Көпке арман болған көгілдір отын
Көпке арман болған көгілдір отын
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболат
431
оқылды
2015 жылы Алматы облысын толық газдандыру жөніндегі кешенді жоспар қабыл­да­нып, барлық тараптан мақұлдауға ие болған. Мемлекеттік тұрғыда да құп­талған. Үкіметтен тиісті қаражаттар қарастырылып, инвесторлар қар­жы салуға құлшыныс таныт­қан. Сол жоспарға сай 2023 жылдың соңына дейін қа­зір­гі екі облыс орналасқан үлкен өңір­дің елді мекендері толығымен көгілдір отынмен қамтамасыз етілуге тиіс еді. Биылғы көктемде осы бағыт­тағы жұмыстарға қатысты өткен жиын­да белгілі болғандай, 2022 жыл­ға дейін газбен қамтылуға тиіс­  1,3 миллион адамның 702 мыңы немесе 54 пайызы ғана кө­гіл­дір отынға қол жеткізіпті. Соған сай дәл қазір өз алдына дербес екі об­лысқа бөлінген аймақтағы жал­пы саны 743 болатын елді ме­кен­дер­ді газдандырудың қарқыны өте на­шар, жоспардың орындалуы екі­талай деп қорытынды шығаруға ту­ра келеді. Әне-міне көгілдір отын келеді деп тезек пен ағаштан, кө­­мірден құтыламыз деп отырған­дар­дың үміті де үзілуге жақын. Көп­теген ауыл тұрғындары әлі күн­ге қысы-жазы қолы жеткен қат­ты отынды пайдаланып, түтінге тұншығып отыр. Бұған дейін Алматы облысын газ­дандырудың жоспары толы­ғы­мен орындалып жатыр, жүздеген елді мекен, мыңдаған тұрғын та­би­ғи отынның қызығын көріп отыр деп берілген мәліметтердің де­ні қағаз жүзінде екені де анық­та­лып, осы шаруаға жауапты сала­лар­дың жетекшілері кінәні бір-бірі­не жауып, жұмсалды деген мил­лиардтардың есебін бере ал­май әлек болуда. Бұрынғы әкім Бо­зымбаев нақты шараларды қол­ға алып, бірнеше басшыны ауыс­тырып тастап еді. Аймақтық дең­гейдегі өзгерістер мен өзінің де ке­неттен орын ауыстыруы ой­ла­рын толыққанды жүзеге асыруға жол бермеді. Сол көктемдегі жиында айтыл­ған­дай, газдандыру қарқынының баяулап қалуына көгілдір отынға қосылу құнының тым жоғарылы­ғы, құрылыс-құрастыру жұмыс­тары сапасының төмендігі, құқық белгілеуші құжаттардың жоқтығы және уәкілетті органдар тарапынан кешенді жоспардың талапқа сай орындалуын бақылаудың әлсіздігі әсер еткен. Расын айту керек, газ­дан­дыру жұмысын жүргізген мер­­­ді­герлердің құбырға қосылуға қа­тыс­ты белгіленген бағасында біріз­ділік пен тұрақтылық жоқ. Кей­біреулері тіпті шектен шығып, тарифті аспандатып жіберген. Елді мекендер мен олардағы тұр­ғын үй орамдарына газ жеткізу­ші және бөліп, таратушы желі­лер­дің техникалық жағдайының сын кө­термейтіні, басым бөлігі бюд­жет­тің қыруар қаржысына орна­тыл­ған осындай газ тарату торап­та­рының ұзақ уақыт пайдаланыл­май тұрып қалғаны және тоза бас­тағаны да бірнеше мәрте тал­қы­ланған. Соған қарамастан, жағ­дай сол бәз қалпынан оңалмады. Оған келтірер дәлелді алыстағы ауыл­дарға бармай-ақ, қазіргі Же­тісу облысының орталығы Тал­ды­қор­­ғанда өзіміз де күнде көріп жүр­­міз. Көпқабатты үйлердің жа­ны­­на техникалық және тағы басқа қауіпсіздік талаптары ескеріл­мес­тен қалай болса солай орнатылған газды қабылдап, бөліп, тарататын тораптардың алды іске қосылмас­тан қирай бастаған. Жер бетімен жеке үйлерге тартылған газ құбыр­лары­ның тіректері қисайып, алды құлап жатыр. Көктемде соққан қат­ты жел біраз жайпап салды. Мұн­дай келеңсіз жағдайды, қа­зы­на қаражатының ысырап болуын қос облыстағы елді мекендердің бар­лығынан кезіктіруге болады. Қарап тұрып жүрегің ауырып, ел­дің игілігі үшін істелуге тиіс шаруа­­ның иін қандыра алмаған­дар­­дың икемсіздігіне қынжы­ла­сың. газ Дәл осындай жауапсыздық пен ба­қылаусыздықтың кесірінен Алма­ты облысының Іле, Талғар, Жам­был, Қарасай, Балқаш аудан­дарын­дағы, Жетісу облысының Қа­ратал, Кербұлақ, Көксу аудан­да­рындағы бірқатар елді мекен­дер­дің тұрғындары осыдан бір­не­ше жыл бұрын келеді деген көгіл­дір отынға әлі күнге қол жеткізе ал­май отыр. Газдандырудың мер­зі­мінен кешігуі салынып қойылған нысандар мен желілердің бүлінуі мен олардағы құрал-жабдық­тар­дың, құбырлардың ұрлық-қар­лық­қа ұшырауына жол ашуы мүм­кін екенін де естен шығармаған аб­зал. Сонымен бірге құрғақ уәде­ге тойып, тұрғызылған торап­тар­дың, тартылған құбырлардың көз алдарында қирай бастағанына куә болып, алдын ала төлеп тастаған ақ­шаларының қайтарымын көре алмай шерменде болған тұрғындар тарапынан орынды наразылықтар туындатады. Алматы қаласы маңын­­дағы аудандардағы бірнеше ірі елді мекенде арман болған кө­гіл­дір отыннан үміттері үзіле бас­таған адамдардың топтасып, кө­ше­ге шыққанын, жолдарды жап­қа­нын көріп те, естіп те жүрміз. Жетісу облысының Талдықорған, Те­келі қалалары мен облыс ор­та­лығы жанындағы елді мекендерде де осындай наразылық бірнеше рет болған болатын. Сондықтан ха­лықты табиғи отынмен қамта­ма­сыз етудегі түсінбестіктер тез ара­да тарқатылмаса, нақты нәтиже көрініс бермесе, бұл жағдай ас­қы­на берері анық. Бұған дейін бір облыс болған ай­мақта биыл 33 елді мекенді газ­дан­дырып, 78 мың адамды көгілдір отынға қосу жоспарланыпты. Алай­да 2015 жылдан бері осы ба­ғыт­та атқарылған жұмыстардан ши­кілік шығып жатқанын ескер­сек, бұл жоспардың орындалуына қатысты үміттен гөрі күдік ба­сым­дыққа иелік етіп кетеді. Сондықтан ал­дағы кезде аудандық әкімдіктер мен инвесторлар арасындағы бар­лық келісімдердің ашық жасалып, жұмыстардың орындалу барысы қатаң бақылауға алынғаны жөн. Осыдан біраз бұрын Іле ауда­нын­дағы Кіші Байсерке ауылының тұрғындары газ құбырын тартып жатқан инвесторлар жұмысына сенімсіздік білдірді. Олар көгілдір отын тарату желілерінің сапасына кү­мәнданып, тарифтің қымбат­тығы­на наразылығын ашық айтты. Қазір тартылған құбырлардың пай­далануға жарамдылығы тек­сері­ліп жатыр. Егер жарамсыз бол­са, инвесторлар есебінен қайта құрастырылады. Бұған қатысты сот шешімі де бар. Сол сияқты кез келген елді мекендердегі дәл осы сияқ­ты проблемаларды реттеуге болады. Алдағы кезде мұндай мәсе­лелер туындамау үшін аудан әкімдіктері құрылыс кезінде ба­қылауды барынша күшейтіп, баға­ның аспандап кетпеуін қадағалауға тиісті. Сонымен бірге осы салада­ғы жобалау жұмысының нашарлы­ғы да газдандыру қарқынына тұсау болып отырғаны анықталған. «Жетісуоблгаз» ЖШС басшы­лы­ғының мәлімдеуінше, бұрынғы Ал­маты, қазіргі Алматы және Же­тісу облыстары бойынша елді ме­кендердің 473-і газдандыруға жа­тады. Өткен жылдың соңындағы мәліметке сай солардың 164-і не­месе 63,5 пайызы көгілдір отынмен қам­тамасыз етіліпті. Талдықорған қаласында бұл көрсеткіш біршама төмен. Бар-жоғы 30 мың абонент газға қосылған. Жоғарыда айтыл­ған­дай, облыс орталығындағы ор­на­тылып қойылған газ қабыл­дап-тарату тораптары мен тартыл­ған газ құбыры желілерінің сапа­сы­на қатысты сұрақтар көп. Көбі то­за бастаған. Сондай-ақ газ жі­беріл­гендерінің жұмысы да сын көтер­мейді. Қыс айларында жиі бұзы­лып, тұтынушыларды әбігерге тү­сіретіні де шындық. Кербұлақ ауданының орталы­ғы Сарыөзек ауылында өткен жы­лы газ тарату желілері пайдалануға берілген болатын. Мемлекет пен же­кеменшіктік әріптестік негізін­де жүзеге асқан жобаның, тартыл­ғанына бірнеше жыл болғанымен, әлі күнге іске қосылмағандықтан, қарап тұрып жалпы құны 1,8 млрд. Теңге. Содан бері жарты жылдан ас­са да газға бірде-бір адам қосыл­ма­ған. DAUR Capital ЖШС жауап­ты өкілінің хабарлауынша, тұрғы­зыл­ғанына бес жыл болған газ-қа­былдап-тарату тораптары мен газ құ­быры желісіне қатысты облыс­тық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық тара­пы­нан жасалған ескертпелер рет­телуде. Бұған тағы бірнеше ай ке­тері анық. Ал тұрғындар болса, жыл­дар бойғы күтуден кейін ар­ман болған көгілдір отынға қол сіл­теп, қосылудан мүлде бас тар­туы да әбден мүмкін. Мұндай жағ­дай Алматы облысының Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудан­дарында да болып жатыр. Жетісу облысының шығы­сын­да орналасқан Ақсу, Сарқан, Ала­көл аудандарының тұрғындарын та­биғи газбен қамтамасыз етуге қа­тысты «Талдықорған – Үшарал» ма­гистралды газ құбыры жобасы тура­лы әңгіме қозғалғалы бірнеше жыл болды. Бірақ әлі күнге жоба­лық-сметалық құжаттамасы да дайындалмағаны жақында белгілі бол­ды. Егер жағдай осылай жал­ға­са берсе, облыс орталықтарына жа­қын аудандарды қарық қыла ал­май отырғандар шалғайдағы елді мекендерге газ тартып, жарыл­қайды дегенге сену қиындау бо­лып тұр.

Болат АБАҒАН