Тілшілер ақпарат көзін тексермейді – Марат Әсіпов
Тілшілер ақпарат көзін тексермейді  – Марат Әсіпов
454
оқылды
Белгілі журналист, Ratel.kz сайтының негізін қалаушылардың бірі Марат Әсіпов «қазіргі журналистердің қателігі –  ақпарат көзін тексеріп, анықтамайды» дейді. Оның айтуынша, тілшілердің көпшілігі ақпараттың нақтылығын зерттей бермейді. –  Геннадий Бендицкий атындағы қор құруға сізге не түрткі болды? Достық әрекетіңіз бе? Әлде журналистік саланы сақтап қалғыңыз келді ме? –  Геннадий өмірден өткен соң оның «Беспредел» атты кітабын шығармақ болдық. Кітапқа оның «Вре­мя» газеті мен Ratel.kz сайтында шыққан материал­дарын жинақтадық. Сол кезде марқұмның атынан қор ашу ойымызға келді. Бірақ сол уақытта жан-жақты тергеп-тексерулер, тінтулер болып жатты. Біраз құжат пен архивтер тәркіленді. Оның бәрі екі жылдан кейін қайтарылды. Оның үстіне, компьютер мен дискілер бүлінген, оларды ретке келтіру де уақытты алды. Ratel.kz жабылып, соттасып, әбігерге түстік. Әу басында сайт Генаның атында еді. Қазасынан кейін мұрасы ретінде отбасына өтті. Қазір сайттың жұмысы қайта жанданып, аяғымызға тұрып келеміз. Сөйтіп, қор ашуды қолға алдық. Ең әуелі марқұмның жазған дүниесін, мұрасын елге жеткізгіміз келді. Кітаптың ішінде аты аталып, көрсетілген біраз бел­гілі адамдар қазір Қаңтар оқиғасына байланысты тер­геліп жатыр. Жағдайдың осыған ұласатынын мар­құм болжаған. Мысалы, Харгостағы жағдай немесе Арыс­тағы жарылыс, терроршылардың лагері барын да сол айтты. Осыны көтеруді жөн санап, ел-жұрт білуі тиіс деп есептедік. Ал үкімет енді не істейтінін ойла­нуына түрткі болады. Біріншіден, достығымыз бен жыл­дар бойы әріптестігіміздің де себепкерлігі бар. Екіншіден, қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік мәселелер де жетерлік. Оған қоса, журналистің қалай жұмыс істеу керегін көрсеткіміз келді. Соған орай түрлі тренингтер, конференциялар ұйымдастырып отырмыз. –  Елімізде қандай да бір істі тексеру, зерттеу тоқтап қалған секілді. Зерттеу материалдардың арқасында жауаптылар жазаланып, әділеттілік орнайтын еді. Қазір мұның бәрі жоғалып бара жатқандай. Қалай ойлайсыз? –  Қаңтар оқиғасынан кейін бұл жанр қайта тіріле бастағандай. Өзгеріске ұшыраған шығар, бірақ жур­налистік зерттеу тоқтамады. Ақпаратты беру формасы өзгерді. Қазір тендерді бақылайды, біреудің өмірбая­нын анықтап, елге белгісіз тұстарын ашуға көшті. Әрине, біреуге жеңіл көрінуі мүмкін. Бір сөйлемде, біреудің тағдыры тұрғанын ұмытпау керек. Осының бәрін анықтап, өз аяғымызбен тексеріп, журналис­тиканы тірілткен жөн. Оқырманға Гена несімен қы­зықты болды дейсіз бе? Оның әр материалы адамның тағдырымен байланысты еді. Мысалы, адам өлтіргені үшін әділетсіз 20 жылға айыпталған біреудің жазықсыз екенін дәлелдеп шықты. Ол байғұс түрмеден шыға­тынынан үміті үзіліп, үш жыл отырған еді. Мұнда адам тағдыры ғана емес, құқық қорғау саласының ішкі қи­тұрқысын көрсетеді. Соны қалай дұрыс істеу керегін көрсетуіміз керек. Аз да болса ашық жаза бастады. Бастамасы жаман емес, біз бұған түбінде келеміз. –  Біздің журналистерге не жетіспейді? Кәсіби журналист болу үшін не керек? –  Журналист кез келген ақпаратқа күмәнмен қарап, нақтылығын тексеру керек. Тіпті, жақын досы немесе сенімді адамың айтса да, бұл ақпарат көзіне күмәнданған жөн. Біздегі қателік –  осы. Айтқан адамның ақпаратын тексермейді. Оның сөзіне шаң жуытпайды. Одан қалса, журналистер жиында «жұрт айтады» деген желеумен, негізсіз сұрақтар қояды. Соған өздері көзсіз сенеді де. Бірақ бұл дәлел емес қой. Сенімді адамның сөзін тексеріп, оған негіз табылмаса, уақыт керек шығар. Мүмкін бұл фактілер кейінірек пайдаңа жарар. Оның үстіне, өтірік ақпарат тарат­қандар жауапкершілік сезінуден қалды. Мысалы, істі болған бұрынғы министрді өз-өзіне қол салды деп жариялайды. Ал жарты сағаттан кейін ол ақпарат фейк деп шығады. Бұл –  жауапсыздық. Бұдан әуелі басылым мен журналистің абыройына нұқсан келеді. Оқыр­манның сенімін жоғалтады. –  БАҚ-тың құқығын қорғайтын заң бар ма? –  Журналистерге ешқандай заң керек емес. Заңды жүйелеп қарасаңыз, кылмыстық кодекс, адам құқығын қорғау, жеке өміріне қолсұғушылық дегендей баптарға сүйене отырып, өз құқығын қорғауға болады. Сондық­тан Қазақстандағы БАҚ заңын реттеудің қажеті бар ма, жоқ па, білмеймін. –  Сіз мерзімді басылымда, ақпараттық порталда да, телеарнада да жұмыс істедіңіз. Таңдау сізде болса, қайсысын дамытар едіңіз? –  Нарықтағы бағытқа қарай ұстанар едім. Өйткені қазір газет-журнал шығарудың шығыны шашетектен және оның соңы көрінбейді. Басылымға жазылып, әр санын жібермей оқитындар –  орта буын өкілі. Онда да жаппай бәрі оқымайды. Ал жас ұрпақ смартфонмен дүниеге келгендей, олар газет-журнал қарамайды. Ал интернет басылымнан қашып құтыла алмаймыз. Бә­рібір осыған келіп жатырмыз. –  Қазақша сөйлейсіз бе? Қандайда бір материалды қазақ тілінде жаздыңыз ба? –  Үй ішімізде, өз ортамда барынша қазақша сөй­леуге тырысамын. Тіпті, бір-екі рет лекциямды қазақ­ша өткізіп көрдім. Өкінішке қарай, қазақ тілінде ойымды жетік жеткізе алмаймын. Өз-өзімнен қысы­лып, бірдеңені дұрыс айтпағандай болдым. Содан лекция­ларымды орысша өткіземін. Мақаланы да орыс тілінде жазамын. Ауызекі тілде, тұрмыста қазақша сөй­легенім болмаса, жазу-сызуға жоқпын. Меніңше, үй ішінде қазақша сөйлеу қазақ тілін үйренуге аздық етеді. You tube арналарын қазақшалау керек. Өскелең ұр­пақтың көретіні де, іздейтіні де сол арна. Олар қазақша сайраса, ұрпағымыз да қазақша сөйлейтін болады. –  Әңгімеңізге рақмет!