Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығына арналған мерейтойдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлы ғұламаның атын иемденген дүниежүзіндегі жалғыз жоғары оқу орны Қазақ ұлттық университетінің Студенттер сарайында өткен шараға асқан жауапкершілікпен дайындық жүргізілгені аңғарылып тұрды. Салтанатты ашылу рәсіміне БҰҰ және ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, ЖОО ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ жетекшілері, танымал шетелдік және отандық фарабитанушы ғалымдар қатысты. 50-ден астам мемлекеттен келген құрметті қонақтар әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы бабамызға құрметі зор екенін білдірді. Мерекелік жиынға қатысушылар алдымен әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әл-Фараби орталығы-кітапханасының ашылуына қатысты. Олар ғұлама ойшылға арналған мұражай экспозицияларымен танысып, оның еңбектері мен ол туралы жазылған отандық және шетелдік басылымдар көрмесін, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне, Абай және Алаш қозғалысының қайраткерлеріне арналған залдарды, Сирек және құнды кітаптар қоры мен цифрлы оқу залын көрді.
Расында да, бала күнінен ғылымға құмар болған ғұлама алғашында Бұқара мен Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдіріп отырған. Ол бар өмірін ғылым мен білімге арнаған. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда 70-ке жуық тілді меңгерген. «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды көптеген философиялық еңбек жазды. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды. «Арада он бір ғасыр өтсе де, әл-Фараби ілімінің дәл қазіргі алмағайып заманда өте өзекті әрі қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Жер бетінде кемел әрі мінсіз қоғам орнатуды Платоннан бастап небір ойшылдар армандады және оның жолдарын іздеді. Солардың ізін жалғастырған Әбу Насыр әл-Фарабидің айтуынша, адамзат келеңсіздіктерді болдырмаудың жалғыз жолы ол – қайырымдылық, қайырымды қоғам құру», – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Әлем мойындаған ұлы ғұламаның қазақ топырағында, орта ғасырдағы ғылым мен мәдениеттің ордасына айналған Фараб қаласында туып, Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапханадан алғаш рет білім нәрімен сусындауы біз үшін үлкен мақтаныш. Әйтсе де, 70 тілді меңгеріп, жер шарының түкпір-түкпірінен ілім іздеген ғұламаны өзгелердің де өзіне етене жақын тартуы заңдылық. Әл-Фараби өз ғұмырында 200-ге жуық шығарма жазған. Соның 100-ге жуығы ғана бізге жеткен. Қазір оның философиялық шығармалары кеңінен зерттеліп жатыр. Салтанатты шара барысында ұлы ойшылдың шет тілдердегі туындыларын туған жеріне қайтару, бұл жобаны іске асыруда жастарды кеңінен тарту туралы айтылды. Алдағы уақытта интерактивті карта жасалып, обсерватория ішінен әл-Фараби бұрышын ашу да көзделіп отыр. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫСалтанатты жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев «әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, бүкіләлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан бұл мерейтой ЮНЕСКО-ның атап өтілетін күнтізбелер аясында халықаралық ауқымда аталып өтеді. Әл-Фарабидің 1 150 жылдығын мерекелеудің басты мақсаты – ғалым мұрасын зерделеуге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау. Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы бүкіләлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатта көрініс тапқан шығармашылығы ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті», – деді.