Журналистер күні қарсанында бір топ әріптес бас қостық. Осы жиында Балқаш қаласынан арнайы келген «Орталық Қазақстан» газетінің сол аймақтағы тілшісі Нұрдос Кәрім айтқан оқиға елең еткізді. Әңгіме Күләш Сардарбек апай туралы болды. Ол кісі жанын шүберекке түйіп газет үшін суға түскен екен. «Мұны өзі іргетасын қалаған қалалық өлкетану музейінде өткен кездесуде аузынан естіп сүйсініп, ол кісіге деген құрметім бұрынғыдан бетер артып, марқайдым. Қазақтың жоқшысына айналған өлкетанушының өнегелі ісіне, биік өресіне таңдай қақтым. 70-жылдардың ішінде, жер-жерден музейге жәдігер жинап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген шағы екен. Архивтен хабарласып, құбыр жарылып, құнды дүниелер суға кеткенін мәлімдейді. Архив адамы «Сіздерге газет керек пе?» деп телефон тұтқасының ар жағынан күрсінеді. Мұны ести сала қыс айы болса да үстіне іліккен киімді кие салып, архивке құстай ұшып барады. Барса әлгі архив сақталған мекеменің жертөлесін су басып кетіпті. Судың бетінде «Балқаш жұмысшысы» газеттері қалқып жүрген көрінеді. Оны көрген бойда сырт киімімен кеудесінен келетін суға қойып кетіп, су бетіне қалқып шыққан газеттерді жинап алып шығады. Латын қарпімен басылған газеттерді қолтығына қыса салып, музейге келеді», – дейді Нұрдос Кәрім.. Ол уақытта музей мен қалалық архив арасы біраз жер. Және айналасында пана болар қазіргідей көк тіреген көпқабатты үйлер де жоқ. Аяз қарып, жел кеулегеніне қарамастан музейге жетеді. Музейге кіргенде суға малшынған киімі қақиып, мұз болып кеуде тұсына дейін қатып қалған. Оны елеген Күлекең жоқ. Газет архивін аман сақтап қалғанына, құнды жәдігерді әкелгеніне мәз екен. Мұражайдағы жұрт Күләш апайдың киімін түгелдей сыпырып алып, сондағы бар құрғақ шүберекпен денесін орап, аяғын ыстық суға салып, ыстық шайларын беріп әрең жылытып алыпты. Музей қызметкерлері болса, әлгі газеттердің үстіне қағаз қойып үтіктеп, жайып кептіріпті. Кейін газетті тігіп, жәдігер ретінде музей төріне қойыпты. Биыл 90 толатын «Балқаш өңірі» газетінің сол көне тігіндісі әлі күнге мұражайда сақтаулы тұр. Латын әліпбиімен басылған газет басқа жерлерде сақталмаған екен. «Сол мезетте Күләш апай суға түсіп, газетті сақтап қалмағанда байырғы басылым «Балқаш жұмысшысын» біз көрмес едік. Қайсар жанның ерлігі демей көріңіз. Міне, біздің тұтас тарихымызды суға түсіп сақтап қалған қазыналы қариямыз бүгін 85 жасқа келіп отыр. Белгілі тарихшы, өлкетанушы, руханият жанашыры Күләш Ыбыжанқызымен біз мақтанамыз. Өйткені ол кісі ұлты үшін отқа да, суға да түскен қаламгер», – дейді әріптесіміз.
Қарағанды қаласы