Жыл сайын Bolashaq қауымдастығының бастамасымен еліміздің орта арнаулы білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында «Біздің біліміміз – біздің елге» республикалық акциясы өтеді. Бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан жобаның мақсаты – оқушылар үшін пайдалы сабақтар мен дәрістер өткізу, тәжірибемен бөлісу. Бұл жолы да «Біздің біліміміз – біздің елге» жобасы аясында Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері және «Болашақ» бағдарламасының түлектері №54 мектеп-лицейінде оқушылармен кездесіп, мансаптық бағдарлау бойынша дәріс оқыды. Іс-шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қолдауымен өтті. Шара кезінде өмірлік маңызы жоғары шешім – мамандық таңдауды ойлап жүрген балалар шетелдік және отандық білім ордалары ұсынып отырған мүмкіндіктер аясымен танысты. Сонымен қатар дәрісте өзін-өзі жетілдіру, өзіндік ізденіс, аталған бағдарламаның ерекшелігі мен оған қатысу шарттары және әңгімелеу ережесі туралы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Дәріске 10 спикер қатысты. Олардың арасында Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова, Bolashaq қауымдастығының мүшесі, бизнес-орталықтың басшысы Ұлықбек Киманов, Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтының PhD докторы Зульфия Сүлейменова, ИИДМ жанындағы «Мемсараптама» РМК бас директорының орынбасары Талант Омарбеков және т.б. бар. Президенттік кадрлық резервінің мүшелері және «Болашақ» бағдарламасының түлектері өздерінің кәсіби жолдары мен мамандықты дұрыс таңдау, сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы айтты. Жиын соңында дәріс оқушылар талапкерлердің барлық сауалына жауап беріп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Айта кетейік, «Еріктілер» жылында Bolashaq қауымдастығы Президенттік кадрлық резервінің мүшелерімен бірлесіп, Қазақстан бойынша жастардың кәсіби жолын таңдауға көмектесіп, алған білімдерімен және тәжірибиесімен бөлісуді жоспарлап отыр. Жоба тұрақты негізде жүзеге асырылады. Президенттік кадрлық резервінің мақсаты – жастар үшін ашық әрі тиімді саты құру. Оның құрамына әртүрлі кәсіпті меңгерген 300 жас, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасының 92 түлегі енді. Абылайхан ЖҰМАШ