Қазақстанда ұшақ рейсі кешіктірілген жағдайда тасымалдаушы билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс. Бұл туралы «Жолаушылар теміржолы және әуетасымалы: кешігу, баға және қызмет көрсету сапасы» мәселесін талқылауда айтылды. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның айтуынша, азаматтық авиациядағы басты басымдық – қауіпсіздік. Сондықтан әуекомпаниялары жолаушыларды межелі жерге қауіпсіз және уақытылы жеткізуге мүдделі. Кейде ұшақта техникалық ақау шығады, ауа райы қолайсыз болады, осындай кезде амалсыз кешігулер болады.
«Әуекомпанияның кінәсінен рейс кідірген жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде: екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде тұру, сондай-ақ қонақүйге дейін және әуежайға кері қарай жеткізуді ұсынуы тиіс. Сонымен қатар тасымалдаушы кешіктірудің әр сағаты үшін билет құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді», – делінген ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.Бұл көрсетілген талаптарды орындамаған жағдайда әуекомпания 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ жолаушылардың құқығын қорғау мақсатында қазір рейсті кешіктіргенде айыппұл төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері тұрақты әуетасымалдарын жүзеге асыратын ірі қазақстандық авиакомпаниялардың мүшелерімен кездескен. Қазір жолаушыларды алаңдатып отырған әуетасымалдарына қатысты сұрақтарды талқылап жатыр.