Шылаушын өсірген шаруа
Шылаушын өсірген шаруа
Бүгінде кәсіптің қай түрін игеремін десең де жол ашық. Ең бастысы, тың идея мен бизнес жоспар керек. Ал кәсібің өзгелерден өзгерек болса, онда табыстың тайқазанын қайнаттым дей бер. Жамбыл облысы Талас ауданы Тамды ауылының тумасы Еркеғали Жусанбаев – сондай азаматтың бірі. Бүгінде ол шылаушын өсіріп, тірліктің тың түрін түлетіп отыр. Топырақты құнарландыруда таптыр­майтын құрт саналатын шылаушын өсіруді Еркеғали былтыр қолға алған. Ол құртқа жапырақ, тал сабағы және төрт түліктен бөлінген органикалық заттарды тастау арқылы биогумус деп аталатын био­логиялық тыңайтқыш шығарады.
– Оңтүстік облыста шаруалар тыңайт­қышты кәсіпкермен келісіп, арнайы тап­сырыспен алдырып жатады. Онда сауда қызып тұр. Ал біздің шаруалар тыңайт­қыштың қыр-сырын әзірге жіті түсінбей жатыр. Өзім 1 шаршы метр топыраққа құрт өсіруден бастадым. Қазір оның көлемі 30 шаршы метрге жетті. Маған құртты сату емес, ең алдымен басын көбейту маңызды болып тұр, – дейді «Еркебұлан» шаруа қожалығының төрағасы Еркеғали Жусан­баев.
Кәсібін үй іргесінен ашқан Еркеғали қазір қолдағы шылаушындарға малдың қиы мен шіріген шөптерді беріп жатыр. Мұндай органикалық тыңайтқыш­тарды ауыл ішінен табу қиын емес. Алайда шылаушынның калифорниялық түрі жоғары бағаланатындықтан, оның күтімі де сай болуы қажет. Калифорниялық шылау­шынның нарықтағы құны 1 шаршы метріне 150 мың теңге тұрады. Түркістан облысында шылаушынның бұл түрінің саудасы қызып тұрса, бізде енді қолға алынып жатыр. Еркеғали Жусанбаев Калифорниялық қызыл құрттар ба­лық­шылар арасында да үлкен сұранысқа ие. Яғни, оларды жекелеп сату арқылы да пайда табуға болады. Бұл бағытта кәсіпкер Еркеғали да ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
 – Шылаушындар үшін топырақтың ылғалы маңызды. Сондықтан оларға үнемі су құйып отырамын. Кейбір бауырымен жорғалаушылар қыста жылы жерді қажет етсе, шылаушындарға ондай күтімнің қажеті жоқ. Сондықтан көп уақытымды кетірмеймін. Өзімнің басқа да жұмыс­тарымды істей жүріп, құрттарды да көбейте беремін, – дейді Еркеғали.
Кәсіптің тың түрін түлеткен азаматтың ауылдастар арасында да абыройы биік. Ол мұқтаж жандарға қол ұшын созып, әр­дайым жәрдемдесіп жүреді. Сондай-ақ Ерке­ғалидың Сарыағаш ауданынан 350 түп алма ағашын ауыл іргесіне әкеліп отырғызғанын көпшілік ерлікке балап отыр. Иә, тәуекелге бел буып, тың кәсіп түрін қолға алған Еркеғалидың тірлігі көпке үлгі. Ісімен танылып қана қоймай, осы кәсіп түрін елге танытуды мақсат тұтқан азаматтың кәсібінің көкжиегі кеңейіп, нәсібін көре берсін деп тілейміз.

Жамбыл облысы