Олжалы оралды
Олжалы оралды
Қоржында 13 медаль. Оның 6-ауы – алтын. Қазақстандық көркем гимнастика шеберлері Азия чемпионатынан осындай олжамен оралды. Оларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды. Ересектер мен жасөспірімдер арасындағы бәсеке Таиландтың Паттайя қаласында өтті. Қазақстан құрамасы командалық және көпсайыс жаттығу­ларда жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, жасөспірімдер қос бағытта да бірінші орынға тұрақтады. Ал жекелей сында Милана Парфилова топ жарды. Айым Мейіржанова мен Эрика Жайлауова күміс жүлдегер атанды. Ересектердің де көрсеткіші жаман емес. Қазақстан құрама­сы командалық біріншілікте 2-орынға тұрақтаса, көпсайыс бәсеке­сінде үздік үштікті түйіндеді. Ал шым­кенттік Елжана Тәниева лентамен жаттығуда алдына жан салмай, Азия чемпионы атанды.

Қербез ЕСІМХАН