Түбі бір түркі жұрты бас қосты
Түбі бір түркі жұрты бас қосты
Кеше елордада бауырлас түркі елдерінің білім және ғылым саласының басшылары жиналды. Түркі академия­сы ғылыми кеңесінің V отырысы аясын­да олар білім және ғылым саласындағы ынтымақтас­тық­тың басым бағыттарын айқындады. Сон­дай-ақ Ахмет Бай­тұрсын­ұлы­ның 150 жылдығына орай­ластырылған ғы­лыми конференцияға қатысты. Жиында академия басшысы Дархан Қыдырәлі былтыр атқарылған жұмыстардың есебін беріп, 2022 жылдың жұмыс жоспары­мен таныстырды. Басқосу барысында Түркия тарапы Халықаралық Түркі академиясы ғылыми кеңесінің төрағалық міндетін Қазақстанға табыстады. Кеңес төрағалығын қабылдап алған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алдағы уақытта түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту жолында аянбай еңбек ететінін айтты.
–  Бұл –  біз үшін үлкен жауапкершілік, өте маңызды оқиға. Неге десеңіздер, қазір елімізде ауқымды реформа басталып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» атты үлкен стратегиялық жоспармен өзгерістерді бастады. Осы айдың басында елімізде референдум өтті. Қазір Конституциямыз түбегейлі өзгерді. Біз өз еліміздің жаңа бір кезеңіне көшіп отырмыз. Сондықтан халқымыздың тарихы, ішкі идеологиясы және тарихымыздың жаңадан құрылып, жаңаша сөйлеуі өте маңызды, –  деді Саясат Нұрбек.
Тарихи жиынға Түркі мемлекеттер ұйымы­ның Бас хатшысы Бағдат Әмреев, Халық­аралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Респуб­ликасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов және Ғылым және жоғарғы білім ми­нистрі Саясат Нұрбек, Қырғыз Респуб­ликасының Білім және ғылым министрі Алмазбек Бейшен­алиев, Әзербайжан, Қырғыз Респуб­ликасының, Мажарстан, Өзбекстан елдері­нің Қазақстан­дағы елшілері мен Түркия елшілігінің өкіл­дері қатысты. тарихи жиын Ортақ тарих –  ортақ оқулық Сондай-ақ ғылыми кеңесте түркі әлемі­нің ортақ оқулықтары, атап айтқанда «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтары бойынша ат­қарылған жұмыс қорытын­дыланды. Бауыр­лас елдер арасындағы білім саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған оқулықтар түркі елдері мемлекет басшы­ларының қатысуымен өткен саммитте беріл­ген тапсырмаға сәйкес басталған еді.

–  Уақыт өткен сайын түркі елдері арасын­дағы ынтымақтастық артып келеді. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің Ыстанбұлда өткен кездесуінде айтқандай, түркі әлемінің геосаяси әлеуетін дұрыс қолдануымыз керек. Осы мақсатта түркі елдері арасындағы білім және ғылым саласының интеграциясы аса маңызды. Осы шеңберде Халықаралық Түркі академиясы бірқатар жұмыс атқарды. Үш жыл бойы Білім және ғылым министрі ретінде осы бастама­ларды қолдап келемін. Алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігінде де бұл жобалар жалғасын табады, –  деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Бұған дейін оқулықтар Қазақстан, Әзербайжан, Түркия елдерінде факультатив пән ретінде оқытылып келген. Енді Қырғыз Республикасы да мақұлдап, бұл үдеріске қосылды. Оқулықты оқушыларға насихаттау, бағдарламасын жетілдіру мәселелерін Білім министрлері мойнына алады. Әр елдің оқу бағдарламасына қарай бұл пәндер арнайы пән ретінде бекітіліп, 7-8-сыныптарда оқытылады. Оқулықтардың тілі жеңіл, әртүрлі картамен және суреттермен безендірілген. Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бұл жоба бірнеше жылдан бері қолға алынған. Келешекте Түркі академиясы ортақ пәндер аясында мектеп оқушылары үшін халық­аралық олимпиадалар өткізуді де жоспарлап отыр. Сонымен қатар жалпы халыққа, жоғары оқу орындарына арналған түркі әлемі жайлы кітаптар мен энциклопедия дайындалып жатыр.
–  Бұл басқосу Түркі академиясына мүше мемлекеттердің тарихи жиыны деп айтуға болады. Өйткені бірнеше маңызды шешім қабылданды. Ең бастысы, төрағалық Қазақстанға өтті, екіншісі –  бақылаушы мемлекет ретінде Өзбекстан алғаш рет қатысты. Үшіншісі –  Түркі академиясының мерейтойлық кестесі мен жұмыс жоспары бекітілді. Осы мақсатта біз ғылыми жоба­ларымыздың аясын кеңейтеміз. Әзербайжан тарапының ұсынысы бойынша бүкіл түркі әлеміндегі ғылым-білім сала­сындағы ынты­мақ­тастықты бір салада жүргізу. Яғни, Түркі академиясының мектеп пен университеттен Ғылым академиясына, ғылыми зерттеу орталықтарына дейінгі зерттеу жұмыстарын үйлестіру. Негізгі жаңа­лық­тардың бірі –  ортақ оқулықтарымыздың мақұлдануы,–  деді Дархан Қыдырәлі.
Ежелгі түркі халықтарының XV ғасырға дейінгі тарихын қамтитын «Ортақ түркі тарихы» оқулығы 7 бөлімнен тұрады. Онда түбі бір түркі халықтарының егжей-тегжейлі та­рихы баяндалған. Ал «Түркі әлемі гео­графиясы» атты оқулықтың мазмұны жалпы түркі әлемінің географиялық бейнесін қалыптастыруға, түркілердің географиялық түсініктері мен идеяларын зерттеуге, сондай-ақ тәуелсіз түркі елдерінің географиясын зерделеуге бағытталған. «Ортақ түрк әдебиеті» оқулығы оқушыларға түркі әдебиетінің ерте кезеңінен бастап қазіргі ұлттық әдебиеттері негізінде ортақ түркі әдебиеті мен ортақ мәдени құндылықтар туралы түсінік беруге арналған. жиын
–  Халықаралық Түркі академиясы жұмысының көпсалалы болғанына ризамыз. Әсіресе, түркі әлеміне ортақ оқулықтардың дайындалғаны құптарлық. «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтарын әзірлеуге біздің елдің сарапшылары да белсене атсалысты. 2019 жылдан бастап осы оқулықтар Әзербайжандағы 151 мектепте факультатив пән ретінде 8-сыныптарда оқытылады. Әр оқу жылында 14 мыңнан астам оқушы түркі әлемінің ортақ тарихын меңгеріп жатыр, –  дейді Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев.
Жиын барысында бауырлас елдер бір­ауыз­дан келесі жылы Түркі академиясының ғылыми кеңесінің VI отырысын Қырғыз Республикасында өткізетін болып шешті. Сонымен қатар Өзбекстан республикасының Халықаралық ұйымға ресми түрде бақы­лаушы мәртебесіне ие болуына орай, елордадағы академия ғимараты алдында Өзбекстанның мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді. Ұлт ұстазын ұлықтады Дәл осы күні Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған кон­ференция Назарбаев университетінде өтіп, Халықаралық Түркі академиясы әзір­леген «Түркістан –  түрк елі» энциклопедиясы, «Түркі әлемінің тұғыр­лы тұлғалары» және «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітап­тарының тұсауы кесілді. «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабы қазақ және ағылшын тілінде жарық көрді. Аталған жинаққа Ахаңның 50 жасқа толған мерейтойында жасалған тарихи баяндамалар мен замандастарының, ізбасарлары мен бүгінгі буын зерттеушілерінің мазмұнды мақалалары топтастырылған. Ал «Түркістан –  Түрк елі» екі томдық энцик­лопедиясы түркі әлемінің аса кең мағынаға, тамырлы тарихқа ие атажұрты Түркістан ұғымына, түркі өркениеті мен халықтарының құндылық­тарына, сонымен бірге түркі әлемінің киелі бесігі көне Түркістан қаласына арналған. «Түрк әлемінің тұғырлы тұлғалары» атты ғылыми-танымдық жинаққа ежелгі заманнан ортағасыр кезеңіне дейінгі түркі өркениеті мен тарихында айрықша із қалдырған тегеурінді тұлғалардың қызметі мен тұлғалық қырын айшықтайтын ғұмыр­намалық деректер енген. Жинақ үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде, ежелгі заманнан XIII ғасырға дейін, екінші бөлімде XIII ғасырдан XIX ғасырға дейін, үшінші бөлімде XIX-XX ғасырлардағы тұлғаларға арналған. Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемі кеңістігінде әйгілі түрколог, Алаш қайраткері А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту туралы шешім қабылдады.