Ресейлік компаниялар: келген көште құт бар ма?
Ресейлік компаниялар: келген көште құт бар ма?
511
оқылды
Елімізде соңғы айлары ресейлік компаниялар еселеп көбейіп жатыр. Санкция шырмауынан шығудың жолын із­дестірген олар ақыры біздің нарыққа лап қойды. Енді бәсе­келестік қызуы мүмкін. Ал бұл компаниялардың Қазақстан экономикасы үшін нендей пайдасы бар? Шетелдіктердің ығында қалған отандық компаниялардың жұмысы тұралап қалмай ма? Инвесторларға иліктік Finprom.kz сарапшылары Қа­зақ­станда Ресейден көшіп келіп жатқан компаниялар саны 13 мың­нан асқанын жария етті. Бұл есеп алдағы уақытта да өсе бермек. Геосаяси ахуал шиеленіскелі бері ресейлік компаниялар санкциядан қашып, Орта Азияға ағылды. Мысалы, сәуірде Өзбекстанда тек ресейліктердің қатысуымен 103 компания құрылған. Бақандай төрт есе өскен. Бұған қоса, Өзбек­станда ақпарат және байланыс саласына қатысты 45 компанияның шетел капиталы арқылы негізі қа­ланғаны белгілі болды. Қазір оң­түстіктегі көр­шіміздің аумағында ресейлік IT мамандар өріп жүр. Осыны айтып ауыз жиғанша бол­ған жоқ, Қазақ­стандағы жағдай тіптен асып түсті. Жыл басында елі­мізде 11 500 ресей­лік кәсіпорын тіркелсе, соңғы төрт айда аталған елден 1566 компания көшіп келген екен. Яғни, 13 мың­нан асып үл­герді. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылдың 1 желтоқ­са­нын­дағы дерек бойынша, елімізде 7066 ресейлік компания болған. Егер геосаяси ахуал тұрақтанбаса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 15 мыңға жетуі мүмкін. Қарқын алып жатқан бұл үр­діске қатысты жұрттың көзқарасы сан қилы. Біреулер пайдасы барын алға тартса, мемлекетке кері әсері басым екенін айтатындар да аз емес. Сондықтан екі тараптың пі­кірін талдап көреміз. Әуелі пайда­сына тоқталайық. Көрші мемле­кеттің компаниялары көптеп ке­луі­нің арқасында елдегі жұмыссыз­дық мәселесі жеңілдеуі мүмкін. Соған сай халықтың табысы ар­тады. Бірақ олар жұмысшы аларда жергілікті азаматтарды шеттететін болса, бұл керісінше, жұмыссыз­дықтың өршуіне, наразылықтың көбеюіне апаруы ықтимал. Деген­мен шетелдіктер бәрібір жергілікті жұмыс күшіне тәуелді болатыны сөзсіз. Компаниялар өзімен бірге жаңа технология алып келеді. Сол арқылы жергілікті мамандардың біліктілігі артады. Экономист Сә­бит Рысбаев та бұл тұрғыда мемле­кет ұтылмайтынын жеткізіп отыр.
– Негізі нарықта бәсекелес­тіктің болғаны жөн. Инвестиция тікелей және жанама болып бө­лінеді. Сондықтан Қазақстанға келген ресейлік компаниялардың бәрін нашар деуге болмайды. Кез келген мемлекет инвестицияға мұқтаж. Егер олар елімізде зауыт салса, дайын өнім шығарса жақсы, қорқудың керегі жоқ. Керісінше, пайдалы болмақ, – дейді сарапшы.
Отандық компаниялар орға жығыла ма? Енді мәселенің екінші жағына ойыссақ. Жақында Үкімет оты­рысында Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин елімізге Ресейдің бірқатар алып ком­панияларының қызметкерлері қоныс аударғанын «мақтанып» айтты. Келген компаниялардың тізімінде Playrix (17 млрд доллар), Tinkoff Bank (6,3 млрд доллар), Nexters (1,9 млрд), InDriver (1,2 млрд доллар) бар. Тізімге жөндеп үңілсек, көбі IT салаға қатысы бар компаниялар екенін аңғарамыз. Сөйтсек, еліміз мыңнан астам ресейлік IT-маманға көмектесіпті. Көшіріп әкелген, тіркеуден өт­кізіп, орын ұсынған. Бұл жаңалық көпке жақпады. Әсіресе, отандық компаниялардың мүддесін ойла­ғандар «шетелдіктерге жағдай жа­сап, бізді қолдан тұншықтырды» деп ренішін айтты. Негізі жаны бар сөз. Сарапшы Сәбит Рысбаев «бә­секелестікке төзе алмаса, отандық компаниялардың тұншығып қала­тыны онсыз да анық. Бұл жерде олар­дың қаржылық мүмкіндіктері рөл атқарады» деп отыр. Шы­нында, біраз саладағы отандық кә­сіпкерлерге қиын соғуы мүмкін. Мәселен, Қазақстанға «Яндекс» пен «Индрайвер» қызметі келген­нен кейін отандық таксопарк қыз­меті тоқырады. Қаншама таксо­парк жабылды, ондағы қаншама адам жұмыссыз қалды. Мұнымен қатар, осы такси саласында келетін қаражаттың барлығы Ресейге жө­нелтілуде. Енді, Ресейдің алтын өн­діруші компаниялары да Қа­зақстанға көшуге дәмелі. Саланы толық қолдарына алғысы келеді. Бәрінің де мақсаты бір – өз елде­ріне молдап пайда түсіру. Маман­дар кей мемлекет жергілікті халық­тың таксопаркін өлтіріп алмас үшін Американың Uber секілді ірі компаниясын шекарасына кіргіз­беген оқиғалар болғанын айтады. Демек, осыған ұқсас тәжірибелерді ескермеген секілдіміз. Санкция бізді де сарсаңға салмай ма? Кейбір мамандар ресейлік ком­паниялар өздерімен бірге санк­­­цияны «қолтықтап» әкелмей ме деген үрейі барын жасырмайды. Бұл әңгіме осыған дейін талай айтылған. Орталық Азия арқылы қыспақты айналып өтудің жолын тапқан ресейлік компаниялардың кесірі өзгелерге тиюі мүмкін бе?
– Ресейден келетін бизнес өкіл­­деріне жағдай жасаудың екін­ші жағы бар. Егер біз қолайлы жағдай жасай береміз десек, Ресей осы арқылы санкцияны айналып өту қадамдарына ұмтылады. Ал оны Еуроодақ, Америка байқауы мүмкін. Ондай жағдайда санкция­ның бір ұшы бізге де тиіп кетуі ғажап емес. Сондықтан осындай кезде барынша сақ болу керек, – дейді экономист Мақсат Халық.
Дегенмен санкция салқыны келмейтініне сенетіндер де бар. Сәбит Рысбаевтың айтуынша, АҚШ пен Батыс елдері белең алған жағдайды онсыз да біліп отыр. Санк­циядағы елдермен байла­нысудың белгіленген регламенті бар. Бастысы – регламентке қарсы келмеу.
– Ресейлік компаниялар Қа­зақстанға әскери жоспарларды іске асырып, қару-жарақ шығару­мен, тасымалдаумен айналысу үшін келмейді. Егер сондай амалға барар болса, біз де санкцияға ілі­неміз деп қорқар едік. Олар саяси, әскери саладан тыс, тек кәсібі үшін жұмыс істемек. Сондықтан АҚШ пен Еуропа елдері бізге санкция салу мәселесін қарастырмауы тиіс. Мысалы, соңғы кезде кеңседе қол­данылатын А4 парақтардың кеңес заманындағыдай сары түсті болып келгенін байқадық. Себебі ресей­лік қағаз өндірушілерде қағазды ағар­та­тын бояу жоқ, бұрын шетел­ден алып келген, санкциядан кейін қолы жет­пей отыр. Ал ол бояуды Қа­зақ­стан­ға алдыртуға болады. Соны бі­ліп олар елімізге көшіп келуі мүмкін. Осындай мәселе­лер­де санкция жайлы орынсыз секілді. Дегенмен санкциядан қорқу Ре­сей­дегі кейбір жекелеген алпауыт компа­нияларға да салынғанын білеміз. Солар Қазақстанға келуге ұмтылса, әңгіме басқа, – дейді сарапшы.
Әзірге бір анығы – ресейлік ком­паниялардың еліміз үшін пай­дасы көбірек. Әлемдегі геосая­си жағдай тұрақталған соң шетелдік компаниялар өз еліне қайтып кетуі мүмкін. Бірақ ұзақмерзімді салаға инвестиция салған компаниялар кете қоймас. Әйтсе де, отандық ком­паниялардың жайы да өзекті күйінде қалып тұрғанын естен шы­ғармаған абзал.