Абайды зерттеу бұрынғыдан тереңдеп кеткен. Себебі қазір дүниетаным өзгерген. Бұрынғы біздің төбемізге көтеріп жүрген атеистік, материалистік көзқарас жалған болып шықты. Енді кванттық физиканың өкілдері бір Алланың бар екенін дәлелдеп берді. Сондықтан қазір қоғамда ғалымдардың бәрі дағдарыста. Қайда барарын білмей қаңғалақтап жүр. Бұрын бәрі материалистік, лениндік, маркстік жолға түсіп алған еді. Енді бірден өзгеріп кетті. Ал Абайдың өзі өзгеріске ыңғайлы және діндар ақын. Әрине, молда емес, бірақ діннің тарихын терең білетін адам. Сондықтан қазір Абайды зерттеуге келушілерге де қиындық туып жатыр. Себебі зерттеушілер Ислам және басқа да діндердің шығу тарихын білмесе, шариғаттан хабары болмаса Абайға кіре алмайды. Әуезов «Абайдың батысынан шығысы басым» деген болатын. Ал біз соның бәрін терістеп келдік. Енді керісінше сол теріс деген адамдардың ой пікірлері қазір теріс болып шықты. Біз бұрын Абайды материстік танымның аясында танысақ, енді ой-санаға қарай жүруіміз керек. Бұл дүниені билейтін материя емес, оны билейтін ұлы сана дегенге келді. Ол кезде Греция дамыған, көп құдайға табынып жататын. Сондықтан дүниежүзінде адамзат баласына алғаш рет тәңірлік дін арқылы бір жаратушының бар екенін ата-бабамыз айқындап кетті. Одан кейін оны теріс деп жүргендер бәрібір шындық екеніне көз жеткізді. Ендігі зерттеудің барлығы осы тұрғыда болады. Алайда жоғарыда айтып өткенімдей, қазір оған зерттеушілер дайын емес. Тереңдей алмай жатыр. Олар көп болса ағылшын және орыс тілін біледі. Оған қазір Ясауиді білетін, терең исламдық білім-танымы бар адамдар керек болып тұр. – Мекемтас аға, еліміз өзіңізді абайтанушы деп біледі. Абайды зерттеуге бүкіл ғұмырыңызды арнап келесіз. Биыл міне, ұлы бабамыздың 175 жылдығы мемлекет және ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Әуезовтен те бата алғансыз. Осынау мерейтойға қандай дайындығыңыз бар? Не үлес қоспақшысыз? – 175 жылдық мерейтойға орай 15 томдық еңбек дайындадым. Жинағым мемлекет тарапынан қолдау тауып, қаржы бөлінді. Бүгінде баспада дайындалып жатыр. Семей қаласында өтетін Абайдың туған күніне арналған мерекелік шарада тұсаукесері болады деп күтіп отырмын. Мерейтойға ЮНЕСКО-ның төрағасы да келеді. – Абайды қанша жылдан бері зерттеп келесіз. Осынша еңбектен Абайға ден қойғанда оның сізді ерекше таңғалдырған қыры немесе ерекше бас игізген еңбегі қайсы деп айтар едіңіз. – Абайдың қыры жыл өткен сайын жарқырай береді ғой. Атап өтер үлкен жаңалық, Абайдың бір қара сөзінде «толық адам» ілімі дегені бар. Мұндай ілім басқа халықтарда жоқ және бұл бірден туа салған емес, мұның тарихы әріде жатыр. Түркі халықтарында Алып Ер Тұңға деген өзі жомарт, бай кісі болған. Соның ақи деген ілімі болған. Ақи деген, яғни жомарттықты білдіреді. Ол замандарда да бизнес болатын. Әлгі кісі барған жерінде халыққа көмектесіп жүрген. Тапқанынан отбасына жететінін алады да, қалғанын елге таратып беріп отырады. Мұндай үрдіс 7-11-ғасырда түркілерде кең тарайды. Бұл – ахидың дәуірі. Қазақтың «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мәңгілігін ойлаған баласының санасына ізгілік егеді» деген сөзі бар. Мен осыны ұстадым. Мұндай сөзді бұрын ешқандай ұлт айта алмаған. Ахидан кейін әл-Фарабидің «парасатты адам» деген идеясы шықты. Онда ел басқаратын адамның он екі түрлі қасиеті болуы керек дейтін. Одан кейін «Құтадғу білік», сосын «Кабуснама» шықты. Кейін мұны Ахмет Ясауи алып шығып, ол Абайға жалғанды. Ал осыдан соң барып ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің ар ғылымы шықты. Міне, бұл біз ұстауымыз тиіс алтын арқау. Мұқаң мұны білсе де, іштей тынды. «Батысынан Шығысы басым» деген сөзі үшін де таяқ жеді ол. Көрдің бе, сонда анау ақилардан бері қарай жомарттардан кейін 6 саты болған. Ал Қытай елі біздің заманымыздан бері 500 жыл бұрын «жақсы адам» дегенді көтерді. Осы кезде Конфуций шықты да, мұны тоқтатты. Әрі қарай дәстүр болмай қалды, дамыған жоқ. Айталық, Авеста деген Зороастиризм дінінің қасиетті кітабы бар. Мұнда дара деген құдай бар. Әйел – құдай. Адамгершіліктің негізі соның аузымен айтылады. Ал тұран жерінде бірінші рет адамгершіліктің ілімі біздің елде жасалған. Тұран деген біздің бұрынғы жеріміз. Арабтар келіп, Тұранды жоқ қылды, орнына Түркістанды қойды. Кейін орыстар келіп, Түркістанды жойды да, Орта Азия дегенді қойып, Тұран деген атағымызды мүлдем жойды. Болмаса Иран-Тұран болып отырғанбыз. Олар әдейі жоғалтты. Себебі түрік халықтары Тұран дегенде аяқтарынан тік тұратын. – Жалпы, осы Абайдың «толық адам ілімі» қайдан пайда болды деп ойлайсыз? – Батыстың генерал губернаторы Сперанский патшаға жазған хатында: «Қазақтың даласында сексеуіл деген ағаш бар, оны ұрсаң жарылмайды, ал өзін-өзіне ұрсаң быт-шыт болады. Сондықтан «сексеуіл» тәсілін өздеріне қолданайық» дейді. Осылайша, бұл тәсіл алғаш рет Түлкібас ауданының Майлыкент ауданында тәжірибе ретінде қолданылды. Осы жүйе жүзеге асып, қазақтың мінезі өзгеріп кетті. Абайға дейінгі моральды-моналиттік көзқарасымыз ыдырап, біріміздің-біріміз жағамыздан алатын, айқай-ұйқайы көп, талас-тартысты, арызқой, өтірікші суайт қалыпқа түсіп кеттік. Осыны Абай көрді. Халықты бұл тажалдан сақтау керек болды. Қалай сақтайды? Содан барып, өзі көп оқыған толық адам ілімін жасап шықты. Мен мұны алғашында білмедім. Докторлықты қорғаған кезде де толық адамның не екенін түсінбедім. Неге шығарған деген ой келіп, кейін іздестіре, зерттей бастадым. 20 жылдай іздеп, бірнеше мәрте оқып, жүйесін таптым. Одан соң барып толық адам туралы монография дүниеге келді. Таяу күндері жарияланады. Енді бүкіл қазақтың жастарына сол толық адам ілімін оқытып, өзін рухани тазартуымыз керек.
Жалпы, патшалық ресей бізді адам қылайын деген жоқ. Қазақ пен ноғайды жер бетінен жоқ қылып, түбінде біз отыруымыз керек деген ой болды. Осы оймен қиғылықты салды-ай келіп. Компартия аштықты қолдан жасады. Осылайша, халқымыздың өсуін тоқтатып қойды. Өскен сайын өркен жаятынымыз белгілі ғой. Болмаса мынау тұрған көрші өзбек халқының саны 1916 жылы 2 миллионға да жетпейтін. Ал біз ол кезде 8 млн болатынбыз. Қазір олардың саны бізден 12 есеге өсіп кетті. Ресей бізге еш уақытта жақсылық жасаған жоқ. Қолдан халық жауын жасап, түгелдей айдады. Содан соң жазуымызды өзгертіп тастады. Әуелі төтеншеге, кейін латынға, сосын барып кириллицаға әкелді. Мәселен, мен бірінші класқа барғанда орыс алфавитімен оқыдым. Одан алдыңғысынан түкте хабарымыз жоқ. Тарихты жақсы көремін, бірақ оқи алмаймын. Осылайша, тарихымызды да өшірді. Тарихын білген адамның санасы оянып кететінін білді. Біздің санамыз мәңгүрттік қалыпта қалды. Мәңгүрттікке Голощекиннің кезінде саналы түрде айдап апарды. Содан барып біз өсуді тоқтаттық. Барлық жағынан артта қалып, тек күн көрудің қамымен кеттік. Хайуан қалай күн көреді, сол сияқты тырбанып соның қарекетімен жүрдік. Одан кейін қазақтың саны алғаш рет Қонаевтың тұсында 6 млн болды. Енді ғана 10 миллионға жетіп отырмыз. Жалпы, шетелдегі қазақтарды қосқанда 15 миллионбыз. Толық адам ілімі халқымызды рухани тазалайды. Жүйенің бәрі ашылып, қолыңа ұстатып қояды. Өзін-өзі іштей тазалайды. Қандай жаман қасиетің болса соны тазалап шығады. Оның негізі сонда. Сондықтан бүкіл халық болып жас ұрпақты тазартып алуымыз керек. Сонда біз адамгершіліктің жолына түсеміз. Рухани мәдени тірілеміз. Мұндай ой айтқан тереңдеп барған адам болған емес. Байтұрсынов мұның қолжазбасын 1903 жылы алғаш рет оқығанда тосырқап, бұрынғы ақындар құсатып оқи алмадым, түсінбедім дейді. Қазір 8 жоғары оқу орнында оқытылып жатыр. Түбінде бүкіл мектепке, жоғары оқу орындарында оқытылуы тиіс. – Абайды зерттеушілер көп. Бірақ оның толық қыры ашылмады деушілер де көп. Не кедергі деп ойлайсыз? – Иә, Абайды зерттеуші көп. Бірақ олар журналистік тілмен көпіртіп жазады. Жүйесі жоқ. Былай қарағанда, үлкен бір дүние келгендей көресің. Алайда біз әдебиетте қалыптаспаған журналистер құсап бұрқыратып жазамыз. Алғаш рет ғылыми стильде салдым. Бір сөз артық айтылмайды, нақты келтіріледі. Орыс ақыны Белинский «ақын образбен, ал философ силлогизммен сөйлейді» деп еді. Ал біздің қазіргі философтар журналистер сияқты болып кетті. Сондықтан болса керек, Абай мұрасына әлі де толық бара алмай жатырмыз. Зерттелетін тақырыбы өте көп. Әрине, адамдардың даярлығы бар, қызығады. Сонымен қатар қазір абайтану ғылымы оңтүстікке ауысқанын айтып өткім келеді. Түбінде абайтану Шымкентте қалады. Семей қалды, академия қалды. Біздің жігіттердей жігіт жоқ оларда. Біздің жігіттер мықты еңбек беріп жатыр. Мәселен, мен 15 том берсем, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де Сейдалы Оразалиев дейтін филология ғылымдарының кандидаты, доцент бар. Ол «Абайдағы қолданылған сөздер» деп, 840 беттік монография берді. Ал содан кейін М.Әліпхан дейтін жігітіміз жалғыз Абай емес, жалпы адамзат баласына адамгершілік қайдан келген?» деген тақырыппен бүге-шігесіне дейін зерттелген дүние дайындады. Қазақтың бір сөзі бар: «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мәңгілігін ойлаған баласының санасына ізгілік егеді» деген. Мен осыны ұстадым. Мұндай сөзді бұрын ешқандай ұлт айта алмаған. Демек, біздің халық басқа халықтан жоғары тұр. Біз жерімізді қорғаумен, басқалар басып алумен әлек болды. Сондықтан Абайдың заманы өте қиын заман еді. Сол себептен Абайдың ойы да өте күрделі, оған біздің философтар тереңдеп бара алмады. Абай өзі жаңа пікірдің, ойдың адамы. Жазуларында философиялық ойлар деген өріп жүр. Философтар мұны зерттеу керек. Бір жүйеге салыну керек. Бұл әлі салынған жоқ. Келешекте салынатын шығар. Енді ғылым жаңағыдай ескі жолды, атеистік-материалистік жолды тастап, ұлы санаға қарай жол салуымыз керек. Осылай зерттесек, Абай мейлінше ашылады. Оған біздің арабша, түрікше, парсыша оқығандар бар. Солардан бір нәрсе шығар деп ойлап жүрмін. Шағатай, парсы, араб тілін білмесең бұған кіре алмайсың. Мен соның шет жағасына ғана кірдім. Абайға Шымкенттен үлкен көше беру керек. Арғымбеков атындағы үлкен көше бар. Не ол компартияның секретары болған. Жақында компартияның аттарының бәрі алынады. Бұл жөнінде баяндама жасағанда айттым. Ономастикада жер тарихы, ұлттық дәстүрге түсуіміз керек. Биліктегілер орыстардан алған деологиядан шыға алмай, әлі адамның атын қойып келеді. Әрине, көңіл толмайтын дүниелер бар ғой. Абайтану түгел ашылса, ол – қазақтың пайдасы. Жас ұрпақты тазалап шығады. Бірақ соған ұмтылып жатқан адам жоқ. Ғылымда ұрлық көп болады. Ой-пікір ұрлайды. Сілтеме бермей, түгел көшіріп алатындар да көп. Әрі қарай тереңдетуге болады. Жалпы, мені Абайдың өмірі емес, дүниетанымы қатты қызықтырды. Абайдың жетінші қара сөзінде «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сыры болады» дейді. Испан ғалымдары айтады, жан дегенді білмейміз, ұстай алмаймыз, одан да көрінген нәрсені ұстайық деп, олар осы күні азғын болып кетті. Еуропа осылайша қарынның қамы, қызықтың бәрін көру керек, жан теріс деп ұғынды. Еуропалықтар жанды материалдық зат ретінде қарап, адаммен бірге өледі деп есептейді. Олай емес. Адам жаны мәңгілік сапарға аттанады. Ғалымдар зерттеді. Адам қайтыс болған кезде бірден екі грамм кемиді екен. Яғни, жанның екі грамм салмағы бар. Бұл тұрғыда б.з.д. 626 жылы бабаларымыз біліп, ізгілік идеясын егіп кеткен. Енді еуропалықтар жаңа ұрпақ келмейінше өзгермейді.Абай туралы тоғызыншы сыныпта аттап-пұттап өтіп, оқылмай қалған. Абай осылайша менің ұғымымда болмаған. Аспирантураға түсуім керек болды. Бес балам бар, жасым 31-де. Тез оқып, кандидат болуым керек. Жеңіл тақырыпқа жүгірсем, академик Қажым Жұмалиев қайтарады. «Абайды аласың» дейді. Мен білмеймін деп айта алмаймын. Бәрі тақырып алып қойды. Осылай 3 ай жүрдім. Бір күні Қажекең: «Абайды алсаң, ал. Алмасаң, есік ашық, кете бер» деп ашық айтты. Өзім аспирантураға зорға түскенмін, көндім.