Табиғаттың тосын мінезі ескерілмей салынатын құрылыс нысандары мен белгіленген ережеге көз жұма қарайтын шенділердің жауапсыздығынан жазатайым жағдай жиілеп барады. Есте болса, бірер жыл бұрын елордада боранды күні тұрғын үйдің кірпіші қыз баланың басына түсіп, көз жұмған. Одан бері де еліміздің әр жерінде осыған ұқсас оқиғалар болып жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Қараусыз қалған кәріз құдығына құлап көз жұмғандар мен денсаулығына зиян келгендерде есеп жоқ. Бұл мәселе талай рет жазылып жауыр болуға айналса да, әлі күнге ашық-шашық жатқан кәріз құдығына бақылау болмай тұр. Ал халқы да, үйлері де тығыз орналасқан қалалы жерлерде жел мен боранды, жауын-шашынды және бұршақты күндері көшеде оқыс оқиға болмасына кепілдік жоқ. Жазатайым жағдай жиіледі Он бір жыл бұрын Алматыда бұршақ аралас жаңбыр мен дүлей дауылдың кесірінен 160-тан астам ағаш құлап, төрт адам зардап шеккен еді. Газ бен электр желілері, көше жолдары мен су басқан тұрғын үйлерде есеп жоқ. Ал түрлі деңгейде жарақат алғандардың дені сол кезде ауруханаға жатқызылды. Әкімдіктің есебінше, сол уақытта қала аумағында барлығы 161, Медеу, Камен үстірті, Бутаковка шатқалдарында 5 000-нан астам ағаш опырылып, автокөлік пен тұрғын үйлердің төбесіне құлап, шатырын зақымдаған. 2018 жылы Ақтөбедегі тоғыз қабатты үйдің лифтісінде журналист Айзат Әбдісамат қаза тапты. Лифтіде көз жұмған жас ананың артында үш жастағы бүлдіршіні аңырап қалды. Келесі жылы Қостанайда әйелдің басына көпқабатты тұрғын үйдің төбесінен кірпіш құлап, жансақтау бөліміне түскен. Бұл оқиғада «Сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша тергеу жүргізілді. Арада көп уақыт өтпей елордадағы сауда орталығының бірінде қыздың үстіне пальма ағашы құлап, басы жарылды. Көп қан жоғалтқан жәбірленушіге дәрігерлер бассүйек-ми жарақаты, травматикалық шок диагнозын қойды. Былтыр Жамбыл облысындағы дауыл кезінде 11 жастағы баланы ағаш басып қалған. Бел омыртқасы жарақаттанған оқушы қалалық ауруханаға жеткізілген. Ауа райының күрт құбылуының өзі шатырлар мен ағаштарды құлатып, автомобильдерді басып қалған. Ақтауда бірнеше жылдан бері 30-шағынауданда орналасқан №169 үй тұрғындарының бас ауруына айналған. Былтыр осы ғимарат қасбеті тағы құлап, тұрғындардың үрейін ұшырды. Жергілікті халықтың жырына айналған үй 2011 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында салынып, пайдалануға берілген. Қазір тұрғын үй қасбетінің біршама бөлігі сыпырылып, қаптаманың қаупі халықтың үрейін ұшырып келеді. Биылдың өзінде еліміздің бірнеше қаласында осыған ұқсас оқиға болды. Мәселен, Нұр-Сұлтанда қатты желден баннер құлап, екі адам зардап шекті. Қатты жел баннерді шамамен 15 метр жерге дейін ұшырып, салдарынан елорда тұрғыны түрлі дене жарақатын алған. Нұр-Сұлтан қалалық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендер түрлі жарақатпен көпбейінді қалалық стационарға жеткізілді. Күні кеше Өскеменде қатты желден тағы да екі жасөспірім қыздың үстіне аялдама павильоны құлады. Оқиға болған аумақ «ҚазӘлем» мердігер компаниясының кепілдігінде болған. Ал Өтепов аялдамасына «Таза Өскемен» мекемесі қызмет көрсетеді екен. Тұрғындардың сөзінше, қатты жел соққан сайын жұрттың зәре-құты қашады. Төрт күннен бері тыйылмай тұрған жел қала көшелеріндегі ағаштарды құлатып, автокөліктің үстіне түскен. Салдарынан оқыс оқиға кезінде көлікте болған екі адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліпті. Бір қызығы, тұрғындар қалалық әкімдіктен осы көшенің бойындағы екі талды кесіп тастау туралы бұрын да арызданғанын айтады. Алайда атқамінерлер еш әрекет жасамаған. Енді, міне дер кезінде кесілмеген ағаштан екі азамат зардап шекті. Айтып ауыз жиғанша, күні кеше тағы Талдықорғанда қатты желден әйел адамды ағаш басып қалды. Оқыс оқиғадан 59 жастағы тұрғынның басы, иығы мен аяғына зақым келген. Қауіпті қаптама Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде Пәтер иелері кооперативін басқаратын Баян Жаңсықбаева жел мен боранды күні үйден шықпауға және көліктерін қауіпсіз жерге қоюға кеңес береді. Өйткені қазір қаладағы құрылыс нысандарының қауіпсіздігіне ешқандай кепілдік жоқ. «Соңғы салынған құрылыс нысандарының сырты керамогранитпен қапталады. Мың жерден желімдеп жапсырғанмен, 15 келі тұратын бір керамогранит жел мен боранда ұзақ шыдас бермейді. Сарапшылардың өздері үйдің сыртындағы қазіргі керамограниттердің сапасы сын көтермейтінін айтып жүр. Мысалы, керамогранит -40 немесе +40 градусқа шыдас бермейді. Сол үшін титтей жел тұрса болды, үйдің төбесі сатырлап, қаптаған керамограниттері түсіп жатады. Ал биіктен құлаған 15 келілік керамогранит адамның басына түссе, тіл тартпай кетуі мүмкін. Негізі, құрылыс сарапшылары жел мен бораны көп аймақтардағы үйдің биіктігі 5 қабаттан аспауы тиіс екенін айтқанымен, қазір биіктігі ондаған метрге жететін, сырты әлгінде айтқан қауіпті қамтамамен жасалатын үйлердің маңында жүріп-тұрудың өзі қорқынышты», – дейді ол. Былтыр ғана іргелес үйдің сыртындағы керамогранит көліктің үстіне құлапты. Оныншы қабаттан құлаған қасбет адам түгілі темірдің өзін тіліп түсіпті. Қазір осы іс бойынша жәбірленуші Пәтер иелері кооперативі мен әкімдіктен өтемақысын талап етіп келеді. Айтып келмеген апатта айыпты жоқ Алайда айыпталушы тараптың жауаптан жалтарып кетуі де ғажап емес. Өйткені сотта форс-мажор емес екені, демек тосыннан болған жағдайдың салдарынан болмағаны дәлелдену керек. Егер дәлелденсе, касбеті құлаған үйдің иесі саналатын ПИК, ал жарнама мен билборд, аялдамадан болатын апаттың салдарынан болатын жағдай үшін іске жауаптылардың қаражатынан қарастырылады. Ал сотта форс-мажор болғаны дәлелденсе, яғни үйдің қасбеті, билборд пен жарнама дұрыс бекітілгені расталып, бірақ жазатайым жағдай болса, өтемақыны ешкім төлемейді. Жауапкершілік ешкімнің мойнына жүктелмейді. «Іс-тәжірибемде көлігі зақымданған кісілердің талап-арызы түскен. Біз істі қарамас бұрын көлікке зақым келген жердің кімнің қарауында екенін анықтап аламыз. Кейбір жағдайда аумақ әкімдіктің иелігінде болуы мүмкін. Ал кейбір жағдайда әкімдік келісімшарт бойынша басқа қызмет көрсететін мекемелерге береді. Мысалы, өзім қараған сот ісінде көлікке зақым келген аумақты Қазақстан Саңыраулар қоғамының иелігіне берген. Өте даулы болды. Біреулер ол жердегі ағаштар ПИК-тің қарауында болғанын айтады. ПИК аумақтың жалпы пайдалануға берілген жер екенін алға тартты. Егер солай болса, өтемақыны әкімшілік төлеуі тиіс. Әкімдік келісімшарттарын көрсетеді. Ол бойынша аумаққа Саңыраулар қоғамы жауап беруі керек. Алайда олар да тиісті уәжін келтіріп, сызба бойынша дәл сол аумақты жауапкершілігіне алмағанын жеткізеді. Үш тараптың дауы ұзаққа созылып, соңында өзара шешу үшін талап-арызды қайтадан алып кетті», – дейді Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Құйқабаева. Судьяның сөзінше, табиғи апаттың салдарынан болатын шығынды өндіріп алу істері кінәлі тарап өзі мойындаса, бір айдың ішінде шешімін табады, әлгіндегідей даулы жағдайда жарты жылға дейін созылады. Себебі кінәсі дәлелденгеннен кейін де зиянды бағалау үшін арнайы мамандарды шақыртады. Шығарған қорытынды негізінде шығын өтеледі. Ал шығарған шешімге көңілі толмаса, сот сараптамасы тағайындалады. Олар да өздерінің сараптамасын жасайды. Судьяның соңғы шешімі көбіне сол сот сараптамасына сүйеніп жасалады. Заңгер Мейірман Шекеевтің сөзінше, осындай жағдайларда адам қайтыс болса, іс Қылмыстық кодекс бойынша қозғалады. Болған жағдайдың мән-жайы анықталып, сараптама тағайындалады. Заң бойынша, кез келген мердігерлік немесе құрылыс компаниялары міндетті түрде құрылыс нормалары мен ережелеріне сай жұмыс істеуі керек. «Мысалы, жарнама билборды немесе аялдама басып қалған жағдайларда жауапкершілікті алған мердігерлік компания да, тапсырыс берушілердің ісі де қаралады. Өйткені мердігер тапсырыс берушінің жобасы бойынша жұмыс істейді. Өтемақы тағайындау кезінде сот зардап шегушінің жалғыз асыраушы ма, қанша баласы барына дейін қарайды. Сондай-ақ айыпталушы тараптың да материалдық шығыны ескеріледі. Қатып қалған өтемақы көлемі жоқ», – дейді заңгер. Сондай-ақ ол жазатайым жағдайдан зардап шеккендердің шығыны сот шешімінен кейін де ауыз толтырып айтарлықтай толық өтеліп жатпағанын жеткізді. Апаттың айтып келмейтіні ақиқат. Алайда мәселе табиғаттың түрлі тосын мінезі елеп-ескерілуі тиіс ереженің өзі еленбейтінінде болып тұр. Жауапсыздықтың соңы қайғылы аяқталып жатса, өтемақының өзін толық қайтаруға құлқы жоқ. Ал сапасыз құрылыс пен қадағалаудың кемшілігінен материалдық шығынға ұшырағандарды айтпағанда, қаншама адам кемтар болып, қаншасы мәңгілік мекеніне аттанып жатыр. Өтемақысын қойшы, обалы кімге?