Қашаған кен орнында шағала жаппай қырылып жатыр
Қашаған кен орнында  шағала жаппай қырылып жатыр
Фото: видеодан скриншот
248
оқылды
Атырауда Қашаған кен орнының жасанды аралдарында шағала жаппай қырылып жатыр. Мамандар бір апта бұрын 1 мыңнан астам шағаланың өлгенін байқаса, күні кеше оның саны 5 мыңға жеткен, – деп хабарлайды AstanaTV. Әуел баста құстардың жаппай қырылуы туралы НСОС компаниясының мамандары хабарлаған. Шұғыл комиссия құрылып, олар  аумақты шолып, сынама алған. Қашаған кен орнының жасанды екі аралы мен «Ақ Жайық» резерваты аумағында шағаланың үш түрінің өлексесін көрген. Айта кетерлігі, өлекселер арасында өзге құстар жоқ. Қазір инспекторлар өлекселерді жинап, өртеуді қолға алды. Комиссия қорытындысы бір аптадан соң белгілі болады. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаров: «Алматы қаласынан келген микробиология және вирусология институтының мамандары сынама алды. Қазір  Алматы қаласына жолданды. Оның әлі нақты нәтижесі бізде жоқ. Енді әрі қарай инспекция тарапынан НСОС компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тағы да дәлелдемелер, басқа да материалдарды қарап жатырмыз», – деді.