Мәжіліс журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысын жариялап, арнаулы аталымдар бойынша жеңімпаздарды марапаттады. Құрамында Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдар өкілдері кіретін комиссия шешімі бойынша осы жылы жеңімпаздар жеті аталым бойынша сайысқа түсті. Биыл парламенттік сыйлық алтыншы рет тапсырылып отыр. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары, сондай-ақ барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, бүгінде Мәжіліс жұмысы ашықтыққа негізделгенін атап өтті.
– Президент бастаған Жаңа Қазақстанның басты принципі де – ашықтық. Біз оны жақсы түсінеміз. Ал ашықтық пен жариялылықтың негізі ол, әрине – бұқаралық ақпарат құралдары. Халық пен билік арасындағы көпір сіздерсіздер. Бұл – жауапкершілігі мол, бірақ абыройлы міндет, – деді Палата Спикері.Іс-шарада «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Абай Отар, «Время» газетінің тілшісі Тоғжан Ғани, «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясын Аstana телеарнасының тілшісі Яна Гладкова, «Хабар 24» телеарнасынан Назерке Сұлтанқұлова иеленді. Ал «Үздік бейне-сурет материалы үшін» номинациясы Qazaqstan телеарнасынан Советхан Жағиевқа, Informburo.kz мультимедиялық, ақпараттық-сараптамалық порталының фотографы Герард Ставрианидиге табысталды. Сонымен қатар «Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясын Tengrinews.kz инернет ресурсының тілшісі Мейірім Смайыл, «Қазақ радиолары» ЖШС-ның «Парламент сағаты» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Алмас Байдрахманов, Baq.kz ақпараттық агенттігінен Ержан Жаубай иеленді. «Арнайы репортаж» номинациясы бойынша «Еуразия» бірінші арнасынан Гульфариза Рамазанова, «Азаттық рухы» ақпараттық агенттігінің тілшісі Гринько Кристина, Қазақстан Президенті Телерадиокешенінің режиссері Сәуле Көмекбаева марапатталды. «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы «Айқын» газетінің бас редакторы Аманкелді Құрметке, «ТДК – 42» арнасынан Әселім Әбілдиноваға берілді. Сондай-ақ «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы номинациясы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен «31 арнаға» табысталды. Жеңімпаздар номинация атауы мен аты-жөндері жазылған мүсіншемен және арнайы дипломмен марапатталды. Айта кету керек, «Парламент сөзі» сыйлығының иегерлеріне арналған мүсіншенің дизайны өзгертілді. Жаңа мүсін мөлдір әйнектен жасалған. Бұл Мәжілістің ашықтығын және мұнда қабылданатын барлық шешімнің жариялылығын білдіреді. Журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығында 2016 жылдан бері 69 лауреаттың есімі анықталды. Биыл 7 номинация бойынша тағы 16 жеңімпаз марапатталды.