Дағдарыс орталығы әр өңірге қажет
Дағдарыс орталығы әр өңірге қажет
538
оқылды
Кейде тұрмыста зорлық-зомбылық көрген әйелдердің барар жері, басар тауы болмағандықтан ғана амалсыз тиран күйеулерімен бірге тұруға мәж­бүр. Бүгінде өңірлерде осындай шарасыз күйге түскен қыз-келіншектер мен олардың балаларына көмек көрсетіп, бас сауғалар уақытша мекен ұсы­натын арнайы орталықтар ашылып жатыр. Бұл жайлы «AMANAT» пар­тиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойын­ша республикалық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды. «AMANAT» партиясы жанындағы От­басы және халықты әлеуметтік қорғау мә­селелері бойынша республикалық қо­ғам­дық кеңестің төрағасы Динара Зә­кие­ваның айтуынша, партияның «Өзгерістер жо­лы: әр азаматқа – лайықты өмір» атты сай­лауалды бағдарламасын жүзеге асыру жө­ніндегі жол картасында 2025 жылға дейін барлық өңірде отбасын қолдау, отба­сы­лық кикілжіңдерді шешу және әйелдер мен балаларды уақытша панамен қам­та­ма­сыз етумен айналысатын 234 орталық ашылады деп жоспарланған. Соның 45-і биыл ашылады. – Мемлекет басшысы әйелдер мен ба­­­­лаларға кешенді көмек көрсететін осын­дай орталықтар ашудың маңызын атап өтті. Мұндай орталықтар әлеуметтік ахуалдың дұрысталып, азаматтардың қиын жағдайлардан шығуында үлкен мән­ге ие, осылайша тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын тиімді құрал болып отыр, – деп түсіндірді ол. Қазір қазақстандық отбасы­лар­дың жар­тысына жуығы қолдауға зәру: 1 145 100 отбасы – дағдарыс жағдайында, 1 592 600 отбасы – экстремал жағдайда, 910 100 отбасы қанағаттанарлықсыз жағ­дайда өмір сүріп жатыр. Кеңес төрағасы жоғарыдағы санат­тар­ға жататын барлық отбасына кешенді кө­мек, әлеуметтік оңалту және ақпарат­тан­дыру жолында қолдау керек екенін, сон­дықтан арнайы орталықтар әрбір ау­данда қолжетімді болуға тиіс екенін, олар жұ­мысқа орналастыру, құжат жасау және АӘК алуда көмек көрсетуі қажеттігін жет­кізді. ІІМ дерегіне сүйенсек, тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерінің 60 пайыз­дан астамы әл-ауқаттың төмендігіне бай­ланысты. – Сол себепті осы орталықтарда отба­сы­лық кикілжіңдерді шешуге ықпалдасу, психологиялық, құқықтық көмек көрсету, уа­қытша баспанаға орналастыру қарас­тырылған. Тәжірибе көрсеткендей, уақы­тылы көмек көрсету отбасын дағдарыс­тан шығарып, зорлық-зомбылықтың тоқ­тауына септеседі, – деді Динара Зәкиева. Ресми деректер бойынша, соңғы жыл­дары 2015-2017 жылдармен салыстырғанда от­басылық-тұрмыстық қатынастар са­ла­сында жасалатын қылмыстық істер 2,1 есе кө­бейген. Оған қоса, әкімшілік құқық­бұзу­шылықтар саны да өскен. – Әрине, бұл көрсеткіштерге қарап, ар­найы органдарға жүгінетіндер саны да арт­қанын байқауға болады. Бірақ соған қа­рамастан, бұл бізде проблеманың бар еке­нін көрсетіп тұр. Бізде жылына 78 мың­ға жуық қор­ғау нұсқамасы шығары­ла­ды, шамамен 10 мың құ­қықбұзушының тәр­тібіне қатысты ерек­­­­­ше талаптар бекі­ті­леді, – деп нақ­ты­ла­ды кеңес төрағасы. ІІМ ақпараты бойынша, 2021 жылы от­басылық-тұрмыстық қатынастар са­ласында 53 334, яғни күніне 146 әкімшілік құқықбұзушылық жасалған, 81 мың, яғни күніне 221 қорғау нұсқамасы шығарылған. Биыл полиция қызметкерлері 26 мыңнан аса қорғау нұсқамасын шығарды. Өткен жылы полиция органдары 7 мыңнан аса әйелді, яғни күніне 19 әйелді дағдарыс орталықтарына жіберген. Осы жылдың өзінде полицейлер қиын жағдайға тап бол­ған 2 700-ден аса әйелді дағ­дарыс орта­лығына бағыттады. Онда да бұлар – по­ли­цияға жүгінуге батылы жет­кендері ғана. – Бұл көрсеткіштер отбасын қолдау ор­талықтарының қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бірақ кейбір өңір­лер­дің неге мұндай орталықтарды қажетсін­бей­тіні түсініксіз. Олардың әрбір ауданда бол­ғаны неліктен маңызды? Ауылдық жер­де тұратын әйелдердің 4-5 сағаттық қашықтықтағы облыс орталығына баруы үшін қаржылық та, физикалық та мүмкін­дігі жоқ, полицияға жүгінуге де қорқады, оған қоса көмек сұрап қайда жүгінуге бо­латынын білмейді, яғни мұндай мәселе жөнінде ақпараттанбаған. Орталық жа­қын болған сайын соғұрлым уақытылы кө­мек көрсету мүмкіндігі де жоғары бола­ды, – деді ол. Атап айтсақ, отбасын қолдау орта­лық­тарын ашуды Алматы, Жамбыл, Қара­ған­ды, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақ­стан, Павлодар, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қа­лалары қажетсінбей отыр. Динара Зәкие­ваның пікірінше, жергілікті билік­тің осындай позициясы түсінбестік туғы­зады. Отырыс қорытындысы бойынша мем­лекеттік органдар үшін нақты ұсыныстар әзірленді: мұндай орталықтар ашу жос­пар­ланбаған облыстарда оны құру қажет­тілігі мәселесі мұқият тексерілуі керек. Сондай-ақ Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Абай, Шы­ғыс Қазақстан, Маңғыстау және Сол­түстік Қазақстан облыстарында ашылатын орталықтар уақытша тұруға арналған тө­сек-орынмен жабдықталуға тиіс. Одан бө­лек, Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігі Жастар және отбасы ісі жө­ніндегі комитетті Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің бас­қаруы­на беру мүмкіндігін қарастыруы қажет.

Азат ҚАЗАҚ