Жаз басталғалы Қарағанды облысында өзен-көл жағалап, суға түсуге асыққандардың саны көбейді. Дегенмен қайғылы жағдайлар да жиіледі. Шомылу маусымы ашылғалы бері аймақта 9 адам суға кеткен, оның 4-і – бала. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, былтыр жаз мезгілі кезінде 19 адам суға кеткен. Ал биыл жаздың бел ортасына жетпей жатып 9 адам суға ақты. Қайғылы оқиғаға ұшыраған 4 баланың біреуі Абай ауданындағы Жартас ауылы маңындағы су айдынына, екіншісі Майқұдықтағы Көгілдір тоғандар суына, қалған екеуі Теміртаудағы Самарқанд су айдыны мен Нұра өзеніне батып кеткен. Осы аптада тағы 2 бала қазаға ұшырап, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылы маңындағы су қоймасынан денелері табылған. Мамандар мұндай қайғылы жайттың жиілеу себебін ата-аналардың қарауынсыз баланың тыйым салынған жерлерге суға түсуінен болғанын айтады. – Біз балаларға, ересектерге радио, теледидар арқылы қауіпсіздік жөнінде әрқашан хабарлаймыз. Қазіргі кезде облыста суға түсуге рұқсат етілмеген 283 су айдыны бар. Алайда ескертуді елемейтіндер көп. Тыйым салынған жерлерге суға түскендерге әкімшілік айыппұл салынады. Ал балалар суға түссе, оларды бірден полиция алып кетеді. Полиция бөлімшесінде ата-аналар мен балаларға ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылады. Егер екінші рет қайталанса, әкімшілік айыппұл салынады, – дейді Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерасыл Сайпаш. Шомылу маусымы кезінде Қарағанды облысында 85 адам жауапқа тартылған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қайғылы жағдайлар болмас үшін судағы қауіпсіздік ережелерін үнемі ескеру қажетін айтады. Егер балалар жүзу білмесе, белден жоғары деңгейде түспеуі қажет. Ата-аналар да балаларын қараусыз қалдырмағаны маңызды. Тағы бір ескертетін жайт – суы бар жердің бәріне шомылуға болмайды. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дейді қазақ. Асау өзеннің ағысы ағызып әкететіні, тұңғиық көлдің тартып алатыны әрқашан есте болуы керек. Жалпы айтқанда, «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген сөз баршаның қаперінде болуы керегін ескертеді. Су жағасында орналасқан елді мекендер көп. Балалар жаз басталып, күн төбені тескенде аптап ыстықтан қашып, көлге ағылады. Осы күні Балқаш көлі маңында тұратын тұрғындар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. – Балаларымыз жаз басталғанда көл жағасынан шықпайды. Күн ұясына батқанша көлге шомылады, қызықтайды, ойнайды. Көл жағасына бүкіл отбасымызбен барамыз. Алайда кішкентай балаларды көз алдымыздан қалт жібермейміз. Олар суда жүзе алмайды. Қолынан ұстап өзіміз жүзуді үйретеміз. Су жағасында тұрған соң қорқыныш та бар. Балаларымыз ес біліп, есейгенде достарымен бірге көлге барып, ойнап жүріп, қауіп-қатерге ұрына ма деген уайым басым. Достарының «алысқа жүзе алмайсың» деген сөзіне намыстанып, қаншама баланың суға кеткенін көріп жүрміз, – дейді Гүлшат есімді Балқаш қаласының тұрғыны. Рас, бір кездері дәл осындай оқиғалар болған. Ойнаймын деп, от басып, абайсызда ажал құшқандар көп. «Жазғы демалыс кезінде білім беру ұйымдары балалар қауіпсіздігіне қалай көңіл бөледі?» деген сауал көпті мазалайды. – Шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Білім басқармасы судағы төтенше жағдайлар кезінде балалармен, ата-аналармен және мұғалімдермен мақсатты жұмыс жүргізеді. Оқу жылында мектептерде ата-аналар мен оқушылар үшін сынып сағаттары, судағы және су маңындағы қауіпсіздік жөнінде ата-аналар жиналыстары, «Төтенше жағдайлар кезінде алғашқы көмек көрсету», «Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету» тақырыбында практикалық сабақтар өткізілді, тақырыптық жадынамалар әзірленіп, таратылды, – дейді Қарағанды облыстық Білім басқармасы Тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы, арнайы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева. Жыл сайын маусым айынан бастап шомылу маусымы аяқталғанға дейін білім басқармасы «Қауіпсіз жаз» акциясын, облыстық және қалалық, аудандық «Жас құтқарушы» жарыстарын өткізеді. Дегенмен суға асыққан баланы бұл амал тоқтатпай тұр. 23 маусымда Павлодарда көлге түсіп, демалуға барған екі бірдей отбасы қара жамылды. 2008 жылы туған қыз бен 2013 жылы туған ұлды құтқару кезінде Қарағанды облысында тұратын 1978 жылы туған және 1986 жылы туған ер адам суға батып кетті. Қауіптің барын білгенімен, жұрт рұқсат етілмеген жерлерге суға түсуін доғарар емес.
Қарағанды қаласы