Нұр-Сұлтанда ресейлік әуекомпанияның ұшағы неге тоқтатылғаны белгілі болды
Нұр-Сұлтанда ресейлік әуекомпанияның ұшағы неге тоқтатылғаны белгілі болды
2,138
оқылды
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Нұр-Сұлтанда ресейлік әуекомпания ұшағының тоқтатылуына қатысты ақпаратқа пікір білдірді.  Ведомствоның хабарлауынша, 26 маусымда жергілікті уақытпен сағат 13.40-та елорданың «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайында  VOLGA DNEPR AIRLINES  әуекомпаниясының Үрімші (ҚХР) – Нұр-Сұлтан – Мәскеу бағытындағы коммерциялық рейсін іске асырып жатқан RA-82074 нөмірлі әуе кемесі тоқтатылды. Ол туралы әуежайдың қызметі «Әуежай Астана» кеден бекетінің қызметкерлеріне тез арада хабарлаған.
"Дегенмен әуе кемесінің экипажы және оның өкілімен белгіленген уақыт ішінде кедендік рәсімдеуге қажетті  кедендік құжаттар мен мәліметтер ұсынылмаған. Сондықтан әуекомпаниясына қатысты ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 538-бабымен әкімшіліктік өндіріс қозғалды. Бұл бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қаралған",  – делінген хабарламада.
Қазақстанның кедендік заңнамасына сәйкес,  тасымалдаушы немесе өзге де белгіленген тұлғалар келуі туралы хабардар еткен кезден бастап кеден органының жұмыс уақытының үш сағаты ішінде көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға міндетті.
"Әуекомпаниясының өкілдері бұзушылықпен келісіп, кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралына кедендік декларацияны тапсыруға қатысты барлық кедендік операциялар орындалған соң әуе кемесі бірден жіберіледі", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Ведомство аталған заңбұзушылық кедендік әкімшілендіру саласындағы кәдімгі әкімшілік құқықбұзушылық екенін ескертіп, саяси астарының жоқ екенін хабарлайды.