Былтыр Алматы қаласы маңында құлаған ұшақ апатына әлі де тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді Bek Air компаниясы ұшақ соғылған үйдің иесін сотқа берді, – деп хабарлайды «Хабар 24». Bek Air компаниясы үй иесі Решет Қалибекке «заңсыз жер алып, үй салды» деген айып тағып отыр.
Алматы облысының тұрғыны Решет Қалибек: «Мен ол жерді 2014 жылы Өмірғазиева Гүлнәр есімді азаматтан сатып алдым. Ортада делдал болды. Ерсін есімді. Ол жердің барлық құжаттары заңды болды, басыма аударылды, ХҚКО-ға барып менің атыма тіркеді. Мен сол кезде сол адамдардан сұрадым. Үй салуға бола ма мына жерге? Үй салуға арналған жер ме дегенде, олардың жауабы: бұл әкімшіліктің жері, үй салуға болады, үйіңізді сала беріңіз деген жауап айтты. Сол 2014 жылдан бері маған біреу келіп сен заңсыз үй салып алдың деп айтқан емес. Одан кейін көршілерімде үйлерін салып кіре бастады», – дейді.Ұшақ апатынан кейін Талғар ауданының әкімі «үйдің құрылысын қалпына келтіріп береміз» деп уәде берген. Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанкелді Өмірәлиев: «Бұл жағдай бойынша қазір коммиссия жұмыс істеп жатыр. Сол коммиссияның шешіміне байланысты жаңағы қорытындылар шығады. Ал ол кісінің жерге құжаты бар менің білуімше. Бірақ құрылысқа бізге келіп ешқандай құжат өткізбеген. Арнайы коммиссия өтемақы төленуі тиіс деген шешім шығарса, біз барлық шығындарды өтеп береміз», – дейді. Сот 21 ақпанға белгіленген.