27 желтоқсан күні болған ұшақ апатынан соң басы дауға шатылған Bek Air әуекомпаниясы ұшақ соғылған үйдің иесі Решет Қалибекті сотқа берді. Үй иесінің айтуынша, сотқа шақырту қағазы бір апта бұрын келген. Осы уақытқа дейін Решет Қалибек компания үстінен арызданған болатын. Алайда компания үй тұрғызылған жер пайдалану мақсатына сай емес, заңсыз екенін алға тартып отыр. Апаттан кейін Bek Air компаниясы «ұшақ заңсыз тұрғызылған үйге соғылмағанда адам шығыны болмайтын еді» деп ақталған. Осылайша, сотқа шақырылып отырған үй иесі жерді заңсыз рәсімдеп берген әкімдік қызметкерлері емес, өзінің жазықты болып отырғанына қапалы. – Жақында Bek Air-дің мені сотқа бергені туралы қағаз келді. Жаныма батып отырғаны – компания жерді заңсыз рәсімдеп, үй салуға рұқсат берген әкімдіктің үстінен емес, менің үстімнен шағымданғаны. Осылайша, мені кінәлі еткісі келеді. 21 ақпанда сотқа шақырып отыр. Бірінші мен компания үстінен арызданғанмын, енді олар мені жазықты етудің жолын іздеген екен, – дейді Решет Қалибек. Былтыр 27 желтоқсан күні таңғы сағат жетіде Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Лайнер Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан бетте құлдилап, әуежай қоршауынан асып, үйге соғылған. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты. М.ХАҚНАЗАР