Қыруар қаржыға университет ашу қате – Амалбек Тшанов
Қыруар қаржыға университет ашу қате – Амалбек Тшанов
Биыл астанада Ұлттық спорт университетінің құры­лысы басталады. Оны салуға республика бюджетінен 47 млрд теңге бөлініп отыр. Тапсырыс беруші – Мәдениет және спорт министрлігіне қарас­ты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті. Университет құрылысына байланысты әлі тен­дер өткен жоқ. Жалпы, осыншама қаржыны Ұлттық спорт университетін салуға жұмсау дұрыс па? Осыған орай Мемлекет және қоғам қайраткері, Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшановтың пікірін білген едік. – Сіздің ойыңызша, мұншама қаржыны (47 млрд теңге) бір оқу орнына жұмсаған дұрыс па? Өйткені әлеуметтік желілерде дәл қазіргі дағдарысты уақытта қазына қаржы­сын одан да аса қажет, одан да тиім­дірек жобаларға жұмсау керек деген пікір көп. Мысалы, осы қаржыға өңірлерде бірнеше спорт мектебін немесе спорт колледжін салуға болар ма еді? – Менің ойымша, бұл асығыс қабылданған шешім. Ойланбай, ақылдаспай басталған тірліктің соңы көбіне аяқсыз қалады. Естеріңізде болса, осыдан 15-16 жыл бұрын Қаскелеңнің жанынан академия ашамыз, бүкіл ұлттық құрама сол жерде дайындалады деп миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ сол қыруар қаржы «ұстаған­ның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Одан бері де қанша уақыт өтті. Қазір тағы да академияның құрылысын бітіреміз деп ақша бөліп жатыр. Оның қашан бітетіні белгісіз. Мемлекет басшысы жақын­да үш облыс ашу туралы ше­шім қабылдады. Үш облыс ашу деген кішкентай ауылға көше са­лып беру емес. Ол облыстарға қаншама инфрақұрылым мен кадр керек. Қазіргідей халықаралық жағдай шиеленісіп, экономикалық мүмкіндігіміз төмендеп бара жат­қан кезде Ұлттық спорт универ­ситетін саламыз деу түсініксіз. Себебі қазіргі министрліктің істеп жатқан тірлігі халықтың көңілінен шықпай отыр. Мәселен, 50 жылдан бері жастарды тәрбиелеп, 500 баланы 7-сыныптан бастап оқытқан республикалық Спорт колледжін жауып, оның орнына бизнес құрылым жасамақшы. Сонда біз құратын Жаңа Қазақстан деген бұрынғының барлығын құрту ма? Сол колледжге қарасты мектеп 20 олимпиада чемпионын дайын­даған оқу орны. Енді қазір мектеп­тегі 250 оқушыны таратып жіберді. Басында колледжді де жаппақшы болған. Халық шулаған соң мек­теп­ті жауып, колледжді қалдырды. Бала тәрбиелеп отырған оқу орнын жауып, орнына жаңа нысан ашқан­нан басқа министрліктің жұмысы жоқ сияқты. Егер министрлік университет салғысы келсе, құры­лысы басталған Қаскелеңдегі ака­демияны ертерек бітірту керек. Сон­да барлық құрама команда сол жақта дайындалар еді. Бірақ бұл құрылым сыбайлас жемқорлыққа жақын. Қазіргі спорт саласын бас­қарып отырғандар спорттан хабары жоқ адамдар. Білмегендіктен де осындай қадамға барып отыр. Еліміздің әлеуметтік жағдайында шешілмей жатқан мәселелер шаш етектен. Неге бұл қаржыны сол бағытқа жұмсамасқа? Иә, ұлттық спортты дамыту керек. Бірақ қазір­гі жағдайда еліміздің дамуында бұл күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Бүгін 47 млрд ақша бөлмесе, қазақ спорты тоқтап қалмайды. Әрбір бөлінген ақшаның артында жем­қорлық жатады. Мен қыруар қар­жыға университет ашуға қарсы­мын. Бұл ақшаны халықтың ше­шілмей жатқан мәселелеріне жұм­сау керек. – Бұл тұста сонда бірінші кезек­те нені ескеру керек? –Барлық сала іргетасынан басталады. Бала бүркіт ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің бар­лығы мектептен басталады. Бала­ның спортқа деген қызығушылығы да мектепте қалыптасады. Мысалы, көрші Қытай елі спорт мектептеріне баланы 1-2-сыныптан қабылдайды екен. Ал біз 6-7-сыныптан бастап қана қабылдап жүрміз. Себебі кейбір спорттың түрлеріне бала 4-5 жастан бастап қатысуы керек. Бізде спорт саласынан хабарсыз жандар, спортқа өздерінше рефор­ма жасауға тырысады. Кеңес заманы­нан келе жатқан спорт мектептерінің өздерінің қалыптас­қан дәстүрі бар еді. Балаға ең бірінші білім керек. Себебі қазіргі баладан болашақта қандай спорт­шы шығатынын ешкім тап басып айта алмайды. Әр адамның физио­логиясы әртүрлі. Жас кезінде нәтиже көрсетіп жүрген баланың барлығы бірдей есейгенде ондай нәтижеге жете бермейді. Әлбетте, спортты жалғастыратындар да бар. Бірақ есейгенде адамның дене құрылысы өзгеруіне байланысты олардың бойындағы спортқа деген қабілеті біреуінде төмендейді. Ал кейбір балаларда керісінше. Булығып барып өсті деп айтамыз ғой. Сол сияқты еңбектеніп жүріп, кейін жақсы нәтиже көрсететіндер бар. Ескеретін дүние көп. Тағы бір мәселе, чемпион болған спортшыдан жақсы педагог немесе бапкер шығады деп болмаса жақсы басшы болады деп ойлау қате. Сондықтан да олардың атағы немесе лауазымы бар екен деп мемлекеттік жауапкершілігі үлкен мекемелерге басшылыққа та­ғайын­дау да дұрыс емес. Ондай жоғары лауазымға жету үшін адам әуелі белгілі бір баспалдақтардан, өмір мектебінен өту керек. «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» де­мекші, функционерлік міндеттерді оны белгілі бір дәрежеге жеткізе алатын, тәжірибесі мол қатардағы азаматтарға жүктеген жөн. – Сіздің ойыңызша, еліміздегі спорт мәселесінің дәл қазіргі уақыт­та Үкімет назар аударуы тиіс негізгі проблемалары қандай? – Жалпы, мемлекет тарапынан спортқа жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бірақ соның барлығы спортқа жетіп жатыр ма? Бізде әлі де әртүрлі спорт құрылымында, соның ішінде мектеп, кол­ледждерде басшылық етіп жүрген­дердің көпшілігі телефон арқылы қызметке келген азаматтар. Олар­дан қандай кәсібилік күтуге бола­ды. Әр қызметке тағайындалар басшыны телефонмен біреудің өтініш айтқанына қарап емес, біліктілігі мен икеміне қарап қою керек. Жаңа Қазақстанда мұның бәрін тоқтататын уақыт жеткен сияқты. Неге соның бәрі конкурс­пен өтпейді. Ішкі саясатта әкім­дерді сайлау арқылы тағайын­даймыз деп жатырмыз. Сол сияқты барлық басшыны тәуелсіз комис­сия арқылы, конкурспен қабылдау қажет. Өз еңбегімен басшылыққа келген адам міндетті түрде өз жұ­мысына тиянақты болады. Спорт­ты көтереміз десек, ауыл спортын көтеруден баста­ғаны­мыз дұрыс. Мысалы, біздің колледждегі 500 баланың 90 пайызы ауылдан кел­ген. Егер ауылда оларға спортпен айналысуға барлық жағдай жасал­са, балалар дайын келер еді. Сон­дықтан ауылға көңіл бөлуге тиіспіз. Мысалы, осы 47 миллиардтың орнына қаншама ауылға спорт кешендерін салар едік. Ауыл спор­тында кезінде спорттың барлық түрі болатын. Жүгіру, ұзындыққа секіру, футбол, волейбол, баскетбол сияқты. Ауылдағы мектептерге соның бәрін қайта дамыту керек. Екін­шіден, осындай колледжді мемле­кеттік грантпен бітірген жастарға жолдама беріп, 2-3 жылға ауылға жіберу қажет. Жастар сол жақта тұрақтап қалу үшін баспана­мен қамтамасыз етіп, жалақысын да жоғары коэффициентпен 1,5 есе етіп төлеу керек. Осылай ауылдағы спортпен шұғылданатындардың санын, жаттықтырушыларды көбейтуге болады. Бұл жағдай мамандардың ауылда тұрақтап қалуына септік етпек. Бұл – ауыл спорты өркендейді деген сөз. – Әңгімеңізге рақмет!