Батыс елдерінің санкциясына іліккен Ресей арқылы қазақтың қара алтынын жаһандық нарыққа тасымалдау барған сайын күрделенді. Он күндей бұрын Мәскеу КТК құбыры арқылы келетін Қазақстан мұнайын Новороссийск портымен Еуропаға жөнелтуді доғарды. Ресми себеп – порт айналасынан жетпіс жеті жыл бұрын аяқталған Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі миналар табылған. Қазақстандық мұнай экспорты ай соңына дейін тоқтатылды, ұзауы да ықтимал. Қазақстан баламалы жолдарды іздейді. Ол қандай жолдар? Онымен шикізат тасу ұтымды да, әлде шығынды ма? Батыстық сарапшылар, Германияның жетекші Deutsche Welle басылымы секілді ақпарат құралдары Ресейдің бұл қадамын «Қазақстанды достыққа көндіру операциясы» деп бағалады. Олардың пікірінше, мұның бәрі Қазақстанның Кремль құрып жатқан квазимемлекеттік аумақтарды тәуелсіз республика ретінде мойындамауына жауап-мыс. Бұған түсініктеме берген Энергетика министрі Б.Ақшолақов Каспий құбыр консорциумы айналасындағы ахуалдың халықаралық геосаяси дауылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бас энергетиктің сендіруінше, ресейлік тарап Новороссийск портының айналасы, теңіз түбі тексерілетінін ПМЭФ-2022 форумына дейін, 13 маусымда хабардар етті.
«Тиісінше, Парламентте олардың тереңдікте жұмыстарды бастамас бұрын теңіз түбін тазалау жұмыстарына кіріскелі жатқанын жеткізгенмін. Өкінішке қарай, ол маңда Екінші әлемдік соғыс заманынан қалған жарылғыш заттар жетерлік. Менің түсініктемем 16 маусымда, бейсенбіде шықты. Консорциуммен апта басынан дайындалдық. Құбыр арқылы шикізат тасымалының күрт қысқаруы қазақстандық мұнай экспортына көп зиян тигізбейді. Себебі бізде осы құбырмен өнімін айдайтындардың бірі – Қашаған кен орны 15 шілдеге дейін жөндеуге жабылды. Мұнай жөнелтуге еш ықпал етпейді», – деді министр Болат Ақшолақов.Негізі, кейбір ақпарат құралдары жазғандай, КТК мұнай айдауды толық тоқтатқан жоқ. Әзірге Новороссийскідегі үшінші жылжымалы айлақтық құрылғы (ВПУ) жұмыс істеп тұр. Теңіз түбін тазалау жұмыстары аяқталғанша алғашқы екеуі арқылы ғана қазақстандық қара алтынды қабылдау тыйылған. Энергетика министрі Б.Ақшолақов ресейлік әріптестеріне сілтеме жасап, ол жұмыстар 25 маусымға дейін жалғасады деп болжаған еді. Алайда одан бері үш күн өтті, мұнай қабылдау сол бойы толық көлемде іске қосылмады. Жалпы, көршінің осы портының қызметі тек биылдың өзінде осымен үшінші рет тоқтатылып отыр. Салдарынан соған тәуелді КТК құбыр жүйесінің жұмысына нұқсан келіп жатыр. КТК ТМД көлемінде энергетика саласындағы ең ірі бірлескен жоба саналады. Қазақстандағы Теңіз кен орнынан бастау алатын құбыр Новороссийск теңіз айлағына дейін 1 511 шақырымға созылып жатыр. Оның арқасында Ресей жел сайын бірнеше миллиард доллар табыс табады. Өз кезегінде Қазақстан жаһандық нарыққа жыл сайын бүкіл экспорттық қара алтынының үштен екісінен астамын дәл осы құбыр арқылы жөнелтеді. Яғни, Каспийде орналасқан кен орындарының экспорты соған қатты тәуелді. Бұл ретте құбыр арқылы тасылатын ресейлік мұнай Батыстың санкциясына ілікті. Осыдан кейін Қазақстан еуропалық нарықта шектеуге ілікпеу үшін өз мұнайының Urals сұрыпының атауын KEBCO деп өзгертті. Әйтпесе, Urals атауы әлемге негізінен Ресей маркасы ретінде белгілі. КТК-ның Новороссийскідегі теңіз терминалы 3 жылжымалы айлақтық құрылғымен жабдықталған, солардың көмегімен құбырмен жеткен мұнай жағалаудан айтарлықтай қашықтықта танкер-кемелерге қауіпсіз толтырылады. Каспий құбыр консорциумының 19%-ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына, 1,75%-ы – Kazakhstan Pipeline Ventures LLC-ге, 24%-ы – ресейлік «Транснефть»-ке, 7,5%-ы Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited-ке тиесілі. Қалған үлестерге шетелдік инвесторлар ие. Иран бағыты қызықты әрі қомақты Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы Қазақстан жалпы көлемі 85,88 млн тонна мұнай өндіріпті. Оның 67,5 млн тоннасын шетелге экспорттаған. Энергетика министрлігі биылғы мұнай өндірісі болжамын 87,5 млн тоннадан 85,7 млн тоннаға дейін – 1,8 млн тоннаға азайтты. Қазір Қазақстанның бүкіл мұнайының 94%-ы Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Күндердің бірінде көрші бұған тосқауыл қойып тастаса, ел бюджетінің жартысына жуығын толтырып отырған сала дағдармақ. Сондықтан ел Үкіметі сала мамандарын тартып, бұл істе РФ-ға тәуелділіктен кетудің жолдарын іздеуде. Оның үстіне, санкциялар және әскери тәуекелдер кесірінен Ресей аумағы арқылы тасымалданатын қазақтың қара алтыны жеңілдік-дисконтпен сатылады. Қынжылтарлығы сол, терең теңіздер мен алып мұхиттарға шыға алмай, құрлықта қысылған Қазақстан үшін балама тым аз. Қытай, Орталық Азия, соның ішінде Ауғанстан арқылы жаһандық нарыққа шығу тым күрделі, тосыннан туындауы әрі түйіні тарқатылмауы мүмкін проблемасы көп. Нәтижесінде, Каспий қалады. Ол арқылы Әзербайжанға шығып, одан ары Грузияға, Қара теңізге, Түркияға және Еуропаға құлаш ұруға болады. Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, Ақтау порты арқылы бүгінде небәрі 2 миллион тонна қара алтын тасымалданады.
«Бұл көлемді қазірден кем дегенде 5 миллион тоннаға дейін арттыруға болады. Қуаты жетеді. Ал Ақтау айлағындағы реконструкциялау жобалары аяқталған соң оның мұнай құю қуаты 12,5 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Қашаған мұнайының қожайындары, нақтылай кетсем, CNPC мен KMG Kashagan B.V. биылғы қазаннан бастап, қара алтынды Ақтау порты арқылы жөнелтуді жоспарлап отыр. Таяуда олардың техникалық мамандарының делегациялары Ақтау айлағында болып қайтты. Келіссөздер қорытындысында отандық порт арқылы қашағандық мұнайдың алғашқы партиясы қазанда әлемге жол тартады деген уағдаластыққа келген. Әйтсе де, көлемі және ары қарайғы маршруты белгісіз, пысықталып жатыр», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.Иран бағыты бір жағынан Каспий айдынына, екінші жағынан Орталық Азия аумағына байланысты. Түрікменстан жері арқылы теміржол көлігімен Иранға, одан ары танкерлермен Парсы Шығанағына, Азия алпауыттарына шығуға болады. Бұл бағыттың дамуына Президент Қ.Тоқаевтың 19 маусымда Тегеранға ресми сапары тың серпін берді. Бұл жерде Иранның да Батыс санкциялары салынған ел екенін ұмытпаған жөн: АҚШ оның мұнайын сатып алуға эмбарго енгізген. Дегенмен қазақ мұнайын Иран порттарына жеткізудің қажеті болмайды: алмастыру схемасы қолданылмақ. Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директорының дерегінше, Қазақстан лидерінің таяудағы Иранға сапарынан соң алмастыру схемасы бойынша шикізатты транскаспийлік бағдармен тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазақстан Иран арқылы своп-жеткізілімдерді 2011 жылға дейін жүзеге асырғаны белгілі: жылына 2-3 миллион тонна жөнелтілетін. Бұл әдіске сәйкес, қазақ мұнайы Ақтау порты арқылы танкерлермен ирандық Нека портына апарылады. Одан ары құрлықпен ирандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Соның орнына Парсы шығанағы елдеріне Қазақстан атынан сонша көлемдегі ирандық мұнай сатылады. Нека терминалы Тебриздегі және Тегерандағы МӨЗ-дермен құбырмен байланыстырылған. Ол магистралдың өткізу қуаты күніне 370 мың баррель, мұны 500 мың баррельге дейін кеңейтуге мүмкіндік бар. Бұл жылына шамамен 25 миллион тоннадай. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл – Ресейді айналып өтетін тамаша баламалы жол. Бұл бағыттың кемшілігі сол, Қазақстанда Каспий арқылы әрлі-берлі үздіксіз жүздіретін алып кеме-танкерлері жоқ. Қолдағысының бәрі – шетелдік, ресейлік. Көршілерге де ден қойсақ қайтеді? Бұдан бөлек, ірі Қытай бағыты қалады. Қазір Атасу–Алашанькоу мұнай құбыры арқылы шың еліне Қазақстаннан тек 1 миллион тоннасы ғана жеткізіледі. Қалған 10 миллион тоннасы ресейлік мұнаймен толтырылатын көрінеді. Бірақ Атасу–Алашанькоудың қуаты жылына 20 миллион тоннаға дейін барады. Ендеше ҚХР-ға жөнелтілімді Қазақстан тағы 9 миллион тоннаға өсіре алады. Бұл бағыттағы гәп – мұнай бағасы. Жұңғо елі қара алтынды аса арзанға алуға құмар. Мұның сыртында шығыс көршіге жеткізілімді күрт көбейту үшін құбырға жеткізілетін мұнай көлемін де еселеп арттыру қажет болады. Ол үшін Атасуға дейінгі теміржолды қатты жүктеуге тура келмек. Бұл ретте Кеңқияқ–Атырау телімінің өткізу қуаты тым шектелген: онымен еліміздің батысындағы кен орындарынан республикамыздың оңтүстігіне жылына бар-жоғы 6 миллион тонна ғана мұнай тасуға мүмкіндік бар, оның үлкен бөлігі Шымкент мұнай өңдеу зауыты алып қояды. Мамандардың дерегінше, тағы 3-5 млн тонна шикі мұнайды Қытайға қарай құбырмен емес, тікелей теміржолмен Достық – Алашанькоу және Алтынкөл – Қорғас шекаралық өтпелері арқылы тасымалдауға болады. Бірақ қазақ-қытай шекарасында жүк жиі кептеліп, тұрып қалады. Батыс әлемімен сауда-саттығының еселеп өсуіне байланысты ҚХР-дың ішкі теміржол желісі шектен тыс жүктелген. Ауыртпалықты азайту үшін Бейжің ірі партиялы жүктерді шектейді. Әрине, Орталық Азия да қазақ елінен қара алтын сатып алып тұрады. Соның ішінде өзбек бағыты салмақтырақ. Әйткенмен өзге маршруттермен салыстырғанда, мардымсыз әрі азаюда: Өзбекстан былтыр бізден бар-жоғы 50 мың тонна мұнай алды. 2020 жылы 459 мың тоннасын арбалаған еді. Құмкөл мұнайының негізгі бөлігі құбырлар жүйесімен Шағыр стансасына жетеді, ары қарай өзбектердің Ахунбабаев стансасына – Ферғана МӨЗ-іне жөнелтіледі. Бұл бағыт та шектеулі: Шағыр стансасындағы теміржол терминалының жыл сайынғы өткізу қуаты 1,1 мон тонна ғана. Бұған қоса, Қызылорда өңірінде барланған мұнай таусылуға таяды, өндірістің төмендеуі Өзбекстанға экспортты қатты қиындатты. Экономист Мұрат Балабайдың түсіндіруінше, Қызылордада былтыр 4,2 миллион тонна қара алтын өндірілген. Биыл 4 миллион тоннаға төмендеуі мүмкін. Бұл ретте оның басым көпшілігі ішкі нарыққа жолданады. Бұрындары Қызылорда облысы жылына 11 миллион тонна мұнай шығаратын. Сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстанның ендігі мақсаты біріншіден, Каспий, Қытай, Орталық Азия бағыттарында жаңа мұнай құбырларын салу, екіншіден, алып танкерлерге қол жеткізу болмақ. Олай жасамаса, санкциялар кесірінен темір шымылдырыққа қамалып, әлемнен оқшауланған Ресейге тәуелді болып қала береді.