Қазақ уранына қожайын кім?
Қазақ уранына қожайын кім?
197
оқылды
Әлемдегі ең ірі уран өндіруші – «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы таяуда «Уран байыту орталығы» (УБО) АҚ-ның өзіне тиесілі 50% үлесті (-1 акция) осы бірлескен кәсіпорындағы серіктесі – «ТВЭЛ» АҚ-на сататынын хабарлады. Ұлттық компанияның сайтындағы ақпаратта «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы иеленетін УБО акцияларының құны ірі халықаралық консалтингтік компания орындаған тәуелсіз және әділ нарықтық бағалау негізінде анықталғаны жазылған. Акция құны 6,233 млрд рубль (шамамен 100 млн доллар) деп бағаланып отыр. Бұл тұрғыда «Қазатомөнеркәсіптің» УБО-дан шығу туралы шешімінің негізгі себебі туралы мәлімет мар­дым­сыз. Ұлттық компанияның сай­тындағы ақпаратта акция сату шешімі ұзақмерзімді нарықты құру стратегиясына сәйкес, сон­дай-ақ уран байыту нарығындағы жағдайларды қайта қарауға бай­ланысты қабылданды деп көрсе­тілген. «Қазатомөнеркәсіп» – елі­міздегі еншілес, тәуелді және бірлескен кәсіпорындарымен бірге 26 учаскені игеретін 13 уран өндіруші кәсіпорынның басын біріктіретін ірі кәсіпорын. Жалпы, «Уран байыту орта­лығы» – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде 2006 жылы құрылған Қазақстан – Ре­сей бірлескен кәсіпорыны. Ал оның акциясын сатып алуды жос­­парлап отырған серіктес ком­­па­ния – ТВЭЛ компаниясы Ре­сей­дің «Росатом» компания­сының еншілес ұйымы болып саналады. Бүгінде ТВЭЛ өнді­ретін отын РФ территориясынан бөлек, әлемнің 14 мемлекетіндегі атом электр стансаларына ор­наластырылып, әрбір алтыншы реакторға ұсыны­лып отыр. Оған қоса, «Росатом» кәсіпорыны құ­рылымына кіретін ТВЭЛ компа­ниясының құра­мын­да ядролық отын өндірісі, уранды конвер­сиялау және байыту, тұ­рақты изотоптар, газ центри­фу­галарын шығару, сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конс­трукторлық ұйымдар барын айта кеткен жөн. Әлемдік уран өндірісі нары­ғында Қазақстан 2010 жылдан бері көшбасшы рөлге ие. Қазақ жеріндегі барланған уран қоры көрсеткіші (1 690 000 тонна) бо­йынша Австралиядан кейін екін­ші орындамыз. Бұл орайда, қа­зақстандық уран жерасты шай­малау әдісімен өндіретіндіктен экологиялық және шығыны жа­ғынан тиімді деп саналады. Мамандар әлемдік уран өнді­рісінде көшбасшылықты сақтап тұруымыздың бір себебі де осын­да жатқанын айтады. Республика тәуелсіздігін жа­риялағаннан кейін толық ядро­лық отын циклынан үш бағытты таңдап алды. Ол уран өндірісінен басқа, азоттың шала және толық тотығы концентратын өндіру. Яд­ролық отын үшін шикізат ретінде қолданылатын бұл кон­центраттар толықтай шетелге шығады. Мәселен, 2018 жылы барлық экспорт көлемінің 57%-ы Қытайға жеткізілсе, Канадаға – 18,2%, Ресейге – 16,6 сатылған. Сондай-ақ Үндістан, АҚШ, Оң­түстік Корея, Жапония мен ЕО елдері қазақ жерінен алынған уранды импорттайды. Дүниежүзілік ядролық қа­уымдастықтың (World Nuclear Association) 2018 жылғы дерегіне сүйенсек, уран өндірумен айна­лы­сатын 14 мемлекет бір жылда 53 498 тонна шикізат өндірген. Оның 41% көлемі (21 705 тонна) Қазақстанға тиесілі болса, 7 мың тоннасы – Канаданың, 6 517 тон­насы – Австралияның, 2 904 тон­­насы – Ресейдің үлесінде. Сонымен қатар қауымдастықтың ТОП-10 тізімінде посткеңестік елдерден Өзбекстан (2 404 тонна) мен Украина (1 180 тонна) кіріпті. Айта кететін жайт, ресейлік «Росатом» компаниясы Қазақ­стан­дағы уран өндіру жұмысына «Қазатомөнеркәсіп» компания­сымен бірлескен кәсіпорын ар­қы­лы қатысуда. Оған қоса, Қа­зақ­станда, Африка мен Солтүстік Америка жерінде шикізат өндіріп жатқан әлемдік ірі ойыншы – Uranium One кәсіпорыны да «Росатом» компаниясы құры­лы­мына кіреді. Осыдан-ақ Ресей мем­лекетінің әлемдік уран өнді­рісі мен жеткізілімін бақылауда ұстауға деген ұмтылысын бай­қауға болатындай. Дегенмен қазақ жеріндегі уран қорының молдығы мен өндіру технологиясы шығы­ны­ның аздығы өзге де ірі кәсіпорын­дарды қызықтырып отырғаны анық. Мәселен, электр энергия­сына деген ішкі қажеттілігінің 75%-ын атом электр стансасы (АЭС) арқылы жауып отырған Фран­ция мемлекеті соңғы кез­дері Қазақстан мен Өзбек­стан­дағы уран өндірісін кеңейтуге мүдделілік таныта бастаған. Оған себеп – француздың әйгілі Orano (бұрынғы Areva) компаниясының шикізат қорының азаюына бай­ланысты 2021 жылы Нигерия жерінен кететіні жайлы ақпа­рат­тың тарауы. Қазірдің өзінде Orano компаниялар тобы Өз­бекстан үкіметімен бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келі­сім­шарт жасап үлгерді. Яғни, Орта­лық Азия жеріндегі қазба бай­лықты игеруге геосаяси тұрғыда меншіктеуге бейіл Ресейге уран нарығында бәсекелес ойыншы пайда болды деген сөз. Соңғы жылдары жаһан жұрт­шылығының электр энергиясына деген сұранысы өскен сайын АЭС құрылысы мен оған қажетті отын көзіне де қызығушылығы артып келе жатқаны анық. Дү­ниежүзілік ядролық қауымдас­тықтың 2018 жылғы дерегінше, әлемде 443 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Оған қоса, 70-тен астам мемлекет атом энер­ге­тикалық қондырғыларын салу­ды жоспарлап отыр. Бұл уран өн­дірісі мен саудасын қыздыра түс­пек. Демек, Қазақстан да атал­ған саладағы көшбасшы ре­тінде шикізаттық бағытын әр­тараптандыру жағын ойластыр­ғаны жөн.    width=Бауыржан БАЗАР