Қауіп қайдан демеңіз...
Қауіп қайдан демеңіз...
286
оқылды
Өткен жылдың 4 ақпа­нында Нұр-Сұлтандағы ша­ғын үйде өрт шы­ғып, бір от­ба­сы­ның бес қызы қаза бол­ған еді. Жантүршігерлік өрт­тің болғанына да бір жыл өтіп­ті. Сай-сүйегімізді сыр­қы­­­ратып, жүрегі­мізді ауырт­қан бес қыздың өлімі өзге­лерге сабақ болмаған секілді. Жыл сайын төтенше жағдай­лар қызметі маман­дары улы газға қарсы қон­дырғыларды орнату қажет екенін айтқанымен, ыс тиіп улану оқиғасы басылар емес. «Бір отбасы уланып қа­лыпты, үш балаға ыс ти­ген, екі бала өртеніп кетті» дейтін ақпараттан көз аша алмай қалдық. Неге? Еліміздегі өрт сөндірушілер әр үйдін есігін қағып, пеш жағу, көгілдір отынмен үйді ысытудың жолдарын түсіндіріп әлек. Деген­мен ыстан улану немесе үй өртену салдарынан адамдардың қаза болуы әлі де жалғасып жатыр. Табиғи емес техногендік апат­тардың алдын алу шаралары жа­салып жатқанымен, адамдардың немқұрайдылығы кесірінен әр жерден өрт шықты немесе ысқа улан­ды деген хабарлар толастар емес. Дәл сол бес бала қайтыс бол­ған өрттен кейін екіқабатты жа­тақ­ханада өрт шығып, 11 адам құт­қарылған болатын. Олардың ішінде бір отбасының иіс тиіп уланған 2006, 2009, 2012 және 2013 жылғы төрт баласы ауру­ха­наға жеткізілген. Абырой болған­да, балалар аман қалды. Сол қыс елді біраз әбігерге салған болатын. 11 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан ауда­нында түтін шығар мұржаның та­заланбауы салдарынан төрт апалы-сіңлілі қыздарға ыс тиіп улануына әкеліп соққан еді. Иә, ыстан улану әр аймақта орын алуда. Қысы жылы деген Түркістан облысында қаңтардың басынан бері газдан уланып 7 адам қайтыс болған. Өткен жылы аймақта 23 адам иіс тиіп көз жұмған. Маман­дар қайғылы оқиғаға қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы себеп болатынын айтады.  

Төтенше дабыл қағады

Өткен жылдың 6 қарашасында Павлодар ауданы Набережное ауылының 1959 жылғы тұрғыны ауруханаға жеткізілген. Ауыр дәрежеде ыстан уланған ер адам жансақтау бөліміне түскен. Сон­дай-ақ 5 қараша күні Сары­қамыс ауылында тұратын 1979 жыл­ғы әйел адам, 2014 және 2016 жылғы екі ұл бала жеткізілген. Дәл сол күні Ақсу қаласында тұратын 1963 жылғы ер адам дәрігер көмегіне жүгінген. Үш жағдайда да улану фактілеріне пештен ақау шығуы себеп болған. Облыс аумағында жылу беру кезеңі 2019 жылдың басынан өңірде 15 адам ыстан уланған. Оның ішінде 4 адам оқиға орнында қайтыс болған. Ақмола облысында соңғы бір апта ішінде тұрғын үй секторын­дағы өрт салдарынан үш адам қаза тапты. Ауыр жағдай Есіл, Зеренді аудандары мен Көкшетау қала­сында тіркелді. Көміртек тотығы­мен уланудан, жылыту пешін пай­далану ережелерін бұзу салда­рынан екі адам Шортанды ауруха­насына жатқызылды. Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының да ұйқысыз күн­дері жалғасуда. Олар әр үйге арна­йы дабылдатқыш орнатып берген болатын. Осы құрылғының кө­мегімен 7 баласы бар көпбалалы отбасы улы газбен уланудан аман қалды. Ең кішісінің жасы 2 айға да толмаған шарана екен. Оқиға Бородулиха ауданындағы Петро­павловка ауылында болған. Ал Қарағанды облысында қыс басталғалы улы газбен уланудың 2 жағдайы тіркелген. Оның біре­уін­де қайғылы жағдай тіркелген. Айта кетсек, 30 қаңтарда Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылында пештегі жарық пен мұр­жаның тазартылмауына бай­ла­нысты екі адам улы газымен улан­ғаны белгілі болды. 1978 жылғы ер адам ауыр жағдайда ауруханаға түссе, 1982 жылы туған әйел оқиға орнында қайтыс болған. Екінші жағдай 31 қаңтарда Қарқаралы ауданының Қарағайлы ауылында орын алған, пештегі ақау салдарынан 1999 жылы туыл­ған ер адам газдан уланып, ауыр халде ауруханаға жатқызылды.  

Бұл салғырттық па, әлде...

Дәл осындай ыспен улану оқиғасы биыл да тыншыған жоқ. Павлодар облысы Май ауданында бір отбасы мүшелері ыстан уланып қалған. Екі егде әйел орталық ауру­ханаға жеткізген. Қалған төртеуі – жасөспірім бала. Төр­теуінің де жағдайы жақсы. Осыған ұқсас оқиғалар Шарбақты ауда­нында да болған екен. Бір жақ­сысы, оларды дер кезінде сыртқа алып шыққан екен. Ыс тимеу үшін ең алдымен пеш дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Мы­салы, адамдар ұсақ дүние деп қа­райтын пештегі кішкентай жарық, пештің түтіндігі дұрыс тартпауы қайғылы жағдайға алып келуі мүм­кін. Сон­дай-ақ үйді жақсы жел­детіп отыр­ған да жақсы. Көп­қабатты тұрғын үйлерде газдан улану, әсіресе күз және қыс айларының алғашқы күндері кө­бірек болады екен. Орталық жылу жүйесіне қосыла қоймаған соң, адамдар үйде газ плиталарын қо­сып қояды. Жел­деткіштің дұрыс жұмыс істе­ме­уінен, газ плитадан да қауіп бар. Құтқарушылар улы газдың өте қауіпті екенін жиі айтады. Өйткені оның иісі және түсі болмайды. Ол бөлмеде тез таралып, қабырғаға немесе үйдегі заттарға қонбайды, іс жүзінде сумен де баса алмайсың. Газбен немесе көмірмен улану кө­біне түнгі уақытта болады. Ұйық­тап жатқан адамға пеші бықсыған бөлмеде бірнеше минут болса, жет­кілікті. Өйткені сол уақыт адам өмірін жалмауға жетіп жатыр. 3 ақпанда Алматы облысы Талғар ауданы Өстемір ауылында жеке үйден шыққан өрттен екі бала қаза тапты. Өрт сөндіру қыз­метіне «үй өртеніп жатыр» деген хабарлама келіп, өрт бір сағатта сөндіріледі. Деректерге сүйен­сек, үйден көршілері 2016 және 2017 жылы туған екі баланы алып шыққан. Екеуі ауруханаға бара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Осы айтылған деректерге қа­рап халықтың өз өміріне салғырт қарайтынына көз жеткізесің. Төтенше жағдай комитеті жылыту маусымына тұрғындар дұрыс да­йындалмайды деп жиі дабыл қа­ғады. «Сақтансаң ғана сақта­йды». Мұржа тазалау, пеш ақауын жөн­деу – әр адамның өз қолындағы шаруа. Оны неге ұмытамыз?  

P.S.

Салғырттық танытатын уақыт емес. Қоғам бейжайлықты көтермейді. «Тілсіз жаудан» құрбан болғандардың тағдырын ұмытпаған ләзім. Тек мұндай қасірет қайта­ланбасын дейік...

  Ж.НҰРЛАНҰЛЫ