1 шілдеде Энергетика министрлігінің сұйылтылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасын 1 тоннасына 33 600 теңге деңгейінде бекіту туралы бұйрығы күшіне енді. Бұл 1 литрге шаққанда – 19,7 теңге, жыл басынан бастап көтерме сауда бағасы 1 тонна үшін 28 мың теңге (16 теңге/ литр) болды. Сұйылтылған газға көтерме сауда бағаларын 20% арттыру (3,7 теңге/литр) бірінші кезекте зауыттардың сұйылтылған газ өндірісін қолдауға бағытталған. Министрліктің мәліметінше, бұл шара сұйылтылған газ өндірушілер мен өткізушілер арасында кірісті ішінара әділ бөлуді қамтамасыз етуге және зауыттарды сұйылтылған газ өндіруге ынталандыруға мүмкіндік береді. Өйткені ағымдағы көтерме сауда бағасы (1 тонна үшін 28 мың теңге болған кезде) пайданың негізгі үлесі сұйылтылған газды бөлшек саудада өткізумен айналысатын нарық субъектілерінде қалады, ал өндіруші зауыттар шығынмен жұмыс істейді. «Қазір Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі шекті бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеу мерзімін ұзарту жұмысын жүргізіп жатқанын, оған сәйкес соңғы тұтынушылар үшін сұйылтылған мұнай газы бөлшек сауда бағасы көтерілмей, бұрынғы деңгейде қалатынын хабарлаймыз», – делінген ведомство хабарламасында.
А.ТҰМАР