Газет үшін мұздай суға түскен жан
Газет үшін мұздай суға түскен жан
Журналистер күні қарсанында бір топ әріптес бас қостық. Осы жиында Балқаш қаласынан арнайы келген «Орталық Қазақстан» газетінің сол аймақтағы тілшісі Нұрдос Кәрім айтқан оқиға елең еткізді. Әңгіме Күләш Сардарбек апай туралы болды. Ол кісі жанын шүберекке түйіп газет үшін суға түскен екен. «Мұны өзі іргетасын қалаған қалалық өлкетану музейінде өткен кездесуде аузынан естіп сүйсініп, ол кісіге деген құрметім бұрынғыдан бетер артып, мар­қайдым. Қазақтың жоқшысына айналған өлкетанушының өне­гелі ісіне, биік өресіне таңдай қақтым. 70-жылдардың ішінде, жер-жерден музейге жәдігер жинап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген шағы екен. Архивтен хабарласып, құбыр жарылып, құнды дүниелер суға кеткенін мәлімдейді. Архив адамы «Сіз­дерге газет керек пе?» деп теле­фон тұтқасының ар жағынан күрсінеді. Мұны ести сала қыс айы болса да үстіне іліккен киімді кие салып, архивке құстай ұшып барады. Барса әлгі архив сақтал­ған мекеменің жертөлесін су ба­сып кетіпті. Судың бетінде «Бал­қаш жұмысшысы» газеттері қал­қып жүрген көрінеді. Оны көрген бойда сырт киімімен кеудесінен келетін суға қойып кетіп, су бетіне қалқып шыққан газеттерді жинап алып шығады. Латын қар­пімен басылған газеттерді қолты­ғына қыса салып, музейге келе­ді», – дейді Нұрдос Кәрім.. Ол уақытта музей мен қала­лық архив арасы біраз жер. Және айналасында пана болар қазіргі­дей көк тіреген көпқабатты үйлер де жоқ. Аяз қарып, жел кеуле­геніне қарамастан музейге жете­ді. Музейге кіргенде суға малшынған киімі қақиып, мұз болып кеуде тұсына дейін қатып қалған. Оны елеген Күлекең жоқ. Газет архивін аман сақтап қалғанына, құнды жәдігерді әкелгеніне мәз екен. Мұражай­дағы жұрт Күләш апайдың киімін түгелдей сыпырып алып, сондағы бар құрғақ шүберекпен денесін орап, аяғын ыстық суға салып, ыстық шайларын беріп әрең жылытып алыпты. Музей қыз­мет­керлері болса, әлгі газеттердің үстіне қағаз қойып үтіктеп, жайып кептіріпті. Кейін газетті тігіп, жәдігер ретінде музей төріне қойыпты. Биыл 90 толатын «Балқаш өңірі» газетінің сол көне тігіндісі әлі күн­ге мұражайда сақтаулы тұр. Латын әліпбиімен басылған газет басқа жерлерде сақталмаған екен. «Сол мезетте Күләш апай суға түсіп, газетті сақтап қалмағанда байырғы басылым «Балқаш жұ­мыс­шысын» біз көрмес едік. Қай­сар жанның ерлігі демей кө­ріңіз. Міне, біздің тұтас тарихы­мызды суға түсіп сақтап қалған қазыналы қариямыз бүгін 85 жасқа келіп отыр. Белгілі тарих­шы, өлкетанушы, руханият жана­шыры Күләш Ыбыжан­қызы­мен біз мақтанамыз. Өйт­кені ол кісі ұлты үшін отқа да, суға да түскен қаламгер», – дейді әріптесіміз.

Қарағанды қаласы