ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
10,896
оқылды
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері жолда 700-ден астам адам қаза тауып, 7 мыңға жуық азамат жарақат алды. Осыған байланысты ҚР ІІМ жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады.
"Жыл басынан бері жолда 700-ден астам адам қаза тауып, 7 мыңға жуық азамат жарақат алды. Күн сайын елімізде 10-ға жуық адам қаза тауып, 70-ке жуық адам түрлі дене жарақаттарын алады" делінген ҚР ІІМ ресми ақпарат ресурсында.
Құзырлы ведомство дерегіне сүйенсек, кеше ғана бір тәулікте 39 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 11 адам қайтыс болып, 57 адам жарақат алды.
"Зардап шеккендердің көпшілігі – 40 жасқа дейінгі адамдар мен балалар. Бұл біз үшін, еліміздің болашағы үшін орны толмас шығын. Талдау көрсеткендей, жол апаттарының себептері: жылдамдық режимін сақтамау, маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығып кету, аударылу, жаяу жүргіншілерді қағып кету болып отыр. Жолда адам өзінің қауіпсіздігі мен басқалардың қауіпсіздігі үшін жауапты екенін есте ұстаған жөн", – деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Атығай Арыстанов
Оның айтуынша, "жол қозғалысына қатысушының әрқайсысы, алдымен өзінің, одан кейін өзгенің қауіпсіздігі үшін жауапты". Ол автокөлікті басқару кезінде қауіпсіздік белдігін тағуды әрдайым қадағалау маңызды екенін айтады.