6 ақпан елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтан қаласы азаматтық бастамалар орталығының жаңа кеңсесінің жұмысымен танысты. Орталық Қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында құрылды. Аталған жобаны «КАМЕДА» қоғамдық қоры іске асырды. Орталықтың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Онда тренинг залы, шеберлік-кластарға арналған бөлме, ҮЕҰ өкілдері үшін жұмыс кабинеттері бар. Қоғамдық бірлестіктер үшін өтеусіз негізде әлеуметтік іс-шаралар өткізуге зал ұсынылады. Орталықтың басты міндеті – азаматтық бастамаларды, әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдар жұмысын қолдау. Бұл мекемеде қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне әдістемелік, консультациялық көмек көрсететін болады. Орталық елордалық ҮЕҰ өкілдері тарапынан түсетін өтінімдер санын арттыруды көздейді. Сондай-ақ мекеме үкіметтік емес ұйымдарға жобаларды қаржыландыру мен рәсімдеуге қолдау көрсету үшін гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты алуға жәрдемдеседі. Орталықты аралау кезінде Бақтияр Мәкен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін жағдай жасаудың маңызды екенін атап өтті. «Орталық үкіметтік емес ұйымдардың дамуы мен нығаюына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елорда тұрғындарының қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелеріне бейжай қарамауына септігін тигізеді. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша жыл сайын біз өзекті жобаның саны мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемін ұлғайтатын боламыз», – деді әкім орынбасары. Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан