Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтаған қылмыстың әрбір алтыншы фактісі мемлекеттік сатып алу саласында екен. Шығын көлемі миллиардтаған теңгеге жетіп отыр. Ел экономикасы мен әлеуметінің дамуына, халықтың тұрмыстық ахуалының жақсаруына жол бермейтін сыбайлас жемқорлықпен күресте әзірге жеңіске жету арман секілді. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс тауып отырған індетті болдырмаудың сан түрлі қадамдары ойластырылса да, шығын көлемі жыл сайын артып отыр. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін негізгі фактордың қатарында бағаны жүйелі түрде көтеру, тапсырыс беруші бюджетінің жасанды түрде өсуі және қаражаттың тиімсіз жұмсалуы бар. Нақты жеткізушілердің мүдделерін қолдау, техникалық ерекшеліктерді ыңғайландыру, жалған актілерге қол қою – осы салада көбіне қолданылатын қылмыстық әрекет екені айтпаса да түсінікті.
Атырау облысына келсек, мемлекеттік сатып алудың жай-күйіне мониторинг жүргізу барысында бағаны көтерудің 43 736 дерегі анықталған. Ең жоғары баға мемлекеттік сатып алуда белгіленген. Бұл тізімнің басында құрылыс басқармасы «мен мұндалап» тұр. Бұл салада 3 038 дерек анықталған. Одан кейінгі орындарда білім басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы мен мердігерлік ұйымдары, ішкі саясат басқармасы, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Атырау халықаралық әуежайы, «Қазпошта» АҚ Атырау ОФ», «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы мен өзге де құрылымдар бар.Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінің мәліметіне назар аударсақ, төтенше жағдайлар департаменті жалпы сомасы 17 560 000 теңгеге 6 дана авариялық-құтқару кескішін сатып алу үшін лоттар жариялады. Кескіштің нарықтық сомасы 422 000 теңгеден 2 900 000 теңгеге дейін өзгереді, бұл ретте 2 063 732 теңге орташа баға болып табылады. Осылайша, артық сома – 5 177 608 теңге. Ал Атырау халықаралық әуежайы жалпы сомасы 3 000 000 теңгеге Арка металл іздегішін сатып алуға конкурс жариялады. Жеткізуші – High Technology Sysytems ЖШС. Техникалық мамандандыруда көрсетілген металл іздегіштің қалыпты бағасының жоғары шегі – 2 233 606 теңге. Осылайша, бағасы 766 394 теңгеге қымбаттағаны анықталды. Бұл көп деректің бірі ғана. Бағаның көтерілуін анықтау деректері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бөлінген бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғанын білдіреді. Өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмаудың жолын ұсынған аталмыш сала департаменті басшылығы алдағы уақытта да мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік секторды сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын анықтау жөніндегі жұмыс жүйелі негізде жалғасатынын айтты. Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы