Отандық медиа қолдауға зәру
Отандық медиа қолдауға зәру
© коллаж: Әсел Балтақызы
Кәсіби журналистердің қадірін билік пен халық «Қасіретті қаңтарда» білді. Себебі ахуалдың анық-қанығы туралы шынайы ақпаратты кәсіби ақпарат құралдары өкілдерінен ала алды. Сонымен бірге БАҚ-тың әлеуметтік желіде, мессенджерлерде қаулаған кейбір жалған ақпараттарға қарсы тұруға күші жетпейтіні анық аңғарылды. Ендеше сала ең алдымен қуатты қолдауды қажет етеді. Алғаш рет Президент Жолдауын БАҚ-қа арнады Елдегі саяси жаңғырулар ая­сында Президенттің тапсырма­сы­мен отандық БАҚ-тың бәсекеге қа­білетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін ны­ғайту шаралары қолға алынуда. Тиіс­ті тапсырманы Қ.Тоқаев биыл­ғы Жолдауында жүктеді. Ең бас­тысы, ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы шарт. Қит етсе, өткір сын айтса, қудалауға ілікпеуі тиіс. Бұл қағидат кез келген өркениетті ел үшін айрықша ма­ңыз­ды. Қазақстанда, өңірде және әлем­де болып жатқан үдерістер туралы журналистердің төл көзқарасы болуы қажет. «Еліміздің ақпараттық қауіп­сіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мем­лекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мә­селелерді көтеруге міндетті. Бі­рақ мұны жоғары азаматтық жауап­кершілікпен жасауы керек. Жур­на­листер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуы тиіс. БАҚ бекерден бекер «төртінші билік» атан­баса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қараған­да­рыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын», –  деп тұңғыш рет ел Президенті өз Жолдауында журналистерге жүгінді. Мемлекет басшысы мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ес­кере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды жүктеді. Қазақстан лидері журналистер рөлін жоғары бағалады: «тәуелсіз әрі жауап­керші­лігі жоғары БАҚ болмаса, қоғамды одан ары демократияландыру мүм­кін емес». Осы орайда Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігі бір емес, бірнеше заң жобасынан тұратын топ­таманы әзірледі. Арасында «БАҚ туралы» 1999 жылғы 23 шілде­де қабылданған қолданыстағы за­ң­ды түбегейлі ауыстыратын жаңа заң жобасы да бар. Әкімшілік кодексіне түзетулер енгізетін өзге заң жобасы ақпарат құралдары өкілдерінің сауалына жауап бермейтін, ашық өтуі тиіс жиналысты жауып тастауға әуес шенеуніктер үшін жаңа жаза түрін енгізбек. Құпия құмар шенділер жазаланады «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңында осы саланы реттейтін бір­қатар норма бар: сұрау салуға жауап бермеу (9-бап және 11-бап); сұрау салу бойынша ақпаратты уақытылы немесе толық ұсынбау (9-бап және 11-бап); ашық отырыстарға қол жет­кізуді шектеу (13-бап) және бас­қасы. Алайда осы баптардың талап­тарын бұзатын шенеуніктерге еш­қандай жаза қарастырылмаған. Соның кесірінен биліктегілер әлгі талаптардың бәрін ашықтан-ашық бұзады. Тіпті, журналистер соған ша­ғым­данып жүгінгеннің өзінде про­куратура іс аша бермейді. Проку­ра­тура органдары ақпаратқа қол жет­кізу құқығын заңсыз шектеу фак­тілері бойынша жеке және заң­ды тұлғалардың өтініштерін қара­май, оны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атына жолдай салады екен. Ал министрліктің ба­қылау-қадағалау, жазалау өкілет­тік­тері жоқ. «Министрлік атына жеке және заңды тұлғалардан меморгандардың іс-әрекетіне қатысты шағым жиі­ле­ді. Мәселен, егер 2020 жылы 2 ша­ғым ғана келсе, 2021 жылы 26-ға жетті. Арыздардың көпшілігі ақ­парат беруден бас тартуға, ресми сайтта өзекті ақпараттың болма­уына, журналистерді ашық отырыс­тар­ға жібермеуге қатысты. Ми­нистр­ліктің жанындағы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі ко­миссияның шешімдері ұсыным­дық сипатта ғана болады, салда­рынан, көбіне оны меморгандар орындамайды», –  деп түсініктеме берді ведомство. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, БАҚ шағымы негізінде 2016 жылы –  0; 2017 жылы –  1; 2018 жылы –  1; 2019 жылы –  6; 2020 жылы –  0; 2021 жылғы 9 айда –  4 әкімшілік іс ашы­лыпты. Алда бұл сан күрт өсуі ықти­мал: жаңа заң жобасы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының біраз бабы үшін әкімшілік жаза енгізбек. Жаңа заң қабылданса, мемор­гандар, мекемелер, квазимемлекет­тік сектор, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкер­ле­рі сайтта, электронды Үкіметте заң­мен талап етілетін ақпаратты орналастырмағаны, оны уақытылы және толық ұсынбағаны, сондай-ақ БАҚ сұрауына жауап бермегені үшін тәртіптік жаза сыртында, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Нақ­тылай кетсек, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға –  30 АЕК (биыл 91 890 теңге), орта кә­сіпкерлік субъектілеріне –  50 АЕК (153 150), ірі кәсіпкерлік ныса­нына 100 АЕК (306 300 теңге) айып­пұл салынуы мүмкін. Журналистердің адымын аш­тыр­майтын тағы бір кесел –  шенеу­ніктер мен әкімдердің кез келген ақпаратты құпияландырып жібере­тіні. Осы мақсатта құжаттарға оңды-солды «ҚБПҮ» (немесе ДСП, «Қызмет бабында пайдалану үшін») деген белгі соғады. Сөйтіп, БАҚ пен қоғамды қызықтыратын мәлімет­терге қол жеткізуін шектейді. Мәліметтерді таратылуы шек­тел­ген қызметтік ақпаратқа жатқызу тәртібі заң деңгейінде бекітілмеген, ол Үкімет қарауына табысталған. Сондай-ақ ҚБПҮ-ге жатқызудың нақты критерийлері, мерзімдері жоқ. Содан билік ойына келгенін істейді. Мысалы, БҚО әкімдігінің ҚБПҮ-ға жататын мәліметтер тіз­бесі –  6, ал Жамбыл облысы әкім­дігінде 72 позициядан тұрады. Оқу-ағарту, Энергетика, Сауда және интеграция министрліктері, Қара­ғанды, Қостанай және басқа облыс­тардың әкімдіктері осы төрт әріпке тым ынтық екені әшкереленді. Жа­ңа заң жобасында ақпаратты шектеудің бұл схемасына шектеу қойылмақ. ҚБПҮ грифінің қол­даныс мерзімі, ҚБПҮ-ға жатқызу критерийлерінің толық тізбесі бекітіледі. БАҚ емес, БКҚ бола ма? Тапсырманы орындау үшін Ақ­парат және қоғамдық даму минис­трінің бұйрығымен 26 мамырда жұмыс тобы құрылды. Оған 2022 жыл­ғы желтоқсанның соңына дейін медиа заңнаманы жетілдіруге ба­ғытталған заңнамалық түзетулерді әзірлеу жүктелген. Оның таяудағы оты­рысында жаңа заң жобаларына қа­тысты тезистер ұсынылды. «ЮрИнфо» компаниясы бас ди­рек­торының орынбасары, құқық­тану­шы Игорь Лоскутовтың байла­мын­ша, құптайтын да, сынайтын да мә­селе жетерлік. «Айталық, БАҚ орнына «бұқа­ралық коммуникация құралдары» деген ұғымды енгізу ұсынылып отыр. Меніңше, бұл жарамсыз. БКҚ (орысша СМК) деп жағымсыз есті­леді. Сонымен бірге ақпарат құ­рал­дары –  құқықтық қатынастардың субъектісі де, объектісі де. Ал интер­нет-ресурстар субъект бола алмады, олар тек әралуан құқықтық қаты­настардың объектісі ғана. Қолда­ныстағы заңнамада телекоммуни­кацияға не жататыны нақты ай­тыл­ған. Олардың бәрі құралдар, жеке және заңды тұлғаларға қатысы жоқ. Ендеше, басқа атау іздеген жөн», –  деді Игорь Лоскутов. БКҚ құрамына дәстүрлі ақпарат құралдарына қоса, блогерлерді, юту­берлерді енгізу көзделген. Бло­гер анықтамасы енгізіледі, олардың құқықтары, міндеттері белгіленеді. Олар мемлекеттен грант алушылар қатарына қосылады. Олар өз қызме­тін қаржыландыру көздерін, ақырғы бенефициарлары туралы ақпаратты ашуға міндеттеледі. Әйткенмен, журналистерді аккредиттеудің жаңа жүйесі оларға таралмайды. Сарапшының пайымдауынша, жаңа заңда журналистердің, бло­гер­лердің жауапкершілігі күшейтіледі, олар ақпаратты жарияламас бұрын оның ақиқаттылығын тексеруге міндеттеледі. Бірақ құжатта ақпарат құралдары өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары пысықталмаған. Жаза мен жауап­кер­шілікті ғана арттырып, журна­лис­тердің әлеуметтік қорғалуына мән берілмесе, отандық дәстүрлі, кәсіби журналистика жойылып кетуі де ғажап емес. Онда 28 маусым –  БАҚ қызметкерлерінің күні емес, қаптаған блогерлердің ғана мере­кесіне айналмақ.