Берекелі қарт Каспий көршілерді біріктірді
Берекелі қарт Каспий көршілерді біріктірді
Қазақстан көшбасшысы Түрікменстанның бас қаласы Ашхабадта өткен VI Каспий сам­митіне қатысты. Төрт жыл бұрын Ақтауда Каспийдің құқықтық мәртебесі бекітілгелі бұл теңіз ынтымақтастықтың, достық пен тату көршіліктің айдынына айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев­тың байламынша, осы маңызды кездесудің офлайн өткізілгені дұрыс болды. Ақтау тарихи саммитінен бер­гі 4 жыл ішінде әлем түбегейлі өз­­­герістерді бастан өткерді. Ко­ро­­­навирус пандемиясы, геосаяси шие­леністің күшеюі және басқа сын-қатерлер Каспий аймағын­дағы тұрақтылық пен орнықты даму­ды қамтамасыз ету үшін күш жұ­мылдырудың аса маңызды еке­нін көрсетіп отыр.
– Бұрын-соңды болмаған «жаһан­дық дауыл» жағдайында Каспий теңізінің геосаяси тұр­ғы­дан орналасуына, бай табиғи ре­сурстарына, сондай-ақ оң­тай­лы транзиттік әлеуетіне бай­ла­нысты оның маңызы арта түседі. Ақтау саммиті Каспий маңы мем­лекеттерінің күрделі әрі түйт­кілді мәселелерді бейбіт жолмен, тату көршілік және достық ру­хында шеше алатынын бүкіл- ә­лем­дік қоғамдастыққа танытты. Көп жылғы келіссөздерден кейін бесжақты ықпалдастықты ке­шен­­ді түрде нығайтудың берік құ­қықтық негізін қалыптастырған Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенцияға қол қойылғаны – соның айқын дә­лелі, – деді Қазақстан Президенті.
Оның пікірінше, Каспий – пай­далы ресурстардың мол қоры ғана емес, сондай-ақ шексіз мүм­кін­діктерге жол ашатын теңіз. Мем­лекет басшысы Каспий маңы елдерінің әлеуетін толық­қан­ды пайдалану мақсатымен ын­тымақтастықты нығайтудың перспективті жолдарын белгілеп берді.
– Басты міндетіміз – Кон­вен­цияның тезірек күшіне енуін қам­тамасыз ету. Осы мәселеге қа­тысты өзара тиімді шешімдерді із­деу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл мәселелер тікелей ұлттық мүддеге байла­ныс­ты болғандықтан, тараптар­дың ұстанымдарына түсіністікпен қараймыз. Көздеген мақсатымыз­ға қол жеткізу үшін бар күшімізді са­­луға дайынбыз, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәстүрлі ло­гистикалық желілердің үзілуі жағ­дайында өзара көлік қатына­сы мемлекеттер арасындағы эко­номикалық байланыстардың ор­нықты дамуының және ны­ғаюы­ның маңызды факторына ай­налады деп санайды. Оның пі­кірінше, Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы тран­зит­тік қатынастар легін қамта­ма­сыз ету үшін Транскаспий халық­ара­лық көлік бағытының рөлі арт­ты.
– Биылғы 5 айдың қорытын­ды­сында осы бағыттағы қазақ­стан­дық жүк тасымалының кө­ле­мі 2,5 есе өсті. Ал Каспий маңы ел­дерімен арадағы жалпы тауар ай­налымы 9%-дан асты. Теңіз ар­қылы өтетін жүк легінің көле­мін ұлғайту мақсатында оның ай­лақтарындағы инфра­құры­лым­ды жаңғыртуға және теңіз флотын кеңейтуге кірістік. Ұйым­дас­тыру­ға қатысты өзекті мә­селелерді бірлесіп, жедел шешуіміз керек. Бұл өзара тиімді әрі бірізділен­діріл­ген тарифтерді уақытылы бе­кітуге, түйткілді мәселелерді рет­теуге қатысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Солтүстік–Оңтүстік перспективті дәлізін одан ары дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Ол үшін Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа бағыт саналатын «Қазақстан–Түрікменстан–Иран» теміржолының мүмкіндігін барынша пайдалануға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, былтыр Қазақстанның Каспий маңы елдерімен арадағы өзара азық-түлік саудасының көлемі шамамен 3,5 миллиард доллар болды. Оның 70%-ы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды. саммит Ашхабад Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен арада 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде қазақстандық жоғары сапалы бидай (шамамен, 5 миллион тоннадан астам), ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Біздің ел тағы 1 млн тоннадан астам майлы дақыл экспорттау мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Қазақстан Президенті Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды: бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы теңіздің экожүйесін сақтауды ықпалдастықтың басты бағыттарының бірі деп атады. Каспий жағалауының экономикалық дамуы және миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты осы транс­шекаралық су қоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты.
– Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді. Каспий итбалығы – жергілікті фаунадағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі. Ол – бүкіл теңіз аумағын мекен ететін трансшекаралық биоресурс. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдың бес жылдық жоспарына қол қойылды. 1974 жылдан бері Каспийдің солтүстігінде Қазақстан мен Ресейге тиесілі қорық аймақтары бар. Алайда Қызыл кітапқа енген осы бір жануарды сақтау мақсатында қабылданған шаралар әлі де жеткіліксіз. Қазір біз қорық аумағын ерекше қорғалатын табиғат аумағы ретінде қайта құру мәселесін қарастырып отырмыз. Каспий маңындағы барлық мемлекетті Қазақстан мен Ресейдің бастамасын қолдауға және оған қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол саммитке биологиялық ресурстарды заңсыз аулауға қарсы күресудің маңыздылығына қатысушы­лардың назарын аударды. Президент биоресурстарды заңсыз аулау, балық өнімдерін тасымалдау, бекіре тұқымдастарды заңсыз сатып алу немесе сату фактілерін қаперге салды.
– Каспий қойнауын және оның маңындағы аудандарды игеру кезінде техногенді апаттар мен табиғи катаклизмдердің үлкен қаупі барын ескерген жөн. Сондықтан апат салдарының алдын алудың және оларды жоюдың аймақтық механизмін, төтенше жағдай кезінде өзара көмек көрсету жүйесін дамыту маңызды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы тығыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды және «Каспий бестігінің» талдау құрылымының консорциумын қалыптастыруды ұсынды.
– Каспий бойынша ынтымақтастықты ары қарай жан-жақты тереңдетуге қатысты айтылған бастамалар сапалы әрі уақытылы орындалатынына сенімдімін. Қазақстан баршамызға ортақ және ата-бабаларымыздан мирасқа қалған берекелі қарт Каспийдің қашанда достықтың, тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтас­тықтың теңізі болып қалуына мүдделі. Мемлекет­теріміздің гүлденуі және ілгерілеуі үшін өзара ерік-жігер таныта отырып, баршамыз осы ізгі мақсатқа қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деп түйді Қ.Тоқаев.
Каспий саммитінде Түрікменстан Президенті С.Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті И.Раиси, Ресей Президенті В.Путин сөз сөйледі. Форум қорытындысында мемлекеттер басшылары ортақ коммюнике қабылдады.