Қазақстанда жемқорлық азаймай тұр. Екі күннің бірінде «ана бастық құрықталды, мына шенеунік парамен ұсталды» деген хабар ақпарат айдынында желдей есуде. 2019 жылы Қазақстанда 1002 лауазымды тұлға жемқорлықпен сотталған. Етіміз үйреніп кеткені сондай бұл бізге қалыпты жағдай сияқты болып барады. Сол – жаман.
Жымқырғышы көп қай сала?
«Бюджеттен бөлінген қаржыны талан-таражға салатын қай сала?» деген сұрақ туындайды. Олай болса, осы өткен үш жылда орын алған сыбайлас жемқорлыққа шолу жасайық. 2017 жылы республикалық деңгейдегі – 19, облыстық деңгейдегі – 98, қалалық және аудандық деңгейдегі 152 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Қылмыстың денін әкімдіктер, ішкі істер органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Жемқорлықтың жоғары деңгейі білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында байқалған. 2018 жылы сыбайлас жемқорлық бойынша барлығы 1 126 лауазымды тұлға істі болса, оның құрамын 20 республикалық, 75 облыстық, 128 қалалық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер толтырған. Бұл жолы құрылыс, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы жемқорлары алда болған. 2019 жылы болса, статистикалық мәліметтерге сәйкес, 1002 лауазымды тұлға жемқорлықпен сотталған. 1700-ден астам жемқорлық қылмысы тіркелген. Жемқорлық көбінесе құрылыс саласында тараған. Сонымен қатар білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салалары да бұл тізімді толықтыра түседі. Енді өзіңіз қараңыз, «жеп» қою фактілерінің көбі тендерді бөлу, шартты заңсыз жасау, жалған жұмысты орындау актісіне қол қою, жалақы мен іссапар шығынын заңсыз есептеумен байланысты екен. Сонда олар қалай парақор болады? Әрине, «олар – пенде, періште де алтын көрсе, жолдан таяды емес пе» деп ақтай саламыз. Дегенмен ол қаржы халықтың салығынан жиналған, үй, мектеп сынды ел мұқтажына жұмсалар қаржы екенін білеміз бе? Жоқ, біледі, жемқор да біледі, бірақ ол – құлқынның құлы. «Ала берсем, жей берсем» деген таяз ойлының пайымы.Әлем қалай күреседі?
2020 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында (неғұрлым көп болса, соғұрлым нашар) тұр. Біз әйтеуір бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттері арасындағы сыбайлас жемқорлық аз елміз деп мақтануға ғана шеберміз. Ал шет мемлекеттер жемқорлықпен аяусыз күресуде. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының заңнамасында сыбайлас жемқорлық ұғымы, оның мәні мен мазмұны, ерекшеліктері мен түрлерінің анықтамасы берілген, олардың алдын алу шаралары анықталған. Мәселен, пара үшін оның үш есе мөлшеріндегі айыппұл немесе 15 жылға дейін түрмеде ұстау, не екеуін бірдей қолданған жағдайда 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал Латын Америкасы елдеріндегі криминалды экономиканы уысында ұстайтын күшті ұйымдасқан топтар ресми билікке көнбей келеді. Бұл – құрлықта саяси тұрақсыздық қалыпты жағдай. Қазақстанға үлгі болар мемлекеттер деп Сингапур, Дания, Нидерланды, Финляндия, Жаңа Зеландия, Швеция, Исландияны айтуға болар еді. Соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте сингапурлық үлгіні жұрт жиі ауызға алады. Сингапур 1965 жылы тәуелсіздік алған кезде жемқорлық қалың жайлаған ел болатын. Сонымен бірге шведтік үлгі де тәжірибе аларлық. Ол ел мемлекеттік құжаттар ашықтығын қамтамасыз етіп, тәуелсіз сот жүйесін құрды. Қоғамдағы абырой, тазалық – әлеуметтік норма саналды. Шенеуніктердің жалақысын 12-15 есеге көтеріп тастады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында біздің ел де осы тәжірибені ескеріп, шенеуніктердің еңбекақысын жүйелі түрде көшіру мәселесін назарда ұстауы қажет. Ал бізде қалай? Бізде шенеуніктер пара алумен, қабат-қабат үй салумен, бума-бума ақша ұстаумен, тоқал алумен жарысады. Сонымен бірге қылмыстың залал сомасы үш жылда 15 млрд-тан астам теңгені құрады, оның 10 млрд теңгеден астамы қазіргі таңда өтелген деумен шектелеміз.Параны беретін кім?
Әрине, сыбайлас жемқорлықтан толық құтылу мүмкін емес. Өлім жазасына кесетін Қытай да толық бұл жегіден құтыла алмай отыр. Былтыр Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры 2019 жылдың мамырынан тамыздың соңына дейін «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайы» атты зерттеу жұмысын жүргізді. Олар 3 республикалық маңызы бар қалада, 14 облыс орталығында, 163 ауданда болған. Сауалнамаға жалпы 9 мың адам: 7 мыңнан астам тұрғын және шамамен 2 мың кәсіпкер қатысқан екен. Қорытындыға сәйкес, қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлер әуре-сарсаңға түспей, бір мәселені тез шешу үшін және мемлекеттік қызметті тез алғысы келетіндіктен пара береді екен. Бұл – негізгі фактор. Сауалнамаға қатысқандар мемлекеттік қызметке тұру адамды пара беруге итермелемейтінін айтқан. «Параның орташа көлемі қарапайым тұрғындар арасында – 30 және 55 мың теңге. Олардың 70 пайызы ақшаға келісетінін айтты. Ал қалғандары пара ретінде кәмпит, гүл және сыйлық берген. Тұрғындар арасында параның төменгі құны 500 теңгеден басталып, 500 мың теңгеге дейін жеткен. Кәсіпкерлер арасында параның орташа көлемі – 70 мың теңге. Мұнда да олар мәселені тезірек шешу үшін ақша берген. Қалған жағдайда сыйлық емес, басқа қызмет түрін көрсеткен. Бизнесмендер көп жағдайда параны құжат ресімдеу үшін беріпті» дейді зерттеушілер. Бұған қарап қарапайым халықтың өзі шенділерді пара алуға итермелейтініне амалсыз көз жеткіземіз.
Жемқорлықпен күресу амалдары
Басқа елдерде де бар, біз үшін жаңашыл болып тұрған хабарды: «Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы қаулыны бекітті. Көптеген елдегі секілді сараланған сыйақы болады», деп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты. Енді заң бұзғандарды ұстап берсеңіз, 10 млн 600 мың теңгеге дейін сыйақы аласыз. Айта кетейік, 2019 жылы 455 сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс қозғалған, оның 399-ын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеген, 235-і өндіріспен аяқталып, оның 192-сі сотқа жолданған екен. Осы қылмыстардан мемлекетке келтірілген залал 4 989 387 мың теңгені құраса, 3 853 038 мың теңге қазіргі уақытта мемлекетке қайтарылған. Жүздеген миллион бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бірқатар қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр. Жымқыру фактісінің көбі тендерлерді бөлу, шарттарды заңсыз жасау, жалған жұмыстарды орындау актілеріне қол қою, жалақы мен іссапар шығындарын заңсыз есептеумен байланысты болған екен. Иә, сыбайлас жемқорлыққа сіз де соққы бере аласыз. Ол үшін сыйақы да аласыз. Яғни, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10 пайызын алады. Ең жоғары сыйақы мөлшері 10 млн 600 мың теңгені құрайтын болады. Бұл нәтиже бере ме, жоқ па? Ол – уақыт еншісінде. Сонымен қатар агенттік жемқорлықтың алдын алу шарасы ретінде болашақ шенеуніктерді түрмеге алып барып, өз көздерімен пара алушының жағдайы қандай болатынын көрсетуді де қолға алған. Бұл, әрине біраз адамға ой салар деген ниет болса керек.ТҮЙІН:
Жемқорлықпен күрес жүріп жатыр. Бірақ «ала жіпті аттама» деген үлкендердің тағылымымен өскен ұрпақтың орнын, қызметті бюджет қаржысын жымқыру деп ойлайтын шенеуніктер басқан ба деген ойға қаласың. Құрылысқа деп бөлінген қаржыны жұтқыншақтан өткізіп жібергендер кесірінен қаншама үй кезегінде тұрғандардың үміті үзілді. Жемқордың кесірінен қанша шақырым жол жөнделмей қалды. Сол індетті жою сіз бен біздің қолымызда екенін де ұмытпағанымыз жөн!