Қуаныш Құдайберген: «5:32» – мүмкіндік
Қуаныш Құдайберген: «5:32» – мүмкіндік
11,025
оқылды
Құрметті оқырман, «5:32» сериалының кейіпкері, талантты да танымал актер Қуаныш Құдайберген театр мен кино әлеміндегі қызықтарын айтып берген еді. Сырға толы сұқбатты оқи отырыңыздар! 5:32  – Бейсенбіні сүйікті еткен, ағайын асыға күтетін, жылдың жаңалығы атанған ерек сериал да тәмамдалды. Көрермен ретінде берер бағаңыз? – Иә, өкінішке қарай, халықты бір дүр сілкіндірткен атышулы сериал да осымен бітті. Енді менің, көрермен ретіндегі бағам, 10/10. Меніңше, бұл фильм қазақ кинематографиясына тың, өздігінше жаңа бағыт алып келді. Бір ерекшелігі, әр бөлімі жеке бір кино. Оны да бөліп-бөліп түсірді. Мысалы, менің эпизодтарымды 3 күн түсірдік. Соңғы күні, тіпті, үйге қайтқым келмей, сол Қаратауда жатып, біраз демалған жайым бар. – Түсірілім кезінде қандай қызықты сәттер болды? – Есте қалғаны итпен түсірген сахна. Көрермен кадрдан, негізі, төртінші төбетті көрді. Оған дейінгі әкелгендерінің үшеуі де менен қорқып, қыңсылап, қашты. Кейде үйшіктен шықпай, қырсыққаны бар. Соңғы алабай да біраз үркіп, жатырқады. Құпия болып қалғаны дұрыс еді...Үйшіктің артында қожайыны бар. Қайрап, рух беріп тұрған сол кісі. (Күлімдеп) – Монтаждалған дайын дүниені елден бұрын көре алдыңыз ба? – Алдын ала сценарий оқылды. Әріптестеріміздің де бөлімдерінен хабардар болдық. Бірақ, толықтай материалды, әрине, көрмедік, тек қана бірінші сериясын тамашаладық. Оның өзінде, режиссерлік нұсқасын. – Бәрі кәсіби мамандар, десе де, сіз үшін керемет кейіпкер кім? – Ешкімді бөліп жармаймын. Актерлік құрам, түгел дерлік, өте талантты жандар. Өз рөлдерін жоғары деңгейде сомдап шықты. Эпизодтарға келгені де, арасында ойнаған ауыл тұрғындары да кәсіби мамандардан қалыспады. Бұл режиссердің арқасы деп санаймын. Әлішер Утев, жалпы, өз ісінің шебері ғой. Ұнаған кейіпкерге келер болсам, Жәудір Сарыпбекова есімді кино және театр актрисасының орындаған рөлі қатты әсер етті. Естеріңізде болса, «Көйлек киген құбыжық», 2 бөлім. – Кинода талай пенденің жанын алам деп, өмірде қанша жүректі жараладыңыз? Хабарламалар легі әлі таусылған жоқ. Көбіне инстаграм әлеуметтік желісінен келіп жатыр. Ықылас, жылы лебіз білдіріп, сәттілік тілеп жатады. Кейбірі, кинодан көріп, ұйықтай алмай жүрмін деп жазады. Қорыққаннан... 5:32   – Кино саласындағы алғашқы джекпотыңыз ба? «5:32» – мүмкіндік! Өйткені, біраз актерлер өздерін осы жоба арқылы танытты. Жұртқа жаңа қырынан танылды. Сол себепті де бұл фильмге алғысым ерек. Енді, бұл менің кино саласындағы алғашқы проектім емес. Бұған дейін «Орбұлақ шайқасы», «Бұйымтай», «Құсайыновтар», «Абай», «Welcome to Zhetysu», «Он бес», «Армандастар», Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» және т.б. көптеген көркемдік фильмдерге түсіп үлгердім. – Түсірілімнен алған әсеріңіз қандай? – Тамаша, өйткені өзім өткім келген жобалардың бірі еді. Сондықтан да, арасында қуандым іштей, дайындалдым. Бұл үлкен жауапкершілік. Және рөлдің өзі де қорқынышты, бір жағынан қауіпті. Халық қалай қабылдайды деген уайым да бар. Ара-тұра қобалжу болды. – Фильмдегі образыңыз боксшы жігіт. Жалпы, өмірде қай спорт түрімен шұғылданасыз? Футбол. Бокспен айналысқам бала күнімде. – Кино мен театр жүгін бірге арқалаған ауыр емес пе? Қайсы жақын көңілге? – Әрқайсысының өз ерекшелігі, қызығы бар. Тіпті, ойнау стилі де екі бөлек. Арасында қиындық болады, әрине. Театр актері болғандықтан біздер үшін ең ұлы да, ең киелі де ол – сахна. Өнердің қара шаңырағы қашан да ыстық. – Бұрын-соңды қойылымдарда қанішер, жауыздың рөлі бұйырып па еді? Иә, әйгілі «Король Лев» мультфилімін спектакль ретінде репертуарымызға енгізгенбіз. Сонда «Шрам» рөлін сомдағам. Дәл осындай жағымсыз, бірақ өзіме ұнайтын кейіпкер. Басты зұлым. – Сахна сыртындағы Қуаныш қандай? – Өмірде де шынайы, қарапайым қазақ жігіттерінің бірімін. Және өнер адамы ләйім бір қалыпта болу керек деп есептеймін өз басым. Қанша талантты болсаң да, атағың тасып тұрсын мейлі, ең бастысы адам болып қалу емес пе?! – Қуанышқа да қайғы қанатын тигізе ме? – Қайғысы мен қуанышы қатар жүретұғын, ағыны қатты өмір ғой бұл. Сонысымен де қызық. Қабаттасып келген бақ не қабақ шытып жеткен мұң да болмас. Алла бәрін өлшеп береді ғой басқа. Әсем әуен есту үшін де, қатар басу керек ақ пенен қара пернені. Сондықтан бәріне шүкір. – Михаэль Тальхаймер айтқандай, театр қоғамның дертін емдеуге не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге міндетті емес. Ол жүз жылдық жараны саусақпен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана ел алдындағы парызы өтеледі. Қазір театр қаншалықты қарызынан құтылды? Театрдың қарызы – халыққа қызмет қылу. Бүгінде ол – жалған дүниені кезген жанның рухани азық іздеп келетін өнер ордасы. Жас режиссерлерден тың идея, үлкен ата-апаларымыздан өнеге мен тәрбиеге толы сабақтар алып жүрміз. Кез келген әлеуметтік проблемаларды көтеріп жүрген яки театр, кино не болмаса блогерлер. Сол себепті де айтарым: өнер адамға қашан да қарыз, ал адам өнерге қашан да құштар. 5:32 – Сол өнердің өмірдегі мәні қандай? Махаббат па, міндет пе? – Сахнада өскен баламыз ғой. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ән айтатынмын. Бұл кішкентайдан бойға сіңген ынтызарлық. Бәлки, мен актер ретінде танылмас па едім, өйткені дәстүрлі әнші болуды армандап ем. 9 сыныптан соң, «Шабытқа» тапсырдым Астанадағы колледжге. Өкінішке қарай, бір ғана бал бақты байлап, түсе алмадым оқуға. Содан бір актер ағамыз ақылын айтып, осы мамандыққа бет бұрғызды. Ән саласың, пластикаң жақсы, харизмаң бар деп үміт берді. Есімде, Шымкент қаласында Ж. Шанин атындағы облыстық драма театрының режиссері келіп, біздің мектепте спектакль қойған болатын. Сахнада ойнаған қатты әсер еткен-ау шамасы сол кезде, кейін таңдағаным да, танығаным да осы мамандық болды. 2014 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. «Театр өнері» факультеті, Асанәлі Әшімов шеберханасын 2018 жылы бітіріп, сол жылы М. Әуезов театрына қабылданған ем. Алайда, екі кеменің басын ұстаған суға кетеді дегендей, ол жақтан жұмыстан шығып, қазір «Жаңа ғасырдың» актерімін. – Кімді ұстаз тұтасыз? Әрине, өзімнің ақылшым, КСРО халық әртісі, еңбек ері, талапшыл, қатал әрі еңбекқор жан – Әшімов Асанәлі Әшімұлы. Сыйлаймын, жақсы көрем, үлгі тұтам. – Режиссураға қызығасыз ба? – Әзірше дайын емеспін. Болашақта көре жатармыз. – Коммерциялық фильмдердің құрсауынан қашан һәм қалай шығамыз? – Қазақ киносы жақсы қарқынмен дамып келеді. Сапалы дүниемен қуантатын күн де алыс емес деп ойлаймын. Ең бастысы, көрермен ұсынылатын жаңалыққа дайын болуы керек. Өйткені, көрерменнің деңгейі, шындап келгенде коммерциялық фильмдердің деңгейінен аспай тұр. Сұранысқа – ұсыныс. Бұл нарықтың заңы. – Қазақ киноиндустриясындағы ақсап тұрған жанр? Драма. Сұраныс комедия мен мелодрамаға көп түседі, жасырын емес ол. Бірақ, халық бұдан да жалығады. Сол кезде драма, триллер, вестерн және фэнтези сынды жанрларға да кезек келеді әлі. – Армандағы рөл? – Кино саласында да, театр сахнасында да Ақан серінің образын сомдау – арманым. – Сан ба, сапа ма? Ұсыныс түссе, қандай критериймен бағалайсыз? Мәселен, режиссердің атағы, ақшасы, сценарий, т.б. Әрине, сапа, сөзсіз. Артынша мәтіні, кейіпкеріміз. Бұлардың бәрі маңызды ғой. Көңілден шығып жатса, қуана-қуана, білегіңді сыбанып тұрып, түсесің. – Шабыт сыйлар муза кім? – Еңбегің бағаланып жатса, халқың ұнатып жатса, бұл кез келген актер үшін үлкен мотивация. Шабытты рөлімнен, көрерменнің махаббаты мен қолдау-қошеметінен алам. – Қуаныш мырза, алтын уақытыңызды арнап, сүбелі сұқбат бергеніңіз үшін рақмет. Алда әлі талай белестерді бағындыратыныңызға сенім мол. Творчестволық табыс тілейміз. – Рақмет. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын!

Алтынай МАХИМОВА,