Осыдан тура 2 жыл бұрын қазақ руханиятына елеулі өзгеріс әкелген Аbai tv телеарнасының тұсауы кесілді. Мәдени-ағарту бағытындағы еліміздегі жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абай есімінің берілуі де тегін емес. Осыған орай, аз ғана уақыт ішінде көрерменнің көзайымына айналған телеарна директоры Азамат КЕҢЕСҰЛЫМЕН әңгімелестік.
– Аbai tv телеарнасының ашылғанына 2 жыл толды. Арнаның жұмысы пандемиямен арпалысқан қиын-қыстау кезеңде басталғанын білеміз. Осы уақыт аралығында арна алға қойған мақсатына жетті ме?
– Иә, Аbai tv телеарнасы адамзат тарихындағы ең бір қиын кезеңде ашылғаны рас. Бұл «байтал түгіл бас қайғы» болып жатқан заман болатын. Бірақ соған қарамастан Qazaqstan телерадиокорпорациясының басшылығы, министрлік, осыған жауапты орындардың барлығы «қиын кезде халыққа рухани тірек болатын құрал керек» деп, осы телеарнаны ашты. Менің ойымша, телеарна өз мақсатына жетті. Біріншіден, біз барлық мәдениет ошақтары мен мекемелерін, өнерді, тарихты, оның өкілдерін қайта жандандырып, жұмысына жан бітіріп, олардың қоғамға, елге керек екенін сезіндірдік. Екіншіден, адам шын мәнінде қиналған кезде жанына рухани демеу іздейді. Сол сәтте телеарна көрерменге керек дүниені бере білді. Сондықтан ашылған кездегі мақсатына Аbai tv жетті деп ойлаймын. Біздің телеарнаның шығармашылық топтары тек қана ірі қалалармен шектелген жоқ. Ауыл-аймақтардағы мәдениет ошақтарын, мәдени өмірді көрсету арқылы, тарихи орындарды, тарихты зерттеу арқылы халықтың рухын көтере білді. Мәдениеттің жаңғыруына атсалысты. Бұл телеарнаны ашу кезіндегі бастапқы мақсат болатын. Сол мақсатқа жеттік деп айтуға болады.
– Жалпы, Аbai tv арнасының көрермендері кім? «Қазір теледидар көретін көрермен саны азайып бара жатыр» деген түсінік бар. Келісесіз бе?
– Телеарнаның көрермені – белгілі бір интеллектуалдық деңгейі бар, өзінің өмірінде, дамуында жоғары мәдениет қажет деп санайтын азаматтар. Сондай-ақ мәдениет, өнер саласының өкілдері. Өйткені жалпы қауымнан бөлек, мәдени орта бар. Ол орта үшін де бәсекелестік тудыру керек, ол орта үшін ақпарат керек. Біз сол ортаның ақпаратын бір жерге тоғыстырып, жинап, оларға ұсына білдік. Одан кейін әдебиет әлемі бар. Қазіргі қым-қуыт жаһандану заманында осы салалар кенжелеп қалғанымен, мүлдем қозғалыссыз отырған жоқ. Біз сол саланың өсуін, дамуын көрсету арқылы насихаттадық, жігер бердік және тіреу болдық деген ойдамыз.
Теледидар көретіндер азайып бара жатыр деп айтсақ та, соңғы болған жағдайлар, пандемия мен Қаңтар оқиғасы кезінде интернет ресурстары қолжетімсіз болып қалғанда көмекке телеарналар келді. Негізгі және жалғыз ақпарат көзі радио мен теледидар болды. Осы жағдайлар дәстүрлі БАҚ-тың керек екенін дәлелдеді. Мониторингтік зерттеу орталықтарының мәліметтері қаралымның бірнеше он есе артқанын көрсетті. Қателеспесем, 22 пайызға дейін артқан. Мұны жарнама берушілер де растап отыр. Биыл телеарналарға деген жарнаманың көлемі де ұлғайған. Жарнама берушілер де жайдан-жай қызығушылық танытпайды. Олар көрермен санының өскенін, азайғанын қарайды. Сол динамикаға қарап, жарнаманың көлемін ұлғайтады. Жыл басынан бастап жарнама берушілер саны артқан. Осы жағдайлардан кейін үйге теледидар қоюшылар да көбейді. Бәрібір теледидар керек. Себебі әлеуметтік желіде дұрыс ақпарат та, бұрыс ақпарат та бар. Ал теледидар сүзгіден өткен ақпаратты жеткізеді. Мысалы, біздің Аbai tv халыққа керек, саф, таза, мөлдір деректерді ұсынады. Жауыздықты, агрессия мен дау-дамайды, талас пен біреуді кінәлауды ұсынбаймыз. Біздер шын дүниені, халыққа керек асыл дүниені таратамыз. Менің ойымша, теледидар осысымен құнды және осылай қала береді, жасай береді.
– Ал кейбір телеарналар ақпарат таратуда әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланып жүр. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы дәстүрлі медиаға әсер ете ме?
– Жоғарыдағы сұрақта атап өткенімдей, бәрібір теледидардың орны бөлек болып қала береді. Себебі телевизияда шынайы, тексерілген, анық, гуманизм нормаларына сәйкес келетін ғана ақпарат беріледі. Ал әлеуметтік желі біз үшін сол ақпаратымызды жарнамалаудың, таратудың құралы ретінде ғана пайдаланылады. Дәл қазіргі уақытта біздің телеарна әлеуметтік желі ресурстарын осы бағытта қолданып отыр. Арнаның арнайы SMM менеджері бар. Бағдарламаны көрсету үшін, көбірек қарау үшін әлеуметтік желілерді жарнамалық мақсатта пайдаланамыз. Әрине, қазір халықта клиптік ойлау, қысқа дүниелерді көру қалыптасқан. Біз хабардың ішіндегі ең үздік моменттерді, озық ойларды қиып, әлеуметтік желіге салып отырамыз. Сол арқылы хабардың теленұсқасын көрермен көре бастайды. Біз қажет десеңіз, желіге сапалы, таза өнім салып отырмыз.