 теңге) 14-15 сағаттан жұмыс істейді. «Айына таза табысымды 300-350 мыңға жеткізу үшін тәулігіне 14 сағаттан жұмыс істеймін. Өткен айда 453 мың теңге таптым, оның 95 мыңын «Яндекске» төледік, тағы 30 мыңын такси паркіне бердім, 330 мыңға жетпейтін сомасы қолыма тиді. Күніне 13-14 сағаттан жұмыс істеген соң, денсаулығым да кете бастады, кейде ұйқымыз қанбаса да, жұмысқа шығамыз. Оның үстіне, жолаушылардың да мінезі әртүрлі, ашушаң болып кеттім. Мемлекет бұл мәселені бақылауға алуы керек деп ойлаймын. «Яндекстің» отандық баламасы болса, жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркеліп, табысымның 3 пайызын салық есебінде төлеуге дайынмын. Ең болмағанда, Азаматтық-құқықтық негіздегі шарт бойынша 10 пайыз жеке табыс салығын төлейтін едік. Бүгін-ертең «Яндекс» сияқты отандық өнім жасай алмайтын күннің өзінде бұл компанияның біздің елдегі жұмысына билік тарапынан бақылау болуы керек қой. Әйтпесе, «Яндекс» білген бағасын қойып, қалаған комиссиясын алып отыр», – дейді Мұрат есімді жүргізуші. Бұл орайда такси жүргізушілері Мемлекет басшысына үндеу де жолдады: «Өз құқығымыз үшін «Яндекс» басшылығымен күресіп келеміз. Жұмыс жағдайын жақсарту туралы өтінішімізді компания басшылығы кейінге қалдырып келеді. Біз жұмысқа орналасқан кезде еңбек шарты жасалмайды. Қаптаған таксопарктердің бірімен Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасамыз. Бензинге, көліктерді жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын барлық шығын есепке алынбайды. Жұмыс кезінде жарақат алсақ, онда «Яндекс» емес, өзіміз кінәліміз». Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мұндай онлайн-платформаларда жұмыс істейтіндерге ешқандай аударым жасалмайтындықтан мемлекет ұсынатын әлеуметтік қорғаудан тыс қалып отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу мақсатында ведомство басшысы еліміздегі 8 негізгі платформаның операторларымен келіссөз жүргізгенін мәлімдеген еді. 1 шілдеден бастап пилоттық режимде әрбір платформаның ерекшелігіне сәйкес тексеру жүргізілмек. Министр дұрыс айта ма? Жүргізушілердің жанайқайы жиілеген сайын сарапшылар «Яндекске» бәсеке болатын отандық өнім керегін алға тартты. Бұл үшін мемлекеттен қолдау болуы тиіс, әйтпесе отандық серіктестіктер Қазақстан нарығына кірген шетелдік алпауыттардың тегеурініне төтеп бере алмайтыны айтылды. Сарапшылардың пікірінше, Қытай билігі өз нарығынан шетелдік Uber таксиін шығару үшін өзінің DiDi қызметін экономикалық, саясат тұрғысынан қолдаған. Бүгінде DiDi әлемнің 15 еліне таралып үлгерді. Мемлекет қолдау жасаса, шетелдік компанияларға бәсекелес болатын өнім жасауға болады, бар болғаны қаржыға таршылық жасамау керек. Онсыз да Қазақстанның қыруар ақшасы өзге елдердің такси компаниялары арқылы шетел асып жатыр. Отандық компанияларды қолдау осы жағдайдың алдын алуға тиімді болып қана қоймай, бюджетке түсетін салық көлемін де арттырады. Алайда министр Бағдат Мусин бүгінде такси қызметін ұсынатын отандық өнім жасау тиімсіз екенін мәлімдеді. Бұдан қоғамның пікірі екіге жарылды. Экономист-сарапшылар мемлекет қаржысына такси қызметін ұсынатын отандық өнім жасау тиімсіз дейді. Министрдің пікірін қолдап, мұндай өнім жасаумен жеке инвесторлар айналысу керегін алға тартады. «Бағдат Мусиннің сөзінің жаны бар. «Яндекс» сияқты жоба жасау үшін технологиялық стартап жобалар қажет және ол шын мәнінде нәтиже беретініне сенім болуы шарт. Сол кезде ғана мемлекет белгілі бір дәрежеде қаражат бөлуге дайын болады. Мәселен, Kaspi.kz ұжымы «Яндекс» сияқты жоба жасаймыз десе, Үкімет қолдайды деп ойлаймын. Сондай-ақ мұндай технологиялық жобаларға көп қаражат кетеді. Оған бір мемлекеттің ғана қаржылай демеу болғаны аздық етеді. Жеке секторды, инвесторларды тарту арқылы ғана инновациялық жоба жасауға болады. Ал мұндай инновациялық жобаны дайындап, жүзеге асыру үшін дайын команда керек. Онсыз мемлекет те, жеке инвесторлар да қаржылай қолдау көрсетуге құлықсыз болады. Өйткені миллиардтаған қаржы құйылған жоба такси қызметін ұсынатын бірқатар агрегатор сияқты бәсекеге қабілетсіз болып, құрдымға кетсе, ақшаның ауаға ұшқаны», – дейді экономист Мақсат Халық. Министрлік отандық өнімді қолдауы керек Бұл орайда ІТ мамандар министр тарапынан отандық өнім жасауға қашанда қолдау болу керегін айтады. Такси қызметін ұсынатын мобильдік қосымша жасау қиын емес және қаржылай қолдау болса, мұндай өнімді жасауға әркімнің бар таласы. «Қосымша жасаудың еш қиындығы жоқ. Әлемге танымал Uber, Amazon, Netflix сияқты платформалардың отандық баламасын жасауға ниеттеніп жүрген ІТ мамандар көп деп ойлаймын. Мәселе ІТ мамандардың қосымшаны жасап шығару мүмкіндігінде тұрған жоқ. Бағдат Мусиннің пікірімен келісетін тұсым, мемлекет коммерциялық жобаларды қолдауға міндетті емес. Дамыған елдердің бәрінде мұндай шаруамен жекелеген инвесторлар айналысады. Әйтсе де, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұндай жобалардың дамуына мұрындық болуы керек. ІТ саласындағы стартап экожүйесінің дамуына атсалысуы тиіс», – дейді ІТ маманы Тимур Бектұр. ІТ маманы Аршат Ораздың пікірінше, такси қызметін ұсынатын жоба жасаған кездегі негізгі шығын техникалық нәрселерге емес, такси бағасын ұстап тұруға кетеді. «Егер халықтық жоба болса, маркетинг шығындары да көп болмайды. Тұтынушы алдымен бағасына қарайды. Бастапқы кезеңде жеңілдік жасалып, ортадағы айырмашылықты жүргізушілерге такси иесі өзі төлейді. Бұл бизнеске кіруге қорқатындардың басты себебі сол. Яғни, «Яндекс» бағаны түсірсе, оның бәсекелесі де сол бағаға түсуі тиіс. «Яндекс» қазір монополист ретінде білгенін істеп отыр. Таксистерден алатын комиссиясы да үлкен. Бірақ нарықта бәсеке болуы керек. Сол кезде дамиды. Министрдің айтқан сөздері қисынсыз деп ойлаймын. Қазақстанның кей қалаларында «Яндекс» 1-нөмір емес. Отандық такси қызметтері басым. Мысалы, «Апару», «Жұлдыз» және т.б. Сондықтан отандық ІТ кәсіпкерлер министрдің демотивациясына берілмей, осы нарықты игеруді ойлауы қажет», – деді Аршат Ораз. Жолаушылар тасымалының жүйесі бұзылды Елімізде такси қызметін ұсынатын отандық Region компаниясы бар. 2011 жылы Қарағандыда таксометр жүйесі бойынша қызмет ұсына бастаған еліміздегі алғашқы компания (сол кездің өзінде мобильді қосымшасы болған). Бүгінде бұл мекеме 12 қалада қызмет көрсетеді. Аталмыш компанияның құрылтайшысы әрі директоры Андрей Каминскийден такси қызметін ұсынатын отандық компания құру жолында қандай кедергілер бар екенін сұрап көрдік. «2014 жылы Қазақстан нарығына InDriver қызметі кірді, оның кеңсесі де, арнайы таксопаркі де, штаттағы жұмысшылары да жоқ. Бар болғаны – мобильді қосымша, яғни жүргізуші мен тұтынушы баратын жердің бағасын өзара келісетін орта. Саудаласа алсаң, 10 шақырымға да 1000 теңге төлеуге келісе аласың. Бағытың бір болса, көлікке төрт адамға дейін отыра бересің. Әр қаланың жолаушылар тасымалдау ережесіне сәйкес, жол жүру құнының есептелу тәртібі бар: таксиді ұсыну жылдамдығы, баратын жерге дейінгі арақашықтық, күту уақыты. Ал InDriver бұл жүйені бұзды. Оған қоса, шағын қалаларда автобус парктері бар, олар қала ішінде немесе жақын маңдағы ауыл-аймаққа адам тасымалдайды. Бұл парктер мемлекеттен жолаушылар легіне субсидия алады, яғни адам тасымалы аз болған сайын бюджеттен бөлінетін қаражат көбейеді. Ал InDriver нарыққа кірген соң, қала сыртында тұратындар 3-4 адамнан бірігіп, такси жалдай салатын болды. Сөйтіп қоғамдық көлікке отыратын жолаушылар саны азайды, кейбір автобус парктері жабылып қалды. Ал мемлекет әлі күнге дейін тиімсіз маршруттарға қомақты субсидия беріп жатыр. Такси қызметін ұсынатын шетелдік мобильді қосымшалар жолаушыларды тасымалдау ережесіне сәйкес жұмыс істемейді. Қауіпсіздік талаптары да сақталмайды, жүргізуші мен тұтынушы арасында жанжал-төбелес жиіледі, олардың құқығын қорғап жатқан да ешкім жоқ. Үкімет, қала басшылығы бұл жүйені бақылауда ұстауы және біріздендіруі керек», – дейді Андрей Каминский. Отандық өнім бар, тек мемлекеттен қолдау керек Бүгінде Region қосымшасы бүкіл Қазақстан аумағына қолжетімді болу үшін жетілдіріліп жатыр. Қазір бұл командада 25 тәжірибелі бағдарламашы жұмыс істейді. Андрей Каминский карта, мекенжай каталогын сатып алуда, қол-қолма ақшасыз есеп айырысу жүйесін енгізуде қиындықтар бар екенін айтады. «Open street map, Map Box, 2GIS сияқты шетелдік компаниялармен серіктестік орнаттық. «Яндекстің» картографиясы мен мекенжай каталогын қолдану қызметін сатып ала алмадық, тым қымбат. Отандық картография жасайтын мекемелер жоқ. Сондай-ақ қолма-қол ақысыз жүйені енгізудің де өз қиындығы бар. Мәселен, жол ақысы компанияның есепшотына түседі делік, ол сомадан қызмет ұсынған мекеме 12% қосымша құн салығын және әр жүргізуші үшін 10% жеке табыс салығын төлейді. Яғни, жол ақысының 22 пайызын компания ұстайды, бұл кішкентай қала үшін өте қымбат. Еліміздегі банктерге ұсыныс жасадым, арнайы транзиттік шот ашып беруін сұрадым. Мәселен, Каспи арқылы адамдар бір-біріне ақша аударады, оған еш комиссия ұсталмайды. Жолаушы мен жүргізуші осы жүйенің негізінде есеп айырыса алса деген ұсыныс білдірдім, ешкім келіспеді. Мемлекеттен қолдау керек. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде де жұмыс істей аламыз. Заңсыз жұмыс істеп жатқан шетелдік компанияларды бақылауға алып, дұрыс бәсекелестікті қалыптастыру маңызды», – дейді ол. Шын мәнінде, такси қызметін ұсыну саласында отандық өнімдер бар. Astana Hub бизнес-бағдарламалар офисі директорының міндетін атқарушы Айгерім Жарқын бұл бағытта жұмыс істеп жатқан стартаптар бар екенін, алайда әр 10 стартаптың біреуі ғана өміршең болатынын айтады. Стартаптардың сәтті жүзеге аспауын оның нарықтағы қажеттілігінің болмауымен, қаражаттың тапшылығымен, бәсекелестікпен, команданың дұрыс құрылмауымен, бизнес-модельдің болмауымен байланыстырады маман. Әйелдер мен балаларды тасымалдайтын UvU.kz стартап-жобасының жетекшісі Мадияр Төлеуғали да бәсекеге қабілетті қосымша жасаудың еш қиындығы жоқ екенін айтады. «Біздің ұжымда «Яндекс», Amazon, Facebook компаниясында жұмыс істеген тәжірибелі ІТ-мамандар жұмыс істейді. Біз де тұтынушыларға қолайлы қосымша жасай аламыз. Алайда халық қауіпсіздік пен қолайлылық үшін ақша төлеуге дайын емес. Жолаушыға жылдам келетін, бағасы арзан такси керек. Осы екеуін қамтамасыз етсең, сұраныс артады. Алайда сапа мен қауіпсіздік мәселесін құрбан етесің, өйткені жүргізуші мейлінше көп тапсырыс алу үшін жылдам жұмыс істеуге тырысады. Жолаушыларда екі таңдау бар: бағасы арзан, сәйкесінше қауіпсіздігі орташа қызмет немесе қымбаттау, бірақ қауіпсіз сервис. Тұтынушылардың басым бөлігі алғашқысын таңдайтындықтан, масс-маркет категориясындағы агрегаторларға сұраныс жоғары. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет жүргізушілер мен жолаушылар үшін субсидия бөлуі керек, бұл – қомақты қаржы», – дейді Мадияр Төлеуғали.
Түйін: «Яндекс» карта, мекенжай каталогы, қол-қолма ақшасыз есеп айырысу жүйесін қолайлы етіп ұсына алғаны үшін сұраныста тұр. Бұл шаруамен айналысатын отандық жобалардың кеңге құлаш сермей алмауының себебі – осы тетіктердің жүйесіздігі. Алайда таразының екінші басында халықтың әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіздігі, қаржылық ахуалы тұр. Ендеше, өзіміздің өнімді жасау мемлекеттің ісі болмаса да, өзге елдің компанияларын біздегі заңға бағындырып, жөнге салу тікелей Үкіметтің шаруасы емес пе?
Айдана НҰРМҰХАН