Жаңа айыппұл енгізілуі мүмкін
Жаңа айыппұл енгізілуі мүмкін
353
оқылды
Қазақстанда ұшақ рейсі кешіктірілген жағдайда тасымалдаушы билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс. Бұл туралы «Жолаушылар теміржолы және әуетасымалы: кешігу, баға және қызмет көрсету сапасы» мәселесін талқылауда айтылды. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, азаматтық авиациядағы басты басымдық – қауіпсіздік. Сондықтан әуекомпаниялары жолау­шыларды межелі жерге қауіпсіз және уақытылы жеткізуге мүдделі. Кейде ұшақта техникалық ақау шығады, ауа райы қолайсыз болады, осындай кезде амалсыз кешігулер болады.
«Әуекомпанияның кінәсінен рейс кідірген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тасымал­даушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде: екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде тұру, сондай-ақ қонақүйге дейін және әуежайға кері қарай жеткізуді ұсынуы тиіс. Сонымен қатар тасымалдаушы кешіктірудің әр сағаты үшін билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді», – делінген ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің хабар­ламасында.
Бұл көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда әуекомпания 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ жолаушылардың құқығын қорғау мақсатында қазір рейсті кешіктіргенде айыппұл төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері тұрақты әуетасымалдарын жүзеге асыратын ірі қазақстандық авиакомпания­лардың мүшелерімен кездескен. Қазір жолаушы­ларды алаңдатып отырған әуетасымалдарына қатысты сұрақтарды талқылап жатыр.