Экономиканы әртараптандырудың бір тетігі ретінде ауыл шаруашылығын қарастырған біздің елде ағын судың тапшылығы айқын сезіледі. Сондықтан егіс алқаптарына қажетті тіршілік нәрінің әр тамшысын үнеммен жұмсау өзекті мәселе. Алайда ресми статистика гидроқұрылымдардан егістікке жіберілген судың 60 пайызы ғана мақсатты жұмсалатынын көрсетеді. Ал қат дүниеге айналып үлгерген судың қалған 40 пайызы арық-атыздың табанына сіңіп, не буға айналып кетеді. Өз кезегінде бұл жағдай онсыз да су тапшылығын сезініп отырған агросаладағы көп түйткілді одан әрі күрделендіре түсті. Президент те Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударып, су жүйелерінің технологиялық тұрғыдан ескіруінен тіршілік нәрінің негізсіз шығын болғанын айтты. Бір ай бұрын Премьер-Министр Әлихан Смайылов та су ресурстары саласындағы мәселеге айрықша тоқталып, межелі міндеттерді атап өтті.
– Ағын судың 40 пайызы инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені бақылауында ұстап, су шаруашылығы нысанын цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі Жол карталарын уақытылы іске асыруға тиіс, – деді Әлихан Смайылов.
Тиімді пайдалану тапшылыққа тосқауыл
Расында, су шаруашылығы бассейндерінің дені трансшекаралық өзендердің есебінен толығатын біздің елде ағын су тапшылығының өзі өзекті мәселе. Демек, қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалана білген жөн. Қазірдің өзінде сала мамандарының ағын суды тұтыну көлеміне жасаған болжамы көңіл қуантпайды. Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56 пайызға дейін өсетінін айтады. Елімізде тұтыну көлемінің өсуімен бірге су тапшылығы да қатты сезіле бастайды. Жыл сайын елдегі су тапшылығының көлемі 12 текше шақырымға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе, Қазақстанда суармалы егіс алқабын 2030 жылға дейін 1,5 миллион гектардан 3 миллион гектарға ұлғайтуды межелегенін ескерсек, алдағы онжылдықта тіршілік нәрінің қат болу мәселесі күн тәртібінен түспейтін түрі бар. Тек биылдың өзінде ел аумағындағы суармалы егіс алқабының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға ұлғайған. Әлемдік су айдындарынан шалғайдағы Қазақстанның ағын судың тапшылығын сезінетініне Дүниежүзілік банк те пессимистік болжам жасайды. Ғаламдық іргелі қаржы ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 14 текше шақырымға дейін азаймақ. Яғни, алдағы уақытта Қазақстандағы су тапшылығы 15 пайызға жетуі де мүмкін. Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін Парламент қабырғасында көтерген Әлімжан Құртаевтың айтуынша, біздегі суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті төмен. Әрі алқаптарда суарудың үнемді технологияларының тәжірибесі де жиі қолданылмайтын көрінеді. Бұл мәселелер суармалы егістікті қолдаудың мемлекеттік саясатын өзгертуді қажет етеді.– Республикадағы суару жүйелерінің пайдалы әсер коэффициенті 0,45-0,55-тен аспайды. Оның үстіне, суармалы егіс алқабының 16 пайызына ғана тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғылар пайдаланылады екен. Сондықтан ағын суды үнемдеу технологияларын тәжірибесіне енгізген агроқұрылымдарға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Мәселен, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде республика аумағындағы 450 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Демек, су тапшылығы мен бірге оларды тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түспейді, – дейді Сенат депутаты Әлімжан Құртаев.
Су мәселесімен 6 министрлік айналысады
Дәл қазіргі сәтте әлем үшін су ресурстары төңірегіндегі түйткіл әзірге өміршеңдігін жоймайтын секілді. Бұл орайда Қазақстанның да қамсыз қалғаны жарамайды. Тіршілік нәрінен тарықпау ісінде қолға алынатын көп шаруаның ең маңыздысы біз сөз етіп отырған ағын судың техникалық шығынын мейлінше азайту болмақ.– Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде су ресурстарын басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі бар. Яғни, су шаруашылығының мамандандырылған министрлігі не агенттігі жұмыс істейді. Ал бізде су мәселесімен 6 министрлік, жергілікті атқарушы органдар және коммерциялық ұйымдарға дейін айналысады, – дейді сенатор.Су ресурстарын басқарудың орталықтандырылған жүйесіне қатысты сенатор Әлімжан Құртаевтың ойымен Қазақстан су шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Нұрлан Атшабаров та келіседі. Сала ардагерінің айтуынша, бұл істі бір орталықтан басқарумен бірге мәселеге кешенді көзқарас та қажет. – Су шаруашылығы министрлігі болса, қазіргідей гидротехникалық нысандарға қайта жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстарын кедергісіз жүргізу мәселесі туындамайтын еді. Сонда да ағын судың 40 пайызының егістікке жетпей жерге сіңіп немесе буланып кетуі бүгін шешіле салатын шаруа емес. Бұл мәселеге де су шаруашылығындағы өзге түйткілдер секілді кешенді көзқарас қажет.
Мәселен, биыл арық-атыздың кем-кетігін анықтап, одан әрі оны қайта қалпына келтіру, игеру мәселелеріне сатылап өсе беруге болады. Өкінішке қарай, бізде көп жағдайда асығыстық бар. Су тапшылығы сезіле бастаса, Үкімет мәселені шешудің Жол картасын әзірлейді. Әлгі карта жылдың соңына дейінгі шараларды қамтиды да, жауапты ведомстволар есеп үшін алашапқынға түседі, – дейді Нұрлан Атшабаров.Маман су тапшылығы мәселесінде табиғаттың берген сыйын ұқсата білу маңызды екенін айтады. Яғни, қыстағы қар суынан бастап, жерасты суына дейінгі ресурстарды есеппен жұмсай білген жөн.
– Көктемдегі тасқын судың өзін тиімді пайдалануға болады. Қазақтар бұрын көктемдегі судың тасуын асыға күтіп, алдын ала дайындық жүргізген. Мол суды жайылымдық және шабындық жерлерге жіберу тәжірибесі болды. Көктем шыға қар суын лезде жерге сіңірмей, оны ұзағырақ «ұстап» тұрудың да жолдары бар. Бұл әдіс шабындық, жайылымды жерлердегі топырақтың құнарын арттыруда пайдаланылған. Сонымен қатар қазір жерасты суын жинауға көңіл бөлетін сәт келді. Көптеген елде жерасты суының қорын молайтуға көшті. Америка құрлығындағы алып мемлекеттер мен Өзбекстанда арнайы құбырлар арқылы жер астына су жіберіліп жатыр. Бұдан өзге табиғи көл жүйелерін толтыру, су бекеттерін жаңғырту мәселелерінің назардан тыс қалмағаны дұрыс, – дейді Нұрлан Атшабаров.
Су ресурстарын тиімді пайдалану, игеру мен басқару ХХІ ғасырдың ең өзекті мәселелеріне айналғалы тұр. Ал бұл мәселені ушықтырмай реттеудің алғашқы қадамы тіршілік нәрінің әр тамшысын үнеммен жұмсаудан басталғаны абзал. «Судың да сұрауы бар» деген осы. Демек, қандай жағдайда болмасын ағын судың өндірістік емес шығындарына жол беруге болмайды.