Елдің бірлігі, ынтымағы сақталып, қазақстандықтар бір-бірімен түсіністікте, келісімде өмір сүрсе, сыртқы жаудың тісі батпайды, сыныққа сылтау таппайды. Бұл тұрғыда тағдыр тоғыстырған көпэтносты халқымыздың татулығына тұғыр болып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының пәрменді қызмет еткені аса маңызды. Біраз сарапшы оның қажеттілігіне күмән келтіргені, тіпті одан бас тартуды ұсынғаны құпия емес. Дегенмен ҚХА жабылмайды, қайта оның рөлі күшейтілмек. Өйткені Жаңа Қазақстан үшін бірлік – баға жетпес басты байлық. Этностарға 124 топ қазақ тілін үйретеді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын әзірлеп шықты. Оған сәйкес, ҚХА-ға бірнеше басты миссия-міндет жүктеледі: біріншіден, ол қазақстандық патриотизмді нығайтуға жауап береді. Екіншіден, мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін арттыруға ықпал етуі тиіс. Үшіншіден, «бірлігіміз – әралуандықта» идеясын ілгерілетеді. Төртіншіден, ұлттың ұдайы жаңғыруына септесуі шарт. Бесіншіден, интермәдениеттілік саясатының қағидаттары негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысады. Егер шындап кіріссе, мұның бәрі ассамблеяның қолынан келер еді. Өйткені ол мәртебесі Ата Заңымызда белгіленген институт. 1995 жылдан бері оның инфрақұрылымы нығайтылды, бұған қыруар ел қаржысы жұмсалды. Ассамблея азаматтық қоғам институттарына және мемлекеттік билік органдары жүйесіне интеграцияланды, кірікті. Оның жанында қоғамдық қорлар жұмыс істейді. Ұлттық академиялық кітапханада Ассамблея депозитарийі ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2009 жылы ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесі құрылды. Еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарының базасында да ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары жұмыс істейді. Бүкіл өңірде ҚХА-ның Қоғамдық келісім, Аналар, Медиация кеңестері құрылды. Ел Президентінің Жарлығымен 2014 жылы ассамблеяның атқарушы органы ретінде «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Өңірлік деңгейде облыстар, мегалистер әкімдерінің аппараттары жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемелері жұмыс істеп жатыр. 2020 жылы «Қоғамдық келісім» РММ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қарамағына, ал өңірлік деңгейде «Қоғамдық келісім» КММ – жергілікті әкімдіктердің ішкі саясат және қоғамдық даму басқармаларының қарамағына берілді. Конституцияның кепілі болатын ел Президентінің өзі – ассамблеяның Төрағасы. Сондықтан этностардың татулығы, олардың мүдделерін іске асыру ең жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Оның жоғары органы – ҚХА сессиясының шешімдерін барлық меморган мен лауазымды адамдар қарауға міндеттелген. Яғни, құзыры зор, мүмкіндігі мол. Тек ірі істерді тындыруға ниет пен ықылас-ықтияр қажет. Мысалы, қызметінің басымдығы ретінде ассамблея елімізде тұратын барлық этносқа мемлекеттік тілді үйретуге және дәріптеуге ықпал етеді. Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктер жанында 174 жексенбілік мектеп бар, онда Қазақстан этностарын мемлекеттік тілде оқытатын 124 топ жұмыс істейді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп, Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қандастар үшін қазақ тілі курстары ұйымдастырылған. Курсқа қатысушыларға жас шектеуі қойылмайды. Олар бастауыш және жалғастырушы топтарға бөлінеді екен. Ұлтаралық қақтығысқа жол берілмеуі тиіс Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жүргізген зерттеу қорытындысы қазақстандықтардың 88,3%-ы көпэтностылық идеясын қолдайтынын көрсеткен. Республика халқының 93,7%-ы басқа этнос өкілдеріне оң көзқараста. Азаматтар этносаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты қолдайды және қолдау деңгейі 85,9%. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, ассамблея Жаңа Қазақстанды құруға, саяси жүйені реформалауға қатысатын болады. ҚХА Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың айтуынша, бұл үшін ассамблея үш басымдыққа ден қоюда. Біріншіден, саяси реформаларды жүзеге асыруда ҚХА-ның рөлі күшейтіледі.
«Саяси реформалар аясында биліктің заң шығару тармағы қайта құрылуда. Енді ассамблея депутаттары қазіргідей Мәжілісте емес, Сенатта өкілдік ететін болады. Президент жариялағандай, ассамблея сенаторлары ұлттық интеграция мен этномәдени алуандылық негізінде Қазақстан этностарының мүдделерінің бүкіл кешенін қорғайтын болады. Бұл ретте ҚХА Сенат депутаттығына кандидаттарды іріктеудің тиімді және ашық рәсімдерін әзірлейді. Бұл рәсімдердің барлығы жаңартылған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңында көрініс табуы тиіс», – деді М.Әзілханов.Оның дерегінше, бүгінде елде 40 достық үйі бар. Олар қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту жобаларын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар өткізілетін этносаралық қарым-қатынас алаңына айналды.
«Осы мән-жайларды кейбір сыртқы күштер Қазақстандағы этносаралық қатынастарды шиеленістіру үшін пайдалануы мүмкін. Сыртқы факторлар арасында XXI ғасырдың жаңа сын-қатерлерін – әлемдік экономиканың құбылмалылығын, геосаяси текетірестің өршуін, қазіргі заманғы халықаралық қақтығыстардың туындауына этнодіни фактор ықпалының өсуін, көші-қон легінің және босқындар санының өсуін атап өту маңызды. Осының бәрі Қазақстан халқының бірлігін, ұйымшылдығын және патриотизмін одан ары нығайтуды, этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіруді, ассамблеяның қызметін жандандыруды талап етеді», – делінген құжатта.Ал ішкі факторлар арасында көші-қон, этностардың шоғырлана орналасуы, әртүрлі өңірдің этнодемографиялық ерекшелігінің күшеюі, этноәлеуметтік процестердің күрделенуі аталды. Тұжырымдамада республикадағы этнодемографиялық жағдай бұрынғыдан күрт өзгергені атап көрсетілген, нақтылай кетсек, қазақтардың үлесі абсолютті басымдыққа ие болды. Құжатта Қазақстанда 100-ден астам этнос тұратыны жазылған. Соған қарамастан, Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа тұжырымдамасында «елдің этноәлеуметтік топтарын біртұтас азаматтық ұлтқа интеграциялау» мұраты белгіленіп отыр. Болашақта да, осы шақта да біртұтас ұлт болғанға не жетсін!