«Білгенін істеді...» – Қапшағайдағы төрт адамның өлімі туралы куәгерлер көрген-білгенін айтты
«Білгенін істеді...» – Қапшағайдағы төрт адамның өлімі туралы куәгерлер көрген-білгенін айтты
Фото: КТК телеарнасының сюжетінен скриншот
Қапшағайда бір күнде төрт адам суға батып кетті. Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті оқиға болған жер шомылуға арналмағанын айтады. Дегенмен, бұл пікірмен жағажайды қоршаған қожайыны келіскісі келмейді, – деп хабарлайды КТК арнасы. «Голубой залив» деген аты болғанмен, жағалауы шомылуға толық жарақтандырылмаса да бұл маңайды жағалайтындар көп. Кеше таңертен бір үйдің бес адамы осында демалуға келген. Толқын көтерілгенде екі ағайынды бала бата бастап, артынан ағасы, әпкесі мен әжесі құтқаруға ұмтылған. Алматы облысы ТЖД басшысының орынбасары Игорь Жуков: «Батып кеткен әйел 1990, ер адам 1992 жылы туған. Марқұм болған балалар 2007 және  2010 жылы туған. Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары екі бала мен ер адамның денесін судан алып шықты. Өкіншке қарай, тек 1954 жылғы әйел ғана аман қалды», – дейді. Марқұмдардың денесі табылған жағажай дым болмағандай жұмысын жалғастырып жатыр. Осында істейтін күзетші олардың арғы беттен ағып келгенін айтады. Ермахан Жәңгіров: «Шомылатын жерден 4 адам жоқ болды деді. Сонда мен осы жерде тұрдым, естігенім мына пляжға біреуін әкеліп тастаған. Сонан осы жерден іздеді, бұл жерден таппады да арғы жағадан үшеуін тауып алды. Шамалы жел болғаннан кейін толқын алып кетіп қалған», – дейді. Жағалаудағы жұртты судан шығуға шақырып жүрген құтқарушылар да жоқтың қасы. Ағайындылар суға ағып кеткен демалыс аймағының есігі қазір жабық тұр. Қожайыны «жағалауымыз барлық талапқа сай» деген ойынан танбай тұр. Айтуынша, толқын көтерілгенде оларды суға түспе деп бір емес, үш рет ескерткен. «Үш рет біздің құтқарушылар ескертіп айтты. Толқындарды көрсеттік. Олар алғашында келіскен. Сосын білгенін істеді», – дейді. Марқұмдардың аман қалған апасы ауруханаға жеткізілгенмен, жатудан бас тартқан. Қонаев қаласында судағы қауіпсіздікті құтқарушылар қадағалайтын негізінен ресми рұқсат етілген жеті жағалау бар. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы Жетісу мен Алматы облысында 7 адам, оның ішінде, екеуі бала суға батып кеткен.