Мүмкіндігі шектеулі жандар мұңын шақты
Мүмкіндігі шектеулі жандар мұңын шақты
Nur Otan партиясының Республи­калық қоғамдық қа­былдау бөл­ме­сінде Еңбек және ха­лықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов азаматтарды қабыл­дады. Қабылдауда мүмкіндігі шек­­теулі жандарды әлеуметтік қам­­сыздандыру, мүгедектерге әлеу­­мет­тік және медициналық қыз­мет­терді ұсыну мен жақсарту туралы ұсы­ныстар айтылды.  Алматы қаласының тұрғыны, І топ мүгедегі Данияр Ахметжанов рес­пуб­ликалық маңызы бар мәселені көтерді. Ол Алматы қаласындағы «Инватаксидің» жұмысына шағымданды. Оның сөзін­ше, «Инватакси» провайдерлері авто­көлік құралдарын жеке мақсаттары үшін пайдаланады әрі мүгедектерге авто­мобиль бермейді екен. Бұл мәселе бойынша Данияр Алматы қаласының тұрғындарын әлеуметтік қорғау бөліміне бірнеше рет жүгінгенін айтты.

– Таксиге алдын ала тапсырыс беру мүмкін емес. Біз оны қажет кезінде пай­далана алмасақ, мұндай қызметті неліктен ұсынады? – дейді ол.

Бұл «Инватаксидің» Алматыдағы жұмысына қатысты жасалып отырған бірінші шағым емес. Көпшілігі мүгедек­терге жаңа көліктерде жүру қауіпті екенін алға тартады. Кейбір машиналарда еденде колясканы ұстап тұратын және оны кабинаның айналасында арба жол бермейтін материалдар жоқ. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігі мен тұтқалары жоқ көліктер бар. Соған қарамастан биыл «Инватаксиге» 112,7 миллион теңге бөлінген. Қабылдауға Ақмола облысынан келген Оралсын Хауази зейнетақы төлемдері мәселесі бойынша көмекке жүгінді. Алматы облысынан тікелей байланысқа шыққан Айдана Жанатбеккызы борыш­тық міндеттемелерді есептен шығару туралы Президент Жарлығының орын­далмағанын айтып шағымданды. Ал Атырау облысынан хабарласқан Берік Жақсыбаев мүгедектікке қатысты бірқатар мәселені тілге тиек етіп, сауалдарын жолдады. Кездесуде түркістандық Дүйсенәлі Жүсіпов мүгедектерді әлеуметтік қам­сыздандыру мәселесі туралы сөз қоз­ғады. Ол Түркістан облысындағы мүге­дектерді әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларының орындалмай жат­қа­нын айтып, бұл мәселені ерекше назарға алу керек екенін жеткізді. Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар Шығыс Қазақстан, Қара­ған­ды, Қызылорда облыстарынан да бей­небайланыс арқылы тікелей бай­ла­нысқа шықты. Кездесу соңында түйт­кілді мәселелер бақылауға алынып, әрқай­сы­сына жеке түсініктеме берілді.   Әбілмансұр ЖАСАН