Кеше «Ұлы жібек жолы және Отырар алқабының ортағасырлық өркениеті» атты жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті. Көрмені Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» мен «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығымен бірлесе ұйымдастырған. Ашылу салтанатында Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашев сөз сөйлеп, көрменің маңыздылығы мен мән-мазмұны жайлы пікірін білдірді. Көрмеге Отырар тарихынан сыр шертетін 170-ке жуық түпнұсқа жәдігер қойылды. Көрме екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім – Орталық Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын зерттеулер нәтижелері мен сол кезеңдерге тән түпнұсқа жәдігерлерден тұрады. Екінші бөлімде – Моңғол шапқыншылығынан кейінгі Отырардың қайта өркендеу дәуірі. Әйгілі сұлтан Әмір Темір дәуірі және Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін заттай жәдігерлер қойылды. Сондай-ақ ала тұрғындары көрмені 1 ай көлемінде Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының көрме залынан тамашалай алады.
Құралай БАБАЖАНОВА, №78 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның оқушысы