Былдырлағанның бәрі еркелік емес
Былдырлағанның бәрі еркелік емес
582
оқылды
Осыдан бір ғасырдан ас­там уақыт бұрын: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жа­тық, ал 5-6 жастағы балалар ше­шен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революцио­нері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Бірақ бүгінгі балалардың шешендігі тұрмақ, бал тілін қызықтаудың өзі көп ата-анаға арман болып тұр. Өйткені мектеп жасына жетсе де, әлі күнге былдырлап жүрген балдыр­ған көп. Сонда бұған не себеп? Және бұл тығырықтан шығатын жол қандай? Телефонға телмірген бүлдіршіннің тілі сүрінеді Елімізде балалардың 35 пайыз­ға жуығы күніне екі және одан да көп сағат экранға телміреді екен. Мұндай қорытындыны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жасаған. «Қазақстандағы балалардың 33,9 пайызы күн сайын екі және одан да көп сағатын түрлі құрылғылар экранының алдында өткізеді. Бұл көрсеткіш қалаларда 37,2 па­йызды, ал ауылдық жерлерде 30 пайызды құрап отыр. Біз көбіне үйдегі балалар телефонға телмірсе, көзін құртатын болды ғой деп алаң­даймыз. Алайда біз байқай бер­мейтін тағы бір зияны бар. Бұл – бала тілінің кеш дамуы, кей жағ­дайда мүлдем шықпауы», – дейді орталық мамандары. Логопед әрі психолог Дана Жұмаділова бала тілінің кеш шы­ғуының негізгі үш себебі бар еке­нін айтады. Осы үш себеп те баланың ата-анасымен тікелей байланысты екен. – Бала тілінің кеш шығуына физиология­лық, генетикалық және психологиялық үш себеп бар. Біріншіден, баланың ауыз қуысы, жақ сүйегі, тісі мен тілінде қандай да бір кемістік бар ма, жоқ па соны анықтап алу керек. Мысалы, бала кішкентай кезінде құлап қалып, жақ сүйегі орнынан қозғалып кеткен болуы мүмкін. Екіншіден, баланың ата-анасының тілі кеш шыққан болса, бұл өз кезегінде генетикалық жолмен перзентінде қайталануы мүмкін. Сондай-ақ бала бір нәрседен қатты қорқып қалса немесе күнде­лікті тұрмыста ата-анасының жан­жал­дасатынын көріп өссе, мұның барлығы тілдің шығуына кері әсерін тигізеді. Ал осы психологиялық себептен арылу үшін мықты мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Бірақ тілдің шықпауына психологиялық себеп бар дегеннің өзінде логопед маманға қосымша қаралу артықтық етпейді. Себебі логопед емделу процесін жеделдетуге көмектеседі. Логопед үш жасқа дейінгі балалардың ана­сы­мен бірге жұмыс істейді. Өйткені екі жасқа дейін бала уақытының 85 пайызын анасымен бірге өткізеді. Яғни, бала тілінің шықпауына әсер етіп отырған психологиялық себепті анықтауға анасы көмектеседі. Бұдан өзге үш жасқа толған баланың тілі анық шықпаса, бірден дабыл қаққан жөн. Алайда кейбір ата-ана баласының тілі шықпағанына қарамастан, бірден логопед немесе психолог, психо­аналитик мамандарға баруға асықпайды. Уақыт өте келе өзі сөй­­­лейді деген үмітпен емді ке­йінге қалдырады. Соңынан бармақ тістеп жатады, – дейді маман. Тәжірибелі логопед маман Роза Қыдыр­баева да бала дамуында ата-ананың рөлі маңызды еке­нін жеткізді. – Ата-ана бала дамуындағы қарапайым ерекшеліктерді білгені жөн. Сонда ол өз сәбиіне қандай маманның көмегі керек екенін шамалай алады. Біз кез келген кемшілікті, ақауды, аурудың белгілерін неғұрлым ертерек анықтасақ, соғұрлым оны жою, жеңу жеңілге түседі. Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін білу үшін туғаннан үш жасқа дейінгі сәбиде дыбыстардың пайда болу реттілігін білуі керек. Осы реттілік бұзылғанын байқаса, логопед қызметіне жүгінгені жөн, – дейді Роза Алмабекқызы. Сондай-ақ оның айтуынша, дені сау бала туғаннан бастап түрлі дыбыстарды шығарып, уақыт өткен сайын сонысы жетіле түсуі керек екен. Логопедтердің қызметін қалта көтермейді Байқап тұрсақ, балалардың тіліндегі кемшілікті түзетуде логопедтердің алар орны ерек екен. Алайда осы маманның қызметі барлық балаға қолжетімді ме? Біздіңше, жоқ. Себебі бүгінде мұн­дай мамандардың қызмет құны шарықтап тұр. Бұған түрлі сайттардағы бағаларды саралап көргенде көз жеткіздік. Тараз қаласында логопед қызметін алудың құ­ны бір балаға айына 70 мың тең­гені құраса, енді бір жерде 25 мың деген бағаны көзіміз шалып қалды. Сөйтсек, 25 мың теңгелік маман күн сайын бір сағат қашық­тан қызмет ететін болып шықты. Тағы бір назар аударар­лық нәрсе, қай жарнама бойынша хабарлассақ та алдымен баланы көрсетіп, кеңес алуды ұсынады. Ал кеңес беру де ақылы. Осылайша, қызмет құнының қымбаттығынан көптеген ата-ана логопедтерге жүгіне алмай келеді. Солардың қатарында Гүлжәмила Серікбаева да бар. былдырлаған – Қызым мектепте оқиды. Пандемия басталған кезде 1-сыныпқа барып, ең маңыз­ды уақытта қашықтан оқып қалғандықтан, оған көп көңіл бөлдім. Ал 1 жасар ұлымды көбіне тек тыныштандырудың жолын іздедім. Сөйтіп, жылай қалса, телефон ұстата салатынмын. Кейін өзіне планшет алып бердік. Мультфильм көріп, тыныш отырады. Соған өзім де қанағаттанатынмын. Қазір сол ұлым үш жастан асты. Әлі тілі толық шықпады. Сөздік қоры – 1 жасар баланікіндей. «Әкел, бар, бер, мама, әке» дегенді ғана біледі. Содан таныс психологқа көрсетіп едім, ол ұлымды логопед-дефектологқа апаруға кеңес берді. Бірақ оған шынын айтуымыз керек, қалтамыз көтермей тұр, – дейді көпбалалы ана. Бұрынғылар баланың тілін қалай шығарған? Шынын айту керек, логопедия саласы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан дүние емес. Бұ­рын­дары да қазақтың шаңырағында бірлі-екілі бүлдіршіндердің тілі кеш шыққан. Алайда ғылым дамымаған сол кезеңде халқымыз мұның емін салт-санамызға негізделген ырымдардан тапқан. Зейнеткер Базаркүл Қалау­баева дәл сондай ырымдардың біріне куә болыпты. – Әпкемнің ұлы 4 жасқа келгенше был­дыр­лап сөйлеп жүрді. Бірақ онысын «әлі кішкентай ғой», «еркелігі басымдау», «әкесі де солай кеш сөйлеген екен» деген сияқты сан түрлі сылтаулармен аса елемейтін. Содан бір күні әпкеміз жаздың күні балалар демалысқа шыққанда ауылға қыдырып келген болатын. Әжемнің сол кезде жиенге жасаған ырымын көрдім. Көрдім де таңғалдым. Әкем базардан сатып алып келген тоқтыны «жиендер ет жейді бүгін» деп әзілдеп жүріп, сол күні бауыздады. Әжем де, шүпірлеген балалар да барлығымыз қызық көріп, мал сойы­лып жатқан жерге барып, тамашалап отырдық. Бір кезде әжем сол жерде қойдың қып-қызыл өңешін алды да алаңсыз отырған жиеннің мойнына орап, қыл­ғындырып ырымын жасады. Ойнап отырған бала кенеттен не болғанын түсінбей, шыңғырып жылап жіберді. Артынша, «мама-а-а» деп еңіреді келіп. Мұндайды алғаш көрген біз де жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелдік. Баласын жұбатып жатқан әпкеме «Қорқатын ештеңе жоқ, ешкім де бұл ырымнан жүрегі жарылып өліп кетпейді. Бала қорқып, шыңғырып, қатты дыбыс шығарса, жақсы болады. Сөйлеу жолдары осылай ашылады», – деп әжем ұрсып бер­ді. Шынында да содан кейін көп ұзаған жоқ, бала емін-еркін сөйлеп, бір жылдан кейін мектепке барып, тілі «тас жаратындай» болып тақылдап тұрды, – дейді Базаркүл Сайлаубекқызы. Осындай наным-сенімнен ту­ған тағы бір ырым туралы белгілі ақын Әмірхан Балқыбектің «Баба – ырым» атты өлеңінде айтылады. Алғысөзін «Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы кешеуiлдей бас­таған сәбиге итаяқтан су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты», – деп бастаған ақын әрі қарай: «Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн, Айыптарға өзге күнәм көп менiң. Ырзығымды табам қазiр еңбекпен, Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн», – деп толғайды. Халқымызда «Бала тілі – бал» де­ген мәтел бар. Бірақ сол тіл шық­са ғана тәтті болатындай. Қалай де­сек те, былдырлағанның бәрі еркелік еместігін де естен шығарма­ған абзал. Сондықтан балаңыздың тілі шықпай жатса, бұны балалыққа баламай, халықтың наным-сенімін жасап, қалта көтерсе, логопедке барған жөн.

Жамбыл облысы