Қазақтың азаматы Сабыр деген
Қазақтың азаматы Сабыр деген
Қазақтың түкпірдегі бір ауы­лы­нан Ресей аттанып, Ле­нин­градтағы мемлекеттік жур­налистика институтына оқуға түскен адам көп емес. Сабыр Жұмағазиев – сол оқу орнын бітірген екінші қазақ. Сабыр Жұмағазиевтің өз қолы­мен мөлдіретіп жазған өмірбаяны сақталған. Сол кездегі адамдардың жазуы қандай! Маржандай! Орысша толтырылған өмірбаян жолдарын қазақшаласақ, мынадай мәліметтер­ге кезігеміз. «Мен, Жұмағазиев Сабыр, 1907 жылы Орынбор облысы Қуандық ауданындағы №8 ауылда дүниеге келдім. 1917 жылдан 1927 жылға де­йін әкемнің қасында, өз шаруа­шылығымызда болдым. 1927-1929 жыл аралығында Қызыл Армия қатарында қызмет еттім. Әскерден босаған соң мені Ташкент қаласын­дағы Жұмысшылар факультетіне оқуға жіберді. Онда 1931 жылға дейін оқыдым. Осы жылы мені ау­дан­дық атқару комитеті Ленинград­тағы Шығыс институты жанындағы курсқа оқуға жіберді. 1932 жылы Н.Крупская атындағы пединститут­қа қабылдандым. 1933 жылы кани­кулға келген соң отбасы жағдайыма бай­ланысты оқуымды жалғастыра ал­ма­дым. Ақтөбе облыстық партия ко­митеті мені Ключевой аудандық партия комитетінің мәдени-ағарту бөліміне меңгеруші етіп жіберді. Мұнда 1933-1934 жыл аралығында жұмыс істедім. Облыстық партия комитеті мені Ақтөбе теміржолы бөлімшесінің саяси бөліміне наси­хатшы ретінде ауыстырды. 1934 жылы Орынбор теміржолы Ембі станциясы №7-қызмет ко­митетінің бөлімше төрағасы қыз­ме­тіне сайлады. 1935 жылға дейін сонда істедім. Орынбор теміржолы­ның басқармасы сол жылы Воров­ский атындағы Ленинград комму­нис­тік журналистика инситутына оқуға жолдама берді». Қалың оқырман хабардар болуы үшін сол тұстағы кезеңдік оқу орын­дары туралы мәлімет бере кеткен артық болмас. Журналистерді даярлау жөнін­дегі жоғары оқу орындарын ашуды АҚШ пен Германия ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алған еді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жыл­дары Франция, Италия, Ұлыбрита­ния, Жапония, Қытай жалғастырып әкетті. Патшалық Ресейде журна­лис­терді даярлайтын оқу орны бол­ған жоқ. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустрия, Бразилия, Чили, Мексика, Жапония, Үндістан, Түр­кия мемлекеттерінде Журналистика факультеттері мен бөлімшелері үз­діксіз жұмыс істеп келеді. Кеңестік билік журналист кадр­ларын даярлау ісіне айрықша мән берген. КСРО тұсында 1918-21 жыл­дары Я.Свердлов атындағы Ком­мунистік университет пен Ре­сей Телеграф агенттігінің /РОСТА/ жанындағы курстарда ғана алғашқы журналистер легі даярланды. 1921 жылы Мәскеу журналистика инс­титуты ашылды, ол кейін «Правда» атындағы Бүкілодақтық коммунис­тік журналистика институты деп аталды. 1924 жылы Мәскеуде Шы­ғыс еңбеккерлерінің коммунистік университеті мен Батыстағы ұлттық азшылық оқу орнында газет сек­циялары пайда болды. 1930 жылғы 11 қарашадағы ВКП Орталық ко­митетінің «Газет қызметкерлері кадр­лары туралы» қаулысы кеңестік журналистерді даярлау ісіне ерекше серпін берді. 30-жылдары өл­келік және облыстық коммунистік инсти­туттарда газет бөлімдері, Мәс­кеуде редакциялық-баспа институ­ты құ­рылды. Баспа техникумдары желісі пайда болды. Коммунистік журналистика институттарының алдында сауатты мамандарды даярлау ғана емес, со­ны­мен бірге саяси шыңдалған кадр­ларды шығару міндеті тұрды. В.Лениннің журналистік аппарат туралы айта келіп, «ни одно мас­совое движение обойтись не может в сколько-нибудь цивилизованной стране» дейтіні бар. КСРО кезінде 1930 жылдары осындай алты инс­титут болды. Коммунистік журна­лис­тика институттары Ленинград, Минск, Харьков, Алматы, Свер­дловск (қазіргі Екатеринбург) және Куйбышев (қазіргі Самара) қала­ларында ашылған болатын. Практикалық сабақтар «газет информациясы», «публицистика теориясы», «газет библиографиясы», «газет техникасы» және шет тілдері (неміс, француз, ағылшын) және «стенография» пәндері бойынша жүргізілді. Әуелгіде үш жылдық мерзімде оқыту белгіленген екен. 2328 сағат­тың 1054-і, яғни 46 пайызы арнайы пән­дерге арналған. Кейінірек ар­найы курс бағдарламасына «мате­риал­ды өңдеу», «журналистік прак­тикада тіл үйренуді қолдану», «әде­би сын және оның осы заманғы тә­сілдері», «баспасөз туралы заңна­ма» курстары енгізілген. Журналистика институттары ұлттық және комсомол баспасөзіне кадрлар даярлау ісіне де көңіл бөле бастайды. 1927 жылы төрт жылдық оқу мерзімімен Ұлттық-шығыс фа­культеті ашылады. 1932 жылы ком­сомол бөлімшесі ашылып, кадр даярлауға кіріседі. Ленинград мемлекеттік журна­лис­­тика институты 1930 жылғы 29 қаңтарда құрылған. Сол кезде инс­титутқа алғашқы совет дипломаты Вацлав Воровский есімі берілген. Институт алдында журналистер мен редакторларды, радио журналистері мен баспагерлерді даярлау міндеті тұрды. куәлік В.Воровский – шыққан тегі жа­ғынан поляк, кеңес өкіметінің ал­ғашқы дипломаттарының бірі. Им­­ператорлық техникалық учили­щені бітірген, публицист, әдебиет сыншысы. Орыстанған поляк отба­сында 1871 жылы дүниеге келген. Лютерандық шіркеу жанындағы орта мектепте оқып жүргенде өкі­метке қарсы өлеңдер жазып, оқу­шы­лар алдында жалындата сөз сөй­леп жүреді. 1890 жылы Мәскеу уни­верситетінің физика-матема­тика факультетіне оқуға түседі, бір жылдан соң Императорлық Мәскеу техникалық училищесіне ауысып кетеді. Воровский Мәскеудегі «Жұмысшылар одағы» ұйымының мүшесі болады. Жандармдар көзіне түсіп, 1896 жылы ІІ Николайдың таққа отыру рәсімі кезінде сенімсіз адамдар санатына жатқызылып, Мәскеуден қуылады. Әуелі Вологда, сосын Вятск губерниясына айдауға жіберіліп, соңы­нан Женеваға эмиграцияда болады. Сонда жүріп большевиктер жағына шығып, «Искра» газетінің тілшісі болады. 1903 жылы Одессаға келіп, астыртын жұмыстар жүр­гізеді. 1905 жылы Санкт-Петерборға келеді, большевиктік басылымдарда жұмыс істейді. Әскери жасақтарға қару-жарақ сатып алумен айналы­сады. 1917 жылы Стокгольмдегі боль­шевиктердің шетелдік бюро­сын­да Лениннің ұсынысымен өкіл болады. Швецияда жүргенде совет өкілдігіндегі есепшотта 10 миллион крон, ал Воровскийдің жеке шо­тында 1,8 миллион крон ақша бол­ған. 1919 жылы Ресейге келіп, Мем­лекеттік баспа меңгерушісі қыз­метін атқарады. 1921 жылдан Италиядағы елші қызметіне кіріседі. 1923 жылғы 10 мамырда Швей­ца­рия­дағы «Сесиль» қонақүйінің мей­рам­ха­насында бұрынғы ақ гвардия­шы Морис Конрадидың қолынан қаза табады. Воровский мен оның екі көмекшісіне оқ атып тұрып, Кон­ради «Я сделал доброе дело – рус­ские большевики погубили всю Ев­ропу… Это пойдёт на пользу всему миру» деген көрінеді. Воров­скийдің әйелі осы қанды оқиғадан соң жынданып кеткен, іле-шала өзіне қол жұмсайды. Дипломаттың мәйіті Мәскеуге жеткізіліп, Қызыл алаңдағы бауыр­ластар қорымына жерленген. Осы оқиғадан кейін Совет Одағы мен Швейцария арасындағы диплома­тиялық қатынас үзіліп қалады. 1931 жылғы маусым айынан 1940 жылғы сәуірге дейін институт В.Воровский атындағы коммунистік журналистика инситуты атанды. 1941 жылғы тамыз айында институт жабылып қалды. Ленинград мемлекеттік жур­налистика институтын бітіргендер арасында совет жазушысы, драма­тург, аудармашы Ульяс Викстрем, қазақ совет әдебиеттанушысы, жа­зу­шы Темірғали Нұртазин, мордва жазушысы Тимофей Якуш­кин секілді тұлғалар бар. Темірғали Нұртазин – Ресейдің Қорған қаласында 1907 жылғы 29 желтоқсанда дүниеге келген. Фило­логия ғылымының докторы, про­фессор. Ленинград журналистика институтын 1935 жылы бітірген. Ал­­ғашқы өлеңдер жинағы «Ма­шинист» 1932 жылы жарық көрген. С.Мұқановтың (1953 ж. орыс ті­лін­де, 1958 ж. қазақ тілінде шық­қан), Б. Майлиннің шығарма­шы­лы­ғы туралы монографияның ав­торы. «Казахская советская литера­тура» оқулығының авторы. «Сбор­ник рассказов», «Мұрат», «Адам бекерге жасамайды», «Ауыл тыны­сы» атты кітаптары жарық көрген. А. Нико­льс­каямен бірге М. Әуезов­тің Абай романының 1-томын орыс тіліне, Н.Гогольдің «Тарас Бульба» по­весін қазақ тіліне аударған. Бейімбет Майлин туралы зерделі зерттеу жа­саған да Темірғали Нұртазин. «Бейім­бет Майлиннің творчество­сы» деген фундамен­тальды зерттеу еңбегі бәрімізге белгілі. Темірғали Нұртазин қайтыс болғанда, Рымғали Нұрғалиевтың жазған естелігі бар. «Ағаның мәйіті салынған табыты университеттің ескі үйінің (қазіргі өнер институты­ның) фойесіне қойылды. Әкем жаңа өлгендей көз жасыма ие бола ал­мадым. Менің қарсымда тағы бір жас жігіт жылап тұрды. Ол – Мұхтар Мағауин еді. Темекеңе бағышталып Құран оқылып, ас берілген соң Мұхтарға жолықтым. Темірғали аға туралы сыр шертістік. Ол: «Әкем ауыл­дан келген сайын маған Темір­ғали ағаңды қонаққа шақыр», – деуші еді. Екеуі түннің бір уағына дейін әңгімелесетін. Таңертең олар бірін-бірі қимай қоштасатын. Жа­рық­тық әкемдей адам еді ғой», – деп ауыр күрсінді», – деп егіле жа­за­ды. Т.Нұртазин жас ғалымға: «Рым­ғали, әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жақсы бір ой айтасың, оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды», – депті. Темірғали ағайдың есімін Қазақ Мемлекеттік университетінің Жур­налистика факультетінде оқуға түс­кенге дейін де естігенбіз. Біз оқу­ға түсерден бір жыл бұрын, 1977 жылы өмірден өткен екен. Нұрта­зин деген фамилиясының өзінен талай адам сескеніп жүретіндей көрінетін-ді. Сабыр Жұмағазиев пен Темірғали Нұртазин Ленин­градта түйісті ме? Бір оқу орнында екі қазақ кездескен де болар. Зерттеушілер осы төңірек­те ізденіс жасаса артық болмас еді... Таяуда Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына арнал­ған халықаралық ғылыми-прак­ти­ка­лық конференция үстінде бір сырдың бетін ашты. «Сағат бір кү­ні бізді бір жерге алып барды. «Қа­шан­ға дейін КПСС кітабын оқи бере­сіңдер? Мына жерде ешкім есті­меген әңгіме айтылады» деген еді. Біз сол жерде Мағжан Жұма­баев­­­тың есімін алғаш рет естідік», – деді. Ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Ора­­за­лин осы әңгімені тереңдете түс­­­ті. «Сағаттың шақыруымен мен де сол жерде болдым. Онда Темір­ғали Нұртазин, Жовтис, тағы біраз адам болды. Алаш арыс­­тарын ақтау ту­ралы сол жер­де айтылды», – деді. Темірғали Нұртазин! Бұл кісі кезінде Әбділда Тәжібаевты қатты сынға алады. Соның салдарынан ар­тынан сөз еріп, «қауіпті элемент» са­налады. Ақыры «халық жауы» де­ген жаламен түрмеге тоғыты­лады... Ал енді біз осы Ленинград ком­мунистік журналистика институтын бітірген екінші азаматқа оралайық. Бұл – Сабыр Жұмағазиев деген қазақ. Өмірбаян жолдарында «1935-1938 жылдары осы институтта оқы­дым. Оқуды бітірген соң институт Қазақстан компартиясы Орталық комитеті «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қыз­ме­тіне жіберді. Республикалық газетте бір жыл істеген соң «Социалистік Қа­зақстан» газетінің Қостанай об­лы­сындағы меншікті тілшісі қыз­ме­тіне ауыстым. 1941 жылы отан со­ғы­сына байланысты әскерге шақы­рылып, Совет армиясы қатарында 1945 жылға дейін саяси жетекші болып қызмет атқардым. 1946 жыл­дан 1947 жылдың басына дейін Қуан­дық ауданындағы Чапаев ауыл­дық кеңесінің төрағасы, 1947 жы­лы обком бюросының шешімі­мен Жұрын аудандық партия коми­тетінің үгіт-насихат бөлімінің мең­герушісі болдым. 1948 жылы Қобда аудандық «Қобда стахановшылары» газетінің жауапты редакторы қыз­ме­тіне бекітілдім.1950-1951 жыл­да­ры Қобда аудандық партия комите­тінің нұсқаушысы, 1951 жылы Ақтөбе облыстық партия комитеті Красноярск машина-техникалық стансасы директорының саяси бөлім жөніндегі орынбасары етіп бе­кітті. 1954 жылы Қобда аудандық пар­тия комитеті мені отызмың­дық­тар қатарында осы аудандағы Жданов атындағы колхоз төрағасы қыз­метіне жіберді. 1957 жылы бұл кол­хоз «Қазақ ССР-інің 15 жыл­ды­ғы» атындағы совхозбен бірік­ті­ріл­ді. Совхоздың партия ұйымының хатшысы болдым. 1958-ден 1961 жыл­ға дейін Қобда ауданы Киров атын­дағы колхоздың партия ұйы­мының хатшысы, 1961-1963 жылдар ара­лығында Киров колхозы төра­ға­сы­ның орынбасары қызметін ат­қар­дым. Бұл колхоз Ленин атындағы колхозға қосылған соң, 1963 жылы Қобда май зауыты директорының орынбасары, 1964-1965 жылдары аудандық типография меңгерушісі қыз­меттерін атқардым. 1965-1966 жыл­­дары денсаулығыма байланыс­ты жұмыс істеген жоқпын. 1966 жыл­ғы шілдеден мемлекеттік ар­хив­тің Ново-Алексеевка филиа­лы­ның директоры болып жұмыс іс­теймін. Комсомолда 1925-1938 жыл­дары болдым. 1929 жылдан КПСС мү­шесімін» деген деректер бар. Сабыр Жұмағазиев «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы», «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Ленинград журналистика инс­титутының №35072 куәлігіне рек­тор М.Шамес, ректордың оқу ісі жөніндегі орынбасары В.Экономов, хатшы А.Вилькас қол қойған. Емтихан парақшасында әскери іс пен БКП /б/ мен большевиктік бас­пасөз тарихы бойынша «өте жақсы» деген баға алған. Сабыр Жұмағазиев қай жерде жұмыс істесе де, өзінің тыңғылықты іскерлігімен, талапты және жауапты маман ретінде көзге түскенін тө­мендегі құжаттар айғақтайды. «Джун» мақта совхозынан бе­рілген анықтамаға үңілейік. «Дана студентам Джумагазиеву, Алим­бекову, Токобаеву и Альчанову в том, что они являлись руководи­те­лями группы студентов в количестве 130 человек, посланных САХИПИ на сбор хлопка в совхоз «Джун». За время руководства указанной груп­пой со стороны студентов никаких нарушений дисциплины не было. Сбор хлопка производилось на ху­торе №3 с 9-го по 17 с. Ноября 1930 г. Что с подписями и приложением печати удостоверяется.». 1931 жылғы мына анықтама да әбден сарғайып кеткен. «Справка. Дана сия справка Яккабагском Рай­комом партии тов. Джумагазиеву С в том, что, он действительно ра­ботал в Яккабагаском районе по ор­ганиза­ции красных палочников против басмачества и работал по окучке хлопка и др. компании с 14-го июня по 10-го июля с/г. К пору­че­ниям Райкома относился добро­совес­тно. Зав.Общ.Отделом РК Девликамов». Басмашыларға қарсы үгіт-на­сихат жұмыстарын жүргізе отырып, мақта шабығына да қатысады. Сабыр Жұмағазиевтің өмірбаян парақшасына үңілсек, сарғайған архив қағаздарынан қилы деректерді көреміз. Оңтүстік Қазақстан об­лыстық атқару комитеті төраға­сы­ның орынбасары Ахметовтің қолы қойылған куәлікте 1932 жылғы 10 маусым – 1 тамыз аралығында нұс­қаушы ретінде практикадан өткені туралы дерек бар. Осы құжат­қа об­лыстық атқару комитетінің берген мінездемесі қоса тіркелген. Онда «Характеристика дана сту­денту Ленинградского Института Нац.Сов. Востока тов. Джумагазиеву Садиру в том, что он провел произ­водственную практику и работал в качестве инструктора Южно-Ка­зах­станского Облисполкома с 10 июня по 1-е августа 1932 года.Тов. Джу­ма­га­зиев на производственной прак­­тике показал себя как выдер­жан­­ного и работоспособного сту­дента, а также действительно про­во­дил политику Партии по совети­за­ции аулов и по проведению ре­волю­ционного законности в дерев­не. Т.Джумагазиев бывал в коман­дировке по оседанию кочующих ау­лов в Пахта-аральском районе и про­вел большую работу для Облис­полкома, а также получил для себя большую производственную прак­тику. Тов.Джумагазиев к работе относился аккуратно, добросовес­тно и своевременно выполнял пору­чен­ную ему работу. После оконча­ния института т. Джумагазиев впол­не может быть использован на руководящие советской работе. Зам. Пред. Облисполкома Ахметов, Зав.Орг.Облисполкома Куанышов» деп жазылған. Сабыр куәлік Облыстық атқару комитеті студент практикантты Пахта-арал ауданына командировкаға жібереді. «По организацию работы и ус­тройс­тву 1000 переселенцев-адайцев. Просьба всех советски партийных и общественных организаци оказать т.Джумагазиеву законное содейс­твие в пути следования и в испол­не­нии заложенных на него работ» де­ген сөздер жазылған куәлік беріл­ген. Ақтөбе облыстық партия коми­теті 14.08.1934 жылы Жұмағазиев Сабырды Қобда ауданына үгіт тобы­ның жетекшісі етіп 1 жылға коман­ди­ровкаға жібереді. Өзбекстан коммунистік жастар одағының Мақтау грамотасында / түпнұсқада Тәшаккур хаты» деп көр­сетілген, Джумағазиевке «За удар­ную работу по ликвидации про­рыва хлоп­ковом фронте, за дисцип­линиро­ванность, правильную ор­га­низацияю труда, выразившуюся как количественном, так и качествен­ном сборе хлопка. Мырзачульский Штаб Штурма выносит благодар­ность бойцу особого чрезвычайного ком­сомольского полка. Штаб Штур­ма: Нестеренко, Изюмский, Розен­фельд, Кобелев; Чиркова» деп жазылған. 1931 жылы 2 ақпаннан 15 ақ­панға дейін Ташкент қаласының Пролетар ауданында халықтан мақ­та жинау ісін ұйымдастыруға бел­сене қатысады. «Буз-Базар» деген жерде елдің ортасында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Сабыр Жұмағазиев Қобда ау­даны Қосөткел ауылындағы Сүйін мен Асыл деген кісілердің қызы Сақанмен отбасын құрып, ал­ты бала сүйеді. Сақан Жұмаға­зие­ва еті тірі, пысық адам болған екен. Соғыс басталғанда Әлия Мол­да­ғұлова секілді майдан даласына баруға ұмтылады. Жасын үлкейтіп, 1919 жылы тудым деп көрсетіп, тал­пынып көргенге ұқсайды. 1941 жы­лы партия қатарына қабылданып, елде белсенді қызмет атқарады. СССР Жоғарғы Кеңесіне сайлау өт­кенде дауыс берілген бюллетень­дерді ауданға жеткізу үшін Сауқайың деген өзеннің суы көтеріліп, тасы­ған кезде өзенді атпен кешіп өткен ерлігін ауылдастары әлі күнге дейін жыр ғып айтады. Депортацияланған шешен ұлтының азаматы – Дагалай деген кісінің шиеттей бала-шағасын панасына алып, асыраған қамқор­лығы да елдің жадында. Сабыр мен Сақанның алты ба­ла­сының бірі – бүгінде Сенат депу­таты Мұқтар Жұмағазиев. «Әкеміз бізді адалдыққа тәрбиеледі. Қашан­да жауапты болуды үйретті. Ал анамыз «балам, қолыңнан келсе жақсылық жаса» деп отыратын. Әке-шешеміз­дің сол аманаты үнемі есімізде тұрады», – дейді Мұқтар Сабырұлы. Қазақ халқы үшін ХХ ғасыр ора­сан ауыртпалыққа, зұлмат пен зоба­лаңға толы жылдар болды. Әсіресе 1921 және 1932-33 жылдардағы аш­тық, 37-нің репрессиясы талай қа­зақ­ты баудай түсірді. Осы кезеңде Сабыр Жұмағазиевтің Алматыдағы «Социалистік Қазақстан» газетінен Қостанай облысына жылыстауы тегін емес тәрізді. Кеңестік кезеңнің қылышы қақ желкеге тақалып тұр­ған­да Сабыр аман қалу үшін де осын­дай әрекетке барған сияқты көрінеді... Сабыр Жұмағазиевтің есімі қа­зақ журналистикасы тарихына енгі­зілуі тиіс. «Егемен Қазақстан» га­зе­тінің қалың шежіресіне аты жа­зы­лып, Журналистика факуль­тет­те­рінде өтетін журналистика тарихы пәндеріне кіргізілсе дұрыс болар еді.

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор