Қызылордада күннің қатты ысуы салдарынан қаланың бірқатар бөлігі жарықсыз қалды. Қазір өңірде күннің қатты ысуы байқалып отыр. Салдарынан кеше, 24 маусымда кешке қарай KEGOC компаниясының қосалқы станциясындағы 35 кВ әуе желісінде жүктеме күрт көбейді. Сымдар бойы қызып кеткендіктен үзіліп, апаттық ағытулар көрініс берді.
«Осыған байланысты Тасбөгет, Сәулет, Бәйтерек шағын аудандарында электр жарығын беру уақытша тоқтатылды. Облыс орталығында жаңа тұрғын үйлер көптеп салынуда. Ол электр желісіне түсетін жүктеменің жыл санап артуына себепкер болып отыр. Нақты айтсақ, 100 үйге есептелген электр қондырғысы қазір шамамен 300 үйді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қалалық электр желісі жарты ғасырдан астам уақыттан бері халыққа қызмет жасап келеді. Аталған электр желілері қайта жаңғыртуды қажет етеді», - деді облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Абай Тағыберген.Оның айтуынша, «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесінің қызметкерлері апаттық жағдайды қалпына келтіру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде электр энергиясы қалпына келтірілді.