Астана күніне орай 6 шілде күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның ұйымдастыруымен еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасовтың шығармашылық кеші өтеді. Ұлықпан Жолдасовтың бүкіл өмірі музыкамен байланысты, оның туындылары рухани әлемнің, көңіл күйдің, ойлар мен сезімдердің көрінісіне айналған. Композитордың әндерін Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, «МузАРТ» «Нұр-Мұқасан» және басқа да қазақстандық эстрада жұлдыздары мен ұжымдары орындайды. «Махаббат маусымы» әні Алтынай Жорабаеваға Голливудтағы халықаралық байқауда бас жүлде алып берді. 6 шілде күні әнсүйер қауым қазақстандық әндердің алтын қорын құрайтын Ұлықпан Жолдасовтың «Жайна», «Сен жаным», «Өмір-көктем», «Романтик», «Жұлдыздар», «Әдемім», «Білемін», «Сүйіктім», «Сенім», «Ұлы дала» және тағы басқа шығармаларын тыңдауға мүмкіндік алады. Амфитеатр сахнасында атақты әнші әрі композитор Ұлықпан Жолдасов және Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткерлері Алтынай Жорабаева, Қанат және Светлана Айтбаевтар, Арайлым Рахым, Естай Мұқашев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нұрбол Балапанов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Зарина Омарова, Диана Май, Мұратбек Хайролда, Гүлнұр Оразымбетова, Фарида Жолдасова және басқа да әншілер өнер көрсетеді.