Тұрғындардың тілегі партия назарында болады
Тұрғындардың тілегі партия назарында болады
1,132
оқылды
Жалпы, ел болашағы туралы сөз қозғағанда, бәріміздің жан жүрегімізде, тілегімізде бір үміттің бар екені рас. Қазір еліміздің, оны алтын бесікке айналдырған халқымыздың алдында жаңа Қазақстанды құру туралы телегей міндеттің де тұрғаны анық. Бәрі уақыттың еншісінде болғанымен, елдің жарқын болашағына деген ізгі ниет пен нақты әрекет болмаса, бізге жаңғыру туралы сөз қозғаудың еш қажеті жоқ. Болашақтың келбеті бүгінгі тірлігімізге байланысты болады десек, біз бүгіннен бастап, ертең атқарылар шаруаларға жоба-жоспар жасап алғанымыз дұрыс болмақ. Бұл бағыттағы шаруаларды іске асыру – бүкіл Қазақстан халқының ортақ міндеті. Сондықтан ендігі кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, береке-бірлігімізді сақтай отырып, ынтымақ пен қажырлы еңбектің арқасында экономикасы дамыған, әлеуеті өркендеген жаңа Қазақстанды бірге құратын кез келді. Ел болашағы жолындағы мәселелерді шешу ісінде «AMANAT» партиясы да елеулі рөлге ие. Әсіресе, ауылдық жерлердегі тұрмыстық-әлеуметтік проблемалар партия жұмысының негізгі бағыттарының бірі екені анық. Осы мақсатта ауыл-аймақтарда туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешуге атсалысуға «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы да ынта танытып отыр. Кеше «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов ауданымызда болып, жайылым төңірегінде қалыптасып отырған мәселелерге қанықты. Атап айтқанда, Дауыл Ынтықбайұлы бірінші кезекте ауданға қарасты Қарасаз ауылдық округінде болса, келесі кезекте Нұрлыкент ауылы тұрғындарының өтініш-тілектеріне назар аударды. Аталған кездесу бейресми жиын болғандықтан, партияның облыстық филиал басшысы ауыл тұрғындарымен Қарасаз ауылдық округіне қарасты Жұрымбай ауылының маңындағы ашық алаңқайда кездесті. Бұл жерге ауылдың белсенді азаматтарымен қатар, тұрғындар шақырылған. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов өз сөзінде, ауылдық жерлерде туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешу жұмысы партияның назарында тұрған мәселе екенін айта келіп, осы мәселеге байланысты партияның жанынан «Жер Аманат» аталатын комиссия құрылып, жұмыс жасай бастағанын айтты. Сонымен қатар, мал жайылымы мәселесінің туындауының бір себебі, кейінгі жылдары Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасымен алынған мал басының күрт өсуімен байланысты екенін айтып, бұл мәселені бірқатар шараларды қолға алу арқылы шешу керектігін баса айтты. Партия саясатының басым бағыттарының қатарында өңірде туындап отырған мал жайылымы мәселесін шешу туралы міндеттің бар екенін баса айтты. «Қазақстан Фермерлер одағы» ҚБ-нің Қарасаз ауылдық округіндегі төрағасы Ермахан Қойлыбаев өз сөзінде, ауыл әкімшілігі және ауылдағы белсенді жанашыр азаматтардың араласуымен Тобышақты (Алатаудың етегі) жайлауынан 484 гектар жайылымдық жердің алынып, ауыл әкімшілігінің теңгеріміне берілгенін қуанышпен жеткізді. Сонымен қоса, оның сөзінше, ауыл маңынан тағы да 12 гектар жайылымдық жердің қолданысқа алынғанын айтты. Бұл жайылымдық жерлерде тұрғындар мал бағуда.
-Ауылда малдың басы жыл санап өсіп келеді. Оған, ең біріншіден, жайылым қажет. Елдің өсетінін, ал жердің өспейтінін ескерсек, біраз жылда ауылдағы қарапайым тұрғындар жайылымсыз қалғалы отыр. Өйткені, ауыл маңындағы бес және жеті шақырымдық радиустағы жерлердің бәрін ірі шаруа қожалықтар иемденіп алған. Оның ішінде ол жерлердің айналасын жыл сайын қосып аударып, оған егін егіп тастайды. Содан жайылымдық жерлердің көлемі азайып барады. Жерді осылай заңсыз пайдаланып отырғандар да көп. Қарасаз ауылының өзінен 600 бастай сауынды сиыр өріске шығады. Оған жайылымдық жер керек. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, сиырлар ауылдың маңындағы өзеннің жағасында айналшықтап жүр. Күн сайын малдың тісі мен тұяғы тиген жерлер тақырға айналып барады. Биыл жауын-шашын мол болып, жер әлі де болса көгеріп тұр ғой. Әйтпесе, жаздың ортасына жетпей-ақ жайылымдық жерлердің шаңы шығып жататын. Ауылда тұрғындардың негізгі күнкөрісі төрт түлік малмен байланысты. Оның өрісі жыл санап тарылып кететін болса, тұрмысымыз не болмақ?! Осы жағын терең ойланатын кез жетті. Ауыл маңындағы бұрынғы сай-сала, егістіктің жағасындағы жайылымдық жерлерді ортақ пайдаланысқа қайтарып алуымыз қажет, - деді Ермахан Қойлыбаев.
Келесі кезекте сөз алған ауыл тұрғыны, округтегі билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров, кейінгі жылдары ауылдың белсенді азаматтарымен бірлесіп, жайылымдық жерлерді қайтарып алуға әрекеттер жасалып жатқанын, бұл мақсатта жайылымдық жерлерді заңсыз игеріп отырғандарға қатаң жаза қолдану немесе қомақты айыппұл салу керегін баса айтты. Ең бірінші кезекте ауыл маңындағы бес және жеті шақырым радиустағы жерлерді қайтару туралы ұсынысын қоса жеткізді. Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы өз сөзінде, ауыл маңына 600 бастай сауынды сиырдың шығатынын айтып, одан бөлек, бойдақ малдың таудағы жайылымдарда бағылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, ауылдық округтегі шаруа қожалықтардың иелігінде 4 500 гектар, ал «Бірлік» ӨК-нің иелігінде шамамен 1 500 гектардай жер бар. Ал ауыл тұрғындарының қолдағы малының өзіне норматив бойынша 8 мың гектардан аса жайылымдық жер қажет екен. Кездесуде сонымен қатар, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, ардагер ұстаз, ауылдағы Аналар алқасының төрайымы Айгүл Омарова сөз сөйлеп, мемлекеттік сатып алулардағы келеңсіздіктер, осыған байланысты ауылдағы жол жөндеу, көше жарықтандыру, лоток орнату, т.б. жұмыстардағы көз көріп, құлақ естіген кемшіліктерді сын тезіне алу қажетін баса айтты. Кездесу барысында тұрғындар қойған сұрақтарға аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қадірхан Жарасұлы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов жауап беріп, мал жайылымы туралы мәселелердің назарға алынатынын айтты. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының өкілдері және облыстық және аудандық мәслихаттың бірқатар депутаттары келесі кезекте Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарына құлақ түрді. Алдымен ауылдық округтің әкімі Нұржігіт Бөлекбаев ауылдағы жайылымдық жерлер туралы ақпарат беріп, биыл 300 гектардай жайылымдық жер ортақ пайдалануға берілгенін айтты. Оның сөзінше, Нұрлыкент ауылынан 800 бастай сауынды сиыр жайылымға шығады. Кездесуде ауылдың белсенді тұрғындары Бауыржан Нұрмаханұлы және Баймұхан Исламов ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы және диқаншылыққа тікелей байланысты екенін айтып, мал жайылымы және ағын су төңірегіндегі мәселелердің түйінін тезірек тарқату қажет екенін жеткізді.
«Ауылдың төңірегіндегі жайылым жерлерді қайтарамыз деген ниетпен төрт жылдан бері әрекет жасап жатырмыз. Алайда онымыздан ешқандай нәтиже жоқ. Ауылдың маңындағы күн электр стансасының өзі қаншама жайылымдық жерді алып отыр. Одан бөлек, «Гамбург» ЖШС-на тиесілі егістік жерлердің барлығы ауылдың маңында орналасқан. Мал жаятын жерлер тарылып барады. Осыны бірінші реттеуіміз қажет. Онымен бірге, ағын судың мәселесін реттеу қажет», - деді Б.Нұрмаханұлы.
Кездесу негізінен мал жайылымына қатысты болғанымен, одан бөлек, тұрғындар тарапынан көшелерге орта жөндеу жүргізу, үй салуға жер телімдері, тұрғын үй көмегі берілсе және балаларға ойын алаңы салынса деген ұсыныстар айтылды.