Текке кеткен тіршілік көзі
Текке кеткен тіршілік көзі
698
оқылды
Атырауда ысырап болып жатқан жерасты сулары көздерін тығындау жұмыстары қолға алынды. Гидролог мамандар ондаған жыл бойы текке рәсуа болып жатқан тұщы суды сақтау­дың жолдарын айтса да, нәтиже шық­пай келеді. Бұл мәселені түбегейлі ше­шудің мүмкіндігі уақыт еншісінде секілді. Климаты құрғақ, жері сортаң өңірде жерасты суын ысырап етпей пайдаға асыру өзекті мәселе болып тұр. Жерасты суларының халық игілігіне пайдаланылмай ысырап болуы су көлемінің азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл туралы гидролог мамандар сан жылдар бойы айтып келе жатыр. Иесіз өзағар ұңғымаларды тығындау және крандық режимге алмастыру уақыт күттірмейтініне көз жеткендей. Жерасты су көздерін тиімді пайдалану мәселесі де шешуді қажет етеді. Бұл мәселе облыс әкімдігі тарапынан Үкімет алдына қойылып, облыс көлемінде шешілуін қажет ететін өңірдің экологиялық проблемалары тізбесіне енгізілген. Индустрия және инфрақұрылым­ды дамыту министрлігі Геология комитеті­нің мәліметіне сәйкес, облыс аумағында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Жылы­ой ауданы аумағында 180 өзағар гидро­логиялық ұңғымалар анықталып, мемлекеттік кадастрға тіркелген. Тіркеуге алынған 180 гидрогеологиялық ұңғыманың 123-і жоюға жатады, ал қалған 57 ұңғыма Жылыой ауданы тұрғындарының сұранысына орай крандық режимге қалдырылған. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы сауалымызға жолдаған жауабында: «Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің ұстанымы бойынша, бюджет қаражаты есебі­нен жүр­гізіл­ген бұл бағыттағы геологиялық барлау-іздеу жұмыстарының мақсаты – тек жерасты сулары көздерін анықтап, олардың қорын мемлекеттік балансқа қою. Ал қазыл­ған ұңғымалардың өздері кеткен шығын ретінде есептен шығарылады, яғни балансқа алын­байды. Сондықтан аудан аумағындағы бар­лық өзағар гидрогеологиялық ұңғыма­лардың иесі жоқ және ағып жатқан судың көлемі есептелмеуіне байланысты қандай мөл­шерде екенін анықтау мүмкін емес» делінген. Сайып келгенде, осыншама жыл бойы иесіз болып келген өзағар ұңғымалардан аққан судың иесі де, есебі де болмаған. Өткен жылы Жылыой ауданындағы 68 өзағар гидрогеологиялық ұңғыманы жою мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі республикалық бюд­жет­тен 26,5 млн теңге қаржы бөлген. Биылғы жыл­ға ұңғымаларды жою жұмыстарын жүр­гізуге ел қазынасынан 465 млн теңгеге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жолданған. Өзағар гидрогеологиялық ұңғыманы жою мақсатында жүргізілетін жұмыстар мал шаруа­шылығы бар және малға азық дайын­дайтын азаматтар үшін тиімсіз болуы мүм­кін. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшылығы ұңғымаларды жою жұмыстары барысында өзағар ұңғымалардың маңында орналасқан шаруа қожалықтары үшін крандық режимге қалдыру жөніндегі ұсынымдары ескерілетін болады деп сендірді. Жылыой ауданы әкім­дігіне аудандағы шаруа қожалықтарымен бір­лесіп жұмыс жүргізуге тапсырма берілгенін айтты. Аталмыш басқарма басшысының орын­басары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, өз­ағар гидрогеологиялық ұңғымаларды тығын­даған кезде жерасты суының ысырап болуы азайтылады, көлемі жоғары көтеріліп, жайы­лым­дық жерлердегі шөптің өсуіне әсерін тигізетін болады. Жерасты суын пайдаланудағы мәселелер туралы ардагер гидролог, су маманы Едіге Сабуров жерасты суын ұтымды пайдалану, келешекте болуы ықтимал құрғақшылықтан сақтайтынын айтты. – Атырау облысы шөлейт аумаққа жата­ды. Өзендер бойынан басқа жерлерде тек қана тұщы не тұздылығы төмен жерасты суларын пайдалануға болады. Талапқа сай жерасты су кеніштері облыста өте аз. Өзен суларының азаюы немесе тіптен тартылып қалуы бүгінде және жақын болашақта Атырау өңірінде жерасты су кеніштерінің маңызды­лығын еселеп арттырады. Солардың бірі – Жылыой ауданындағы, соған жақын орналас­қан Ақтөбе облысының жерін қамтитын Оң­түстік Ембі артезиандық бассейні. Аталған Оңтүстік Ембі артезиандық бассейнінің анық­талған қорына қосымша барлау жұмыс­тарын жүргізген жағдайда анықталатын мүм­кін­дігін қоссақ, бүкіл Атырау облысының суға деген қажеттілігі артығымен қамтылады. Демек, аталған бассейн Атырау облысының баға жетпес су жинағы, болашақ ұрпақтың өмірінің өзегі. Бассейн суын, оның әрбір тамшысын тиімді пайдалану арқылы болашақ ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің міндеті. Жерасты суын мал шаруашылығымен айна­лысатын шаруашылықтар кеңінен пайда­ланып отыр. Шаруашылықтың өркендеуі – елдің тоқтығы. Бірақ олар суды тиімді пайдаланылып отыр ма? Есепке жүгінейік. Төрт түлік малдың тәулігіне пайдаланатын су қажеттілігі: сиыр – 60 литр, жылқы – 60 литр, түйе – 30 литр, қой, ешкі – 8 литр. Кейбір деректерге қарасақ, аталған алқаптан тәу­лігіне 60 мың тонна/ текше метрден артық су бұрқақтары атылып жатыр. Суды көп пайдаланатын жылқыға не сиырға шақсақ, 60 мың тонна су 1 млн жылқы не сиыр ұстауға жетеді екен. Осыншама мал Жылыой ауда­нында жоқ, тіпті облыста да табылмайды. Ал әзірге өзағар ұңғымалардан аққан су малдан артылып, айналасын көлге айналдырып жа­тыр. Бұл – судың тиімсіз пайдалануының бұлтартпас дәлелі, – дейді Едіге Сабуров. Жуырда ғана парламенттік тыңдау бары­сында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алдағы бес жылда өңірде су тапшылығы 40 пайызға артуы мүмкін деп мәлімдеді. Сайып келгенде жерасты су қорын сақтау үшін өзағар ұңғымаларды кранды режимге ауыстыру уақыт күттірмейді. Оған шаруа қожалықтарының жағдайы келмейтінін ескере отырып, аталған жұмыс Үкімет есебінен атқарылып, ұңғыма шаруа кожалығының жауапкершілігіне тапсырылуы керек. Артық өзағар ұңғымаларды уақытша тығындау қажет. Сонда ғана заң аясында суға байланысты талаптар орындалып, табиғатқа көрсетіліп отырған қиянат тоқтайды. Жергі­лікті халықты сумен қамтамасыз етуге де мүмкіндік болады.

Атырау облысы